Бақұл болыңыз, ардақты Ізет апа!

13.04.2018
Қаралды: 403

Ақиық ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың аяулы әпкесі, Төлеби ауданындағы Қасқасу ауылының тұрғыны болған ардақты жан – Ізет апа өмірден озды.

 

Ізет апаның есімі көпшілікке белгілі. Сүйікті әпкесін Мұхаң аузынан тастамайтын, жыл сайын өзінің туған күнін ол кісі тұратын Қасқасу ауылында өткізетін. Сол мерекеге қатысқан жұртшылық ақынның туыстары, рухани достары бас қосқан жиыннан өзгеше әсер алып, оны өзгелерге де айта жүретін еді.

 

«Замананың» қызметкерлеріне де осындай туған күндердің бірқатарына қатысудың сәті түскен. Соның бірі – 2009-жылы шілде айында Қасқасудың бойындағы «Бүркіт ұя» шатқалының маңында өткізілген туған күн мерекесі. Осы бас қосуда Ізет апа өздерінің отбасы жөнінде, інісі Мұхтардың бала кездегі қызықтары туралы айтып берген. Бір әкеден өмірге 14 бала келгенін, содан інісі екеуі ғана өсіп-өнгенін, Мұхтардың амандығын күні-түні тілеп отыратынын әңгімелеген еді.

 

«Мен  ардақты әкеміздің жақсы атын бүкіл әлемге танытқаны үшін бауырыма шын жүректен ризамын. Құдайдан оның амандығын күндіз-түні тілеп отырамын», – деген болатын ол кісі.

 

Сол кезде Ізет апаның жасы 90-да болатын. Үш ұл, үш қызынан 30-дан аса немере-шөберелер сүйіп, ұрпақ қызығын көріп отырған апаның ширақтығы, айтқан ғибратты әңгімелері талайды сүйсіндірген.

 

Осындай тағы бір бас қосуда Мұхаңның өзі де: «Бұл кісі мен үшін ең қымбат, қимас жан. Менің не істеп, қайда, қандай жұмыспен айналысып жүргенімнен үнемі хабардар болып отырады. Осы жақта менің тілеуімді тілеп жүреді. Маған қатысты бұрын орын алған оқиғаларды да еш ұмытпайды. Кейде тіпті өзімнің есіме салып отырады. Осы тамаша адамның барлық жағдайын жасап, ерекше күтіп, сыйлап жүрген келініне де шын жүректен ризамын», – деп ағынан жарылған еді.

 

Енді,  міне, бір ауылдың анасындай болып жүрген сол Ізет апа да өзінің өмір жолын аяқтап, мәңгілік мекеніне бет бұрыпты. Ізет апаның жасы 102 жас деп қойылды. Құдайым ол кісінің алдын жарық, иманын жолдас етсін дейміз. Ізет апа артында жақсы атын қалдырды, ізін жалғайтын өнегелі ұрпағы бар. Осыны медет етіңіз, берік болыңыз, Мұхтар аға!

 

Біз ардақты бауыры – Ізет апаның өмірден өтуіне байланысты ақиық ақын Мұхтар Шахановқа және ол кісінің барша туған-туыстарына, апаның ұл-қыздарына, немере-шөберелеріне қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Марқұмның жаны жәннатта болғай!

 

«Замана».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ