Бұл өмірде жақсы адам қалмаған ба?

12.04.2018
Қаралды: 160

Көктем келгелі аула тазалау, көшет отырғызу секілді жұмыстармен далаға шығып, көрші-қолаңмен жиі-жиі көрісетін болып жүрміз. Әйтпесе қыс бойы ұйқыға кеткен аюға ұқсап жылы жерде отыр­ғанбыз ғой. Сонымен тірлік істеп жүріп өз ауласында күйбеңдеген көршімен амандасып, әрі қарай әңгіме қызып кетеді.

 

Негізі мен мұндайда істейтін шаруаларымның басымнан асып жатқанын іштей ойлап, тықыршумен боламын. Бірақ әңгіме­лескісі келіп тұрған көршінің де көңіліне қарау керек.

 

Ал көршілерім айтатын әңгіменің тақырыбы әртүрлі. Бірі ауылымызда болған қылмысты оқиғаны майын тамыза айтпақ болып бастап келе жатыр еді, жүрегім ауыратынын білдіріп, оны тоқтатып қойдым. Екіншісі ауруы жайлы тәптіштей айтып, уақытымды ұрлады. Әңгімесі жақпаса да кісінің сөзін бөлмей тыңдайтын әдетіме басып, аяғына дейін тыңдап, бірер кеңес бердім. Ол айтқандарымды естіді ме, жоқ па, білмеймін, әрі қарай тірліктен шаршағанын, биыл бақшалығына егін егіп, оған қарауға денсаулығы көтермейтінін айтты.

 

Тағы бір күні үшінші көршім үйін үлкейткісі кеп жүргенін, олай етейін десе күйеуінің жап-жақсы табысын туыстары жырымдап сұрағыштайтынын, ал оның ақкөңілденіп бере салатынының кесірінен әлі күнге үйлерін толық бітіре алмай жүргендерін айтты. «Бар кезінде беріп, туыстардың көңілін аулап тұрған да жақсы ғой. Біз әйел болғасын үйдің қамын ойлаймыз да бірақ», – деп оны да қостап қойдым.

 

Өз шаруаларымен бас сұққан тағы бір көршім күйеуінің ішкен кездегі мінезін, оған бала-шағасы мен өзінің реакциясын айтты балаларымның көзінше. Арасында анайы сөздері де бар. Балалар отыр десем, аңғармайды, қызып кеткен, тоқтай алмайды.

 

Кейін оңаша қалғанымда бала кездегі аналарымыз айтатын әңгімені есіме алдым. Айналшықтап қастарынан кетпей, әңгімелерін тыңдаушы едім. Біздің үйге де көрші-қолаң әйелдер кіріп, әңгіме айтысатын. Бірақ тақырыптары қазіргідей емес, өзгешелеу.

 

Бір көршіміз келін болып түскенде кәрі әжесі болғанын, сол кісінің бала секілді сенгіштігін көп айтатын. Әлгі әжей жастау кезінде бауырсақ пісірейін деп қазанға май құйғалы жатса, қалжыңдап, ойнап жүретін қайнысы келе қалыпты да, жеңгесіне керосинге пісірген бауырсақтың ерекше дәмді болатынын айтыпты. Көңілінде кірі жоқ, «Мұсылман айтса, сен» деген, күдік-күмәннан ада жеңге шынымен қазан­ға керосин құйып, астына от жағып жатыр екен, қайнысы қайтадан келіп қалып: «Жеңеше-ау, өртеніп кетсең қайтесің? Мен ойнадым ғой», – деп дереу қазанды оттан түсіріпті дейді. «Сонда өртеніп кетпей, аман қалғаны көңілінің кіршіксіз тазалығынан екен ғой. Әулие еді ғой, жарықтық», – деп отыратын. Анам да, апам да біреулерді аузының суы құри мақтап, сөзінің соңын: «Сүйегі асыл, өздері әулие бұрынғының адамдары ғой бұл кісілер», – деп аяқтайтын. Сонда мен бала көңіліммен әулие болсам ғой деген қиялға берілуші едім. Аналарымның әңгімесі мені сондай арманға жетелейтін.

 

Ал қазіргі біздің әңгімеміз балаларымыздың арман отын жаға ала ма? Әңгімеміз күнделікті күйбің тіршіліктен әрі аспаса, оны естіп өскен баладан қандай үміт күтеміз? «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» демекші, сөзімізді түземесек, тыңдаушы – балаларымыз қайдан түзелсін?

 

Біз – әрқайсысымыз бала тәрбиелеп отырған, мойнымызда соларды адам ету парызы тұрған ата-анамыз. Сондықтан «қабырғада да құлақ барын» ескеріп, көрші-қолаң, дос-жаран, туысқанмен әңгімелескенде, дастархан басында болсын, тәлімді әңгіме айтып үйренейікші. Балалар біздің әңгімемізді тыңдамайтындай, ойнап жүргендей болып көрінгенімен, олардың құлағы түрік жүреді. Оны балаңызбен әңгімелескенде байқауға болады.

 

Тағы бір нәрсе – осы біз кісінің кісілік қасиетін көру, сезіну, оны өзгелерге үлгі етіп мақтау дегеннен жұрдай болып барамыз. Тек кемшілікті көретін болғанбыз. Кісіні жамандағанда алдымызға жан салмаймыз. Сонда жер бетінде жақсы адам қалмағаны ма?

 

Г. СҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ