Бір жігіттің фамилиясы Көтентаев болатын...

12.04.2018
Қаралды: 699

«Замана» газетінің өткен аптада жарық көрген нөмірінен «Елімізде 1 Атазаң, 1 Бәйдібек ЭКСПО, 13 Теңге, 82 Саммит өмір сүріп жатыр» деген мақаланы оқып, терең ойға қалдым. Тіпті таңқалдым. Өйткені ата-бабаларымыздың перзентіне ат қоярда немкеттілікке бармағаны белгілі ғой.

 

Біздің қазақ «елге танымал, жақсы адамның қасиеті жұғысты болып, киелі жанның рухы желеп-жебеп жүрсін» деп ырымдап, ұл-қыздарына барынша жақсы есім қоюға тырысқан. Тек перзент көре алмай жүрген жандар ғана «көз тимесін, әйтеуір тірі жүрсе болғаны» деп ырымдап, құлаққа тосындау естілетін ат қойған.

 

Сондай-ақ көп адамдардың перзентіне ат қоярда «есімі мұсылманша болсын» деп Құран ашатыны да бар. Бұл туралы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Перзенттеріңе көркем есім қойыңдар», – деді емес пе? Ал қазіргі заманда кейбір адамдар бұл іске немкетті қарайтын секілді.

 

Менің Оңғар есімді замандасым әрі көршім бар. Үйіме қонақ келсе, оны да дастархан басында бірге болуға шақырамын. Оның бір әдеті: таныстық барысында есімін атаған жаннан ол аттың не себепті қойылғанын және қандай мағынасы барын міндетті түрде сұрайды. Осындайда көп адамдар өз атының шығу төркінін мақтанышпен айтса, енді біреулері «кім біліпті...» деп күмілжитін.

 

Студент кезімізде бір жігіттің фамилиясы Көтентаев еді. Өзі Кутентаев деп айтатын. Онымен әзілдескен қатарластары: «Сен фамилияңды бұрмаламай, таза қазақшалап айт», – деп өздері анықтап, буынға бөліп-бөліп, нықтай айтып беретін. Бұндайда намыстан өртене қып-қызыл болған жігіт әлгілерден қашып, орыс тобында оқып, солармен бірге жүретін.

 

Ұлдарымызға қойылған бүгінгі есім, Құдай қаласа, ертең немерелеріміздің, шөберелеріміздің фамилиясына айналады. Сол кезде олар да намыстанып жүрмесін. Міне, сондай болмас үшін балаға ат қоюға немқұрайды қарамайық!

 

Мен өзім 1990-жылдары туылған немеремнің есімін Ислам деп қойғанмын. Бұны естіген құрдастарымның бірі: «Дереу Өзбекстан Президенті Ислам Каримовке телеграмма салып, хабарла. Сонда ол риза болып, қомақты сыйлық береді», – деген еді ақылын айтып. Бірақ мен немереме ол атты Ислам Каримовты емес, дін Исламды құрметтеп қойғанымды айттым.

 

Сөзімнің қысқасы – ойланайық, ағайын! Балаға ат қоярда оның мән-мағыналы болуын, түсінбестік, күлкі-мысқыл шақырмайтындай, жөн-жосыққа сай келерін ойланайық дегім келеді.  

 

Бөріхан қажы БАЙМҰСАҰЛЫ.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ