Мұхтар ШЕРІМ: «Әзілдерімнен өздерін танып, өкпелейтіндер бар»

13.04.2018
Қаралды: 979

Бүгінде қазақ сатирасының жоғын жоқтап, ұшқыр қаламы мен өткір тілінің арқасында қоғамдағы кез келген мәселені тайсалмай ашып жүрген жазушы-сықақшы Мұхтар Шеріммен 1-сәуір – Күлкі күніне орай сұхбаттасудың сәті түсті.

 

–  Мұхтар мырза, Күлкі күні құтты болсын!

 

–  Рахмет! «Күлкі күнінде» Ақтөбе қаласында «Күлейікші, Мұхтар-ай!» атты шығармашылық кешім өтіп, көңілді бір демдеп отырған жайым бар. Оны сол жақтағы «Екі езу» сатира театрының жетекшісі Нұрлыбек Жұбат­қан бауырым ұйымдастырды. Алғашқыда іштей қобалжығаным рас, зал толмай қалатын шығар деген күдік болды. Сөйтсем, оным бекер екен. Залда ине шаншар орын болмады. Лық толды. Форматы да ерекше болды. Төрге шықпадым, көрермендер қатарында отырдым. Менің балалық шағымнан, ләңгі ойнаған күн­дерімнен бастап қазіргі кезге дейінгі өмірімді әртістер әзілмен көмкеріп сахналап берді. Қысқасы, ерекше бір кеш болды. Нұрлыбек шәкіртіме көп рахмет, Ақтөбе облысының әкімі Бер­дібек Сапарбаевқа да алғысым шексіз! Б.Сапарбаев Оңтүстікті басқарған тұста да әдебиетке, мәдениетке жанашырлық танытқанын, өнер адамдарына пәтер тарту еткенін көпшілік ұмытпайды. Бұл жолы да мені қуантып, бір марқайып қалдым.

 

– Былтыр желтоқсан айында 60-қа толдыңыз. Ақтөбелік оқырмандарыңыз, жанашырларыңыз соны да ескерген болар. Ал енді өзіміздің Оңтүстікте мерейтойыңызға орай қандай да бір іс-шара ұйымдастырылатын шығар?

 

– Мен 60 жасқа былтыр, 12-жел­тоқсанда  толғанмын. Бірақ қазақта «Туған күнді дәл сол кезде тойламау керек» деген секілді ырым бар, оның үстіне желтоқсан жылдың соңы болғасын өзімді биыл 60 жасқа толдым деп есептеймін. Яғни алдағы желтоқсан айына дейін мен 60-тамын.

 

Ақтөбеліктер мұны да ескеріпті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың, мәдениет басқармасының, Қазақстан Жазушылар одағының су жаңа басшысы Ұлықбек Есдәулет ағамыздың Алғыс хаттарын, құттықтауларын шығармашылық кеш барысында табыстады. Өте риза болдым.

 

Ал енді мерейтойды, шығармашылық кешті туған жерде өткізу мәселесін әлеуметтік желі арқылы оқырмандар жазып жатыр. «Бұл қалай болды?» дегендер де жоқ емес. Әйтсе де өзі­міздің Оңтүстік әзірге тым-тырыс. Шымкент шырт ұйқыда.

 

Менің бала кезден қалыптасқан бір жаман әдетім бар, біреуге жағымпаздану, жағыну, «мен пәленге толдым» деп өзімді жарнамалау дегенге жаным қас. Ал қазір өзің емеурін білдірмесең ешкім сенің жоғыңды түгендеп бермейді, тамыр-таныс жағаламасаң тірлігің бітпейді. Сондықтан мен ешкімге өкпелемеймін.

 

Ақтөбедегі облыстық телеарна тікелей эфирге шақырып, сұхбат алды. Ол кісілер де осы сұрақты қойды. Бірақ оларға білдірмей, тігісін жат­қызып жібердім. Туған жерін, елін жамандағанның оңғанын көрген жоқпын. Ондай адам өспейді. Сондықтан бәріне ризамын. Бастысы, оқырмандарым, мені іздеп, жағдайымды сұрап тұратын жан-жақтағы кісілер аман болсын!

 

– Жаңа бір сөзіңізде «ләңгі те­уіп жүрген кезім» деп қалдыңыз. Сатираға, әдебиетке деген құмар­лығыңыз сол кезде басталып па еді?

 

– Мына шығармашылықта жүрген кейбір кісілердің сұхбатын оқысаң бесіктен белі шықпай жатып өлең жаттағанын, кітап оқығанын айтады. Мен олай өтірік айта алмаймын. Сегізінші класта оқып жүрген кезімнен басталды бәрі. Ауылымызда Әлима деген науқас әйел бар еді. Науқас дегенде, есі кіресілі-шығасылы адам болатын. Бір күні алба-жұлбалау киініп алып, сол Әлиманы салып, көрші үйге бардым. Олар мені таныған жоқ, шын Әлима екен деп ойлады. Не керек, әйтеуір Әлиманың рөлін «жақсы» ойнап, ерлі-зайыпты көршілерді бір-бірімен араз ғып кеттім. Олар бұған имандай сенді. Балалық қой, сенгендеріне мәз болып үйге келдім. Оны естіген әкем бір қой сойып, көршілерді тамаққа шақырып, айыбымды өтеп бергені бар. Сол кездегі ауыл адамдары да аңғал болған екен-ау.

 

Сол оқиғадан кейін «Әлиманың әлегі» деген әңгіме жазуға кірістім. Оны сол бойда аудандық газетке жолдадым. Бір аптадан кейін газетті ашып қалсам, әңгімем тұр. Қайта-қайта оқимын қуанып. Кейін оны апайыма, кластастарыма көрсетіп, риза болғанмын. Алғашқы қадамымыз осылай болған еді. Міне, содан бері сатираға адалмын. Антымды бұзбай келе жатырмын. Кейбір сатириктер секілді орта жолға келгенде «мықты» композитор немесе ақын болып кет­педім.

 

– Қазір не көп, сатира театры көп. Бірақ солардың көбінің әзілде­ріне күлкіміз келмейді. Керісін­ше, кейбір әзілдер тіпті жиіркеніш туды­рады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

 

– Сатира театры көп екені рас. Көбейсін. Бізге ол көптік етпейді. Қайта оған қуану керек. Бірақ санға емес, сапаға да жұмыс істеуді театр жетекшілері ұмытпауы тиіс. Ал енді кей әзілге сіздердің неге күлмейтін­деріңіздің себебін айтайын ба? Ол былай: театр әртістері авторлар жаза алмайды деп жүр. Ендеше, авторлардың жазғанын сахнаға лайықтап, әр беріп, көрерменге ұсыну театр режиссерінің жұмысы емес пе? Бұл жағдайға келгенде олар авторларға қаламақы төлегісі келмейді. Қиналады. Сөйтеді де орыстың, өзбектің, қырғыздың сатиралық қойылымдарын ұрлап, қазақшаға аударып, соны ұсына салады. Ойдан-қырдан алынған дүние­нің татымы болмайтыны содан.

 

– Сіз соңғы кездері саяси әзіл­дерге басымдық беріп, қалам тербеп жүрсіз. «Ыстық жиналыс» секілді жазбаларыңыздан өзін-өзі танып, сес көрсеткендер болды ма?

 

– Сес көрсету, ескерту деген болмады. Бірақ бір қызықты айтып берейін. Таяуда әкімнің есеп беруі туралы жазбамды әлеуметтік желіге жарияладым. Содан бір шенеунік звандап: «Облыс әкімі есеп беріп жатқан тұста мына жазбаңыз сәл ыңғайсыздау болды. Ұят болмай ма?» – дегендей әңгіме айтты. Сосын мен оған: «Бұл фельетон емес, жай ғана әзіл әңгіме ғой. Ол жерде біреудің аты аталып, түсі түстеліп тұрған жоқ», – деп түсіндіріп едім, мәз болып қалды.

 

Ал өзін-өзі танитын кісілер жетерлік. Ондайлар бар. Осы бірер күн бұрын ғана жалпылдап амандасып жүрген кісілер екінші кездескенде теріс айналып кетіп қалады. Алғашында бұған не болды деп ойланамын. Кейіннен жазғаным есіме түседі де: «Е-е, өзін таныған екен ғой», – деп мырс ете­мін. Кейбіреулер таныстарыма мен туралы жазыпты ғой деп өздері айтады екен.

 

–  Сіз Жазушылар одағының мүшесісіз. Өткенде құрылтайына қатысып, біраз жағдайды көріп келдіңіз. Таяу күндері осыған қатысты да бір өткір шығарма жазатын шығарсыз? Жалпы, жұрт зиялы қауым деп танитын кісілердің өзара қырқысуына қатысты қандай пікір білдірер едіңіз?

 

– Құрылтайда болған жағдайдың әзілге сұранып тұрғаны рас. Жуырда жазамын деп отырмын. Жалпы, кейбір атағы аспандап тұрған жазушылардың бір-бірімен қырық-пышақ болып қырылысуы менің үйдегі екі кішкентай баламның ерегісіне ұқсап кетеді. Меніңше, сын айтасың ба, оның ата-бабасына тиіспей-ақ, нақты кемшілік­терін атап, шұқып көрсетіп айт. Жұ­мысын сына, кемшілігін айтып, жерден алып жерге сал, сілкілеп ал, шегеге іліп қой, бірақ оның әлдеқашан қайтыс болып кеткен атасының атын мазақ ету тіпті ұят нәрсе деп есептеймін.

 

–  Енді сіздің тұрмыс-тіршілігіңізге, отбасыңызға ойыссақ. Жеңгеміздің жағдайы қалай? Балаларыңыз өсіп қалған болар?

 

– Құдайға шүкір, бәрі жақсы. Әйелім, үш балам бар. Балалар өсіп жатыр. Әйелім менен 32 жас кіші болса да жағдайымды, жай-күйімді жақсы түсінеді. Шығармашылығымды сүйіп оқиды. Әрда­йым демеу болып жүреді. «Ақыл – жастан» дегендей көп нәрсені біледі, ақыл қосып отырады.

 

– Сіздердің жас айырмашылықтарыңыз тұрмыста қандай да бір кедергісін тигізбей ме? Араларыңызда қызғаныш, түсінбестік деген нәрсе бола ма?

 

– Қазақта «Үш күннен кейін көрге де үйренесің» деген сөз бар ғой. Біз бір-бірімізге әбден үйренісіп кеткенбіз. «Сіз» дегені болмаса кәдімгі құрдастарша қалжыңдасамыз. Қызғаныш деген атымен жоқ. Жеңгелеріңіз ағайын-туыспен де сондай қарым-қатынаста. Туыстардың тойы онсыз өтпейді. Абысындарымен де ақылдасып, бар ша­руаны ұршықша иіріп отыр. Меніңше, бұл адамның өзіне байланысты болса керек. Болмады демеймін, алғаш­қы кезде бізде де қиыншылық болды. Арамыз­ға от салғысы келетіндер де табылды. Бірақ жеңгелерің оның бәріне түсіністікпен қарады. Төзе білді. Себебі тұрмысқа шығуды ол саналы түрде қабылдады. Анасының ақ батасын алып, сол кісілердің ризашылығымен босағамнан аттады.

 

– Қазір қандай да бір кәсіппен айналысасыз ба? Күнкөрісіңіз қалай?

 

– Барлық газеттерге жазып тұрамын. Автор ретінде атсалысамын. Со­дан кейін театрлардан ұсыныс түседі. Солармен бірлесе жұмыс істеп, қаламақы аламын. Жалпы айтқанда, осы шығармашылықтың арқасында нан тауып жүрміз. Біреуден кейін, біреуден ілгері өмір сүріп жатқан жайымыз бар.

 

– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге көп рахмет, асқаралы жасыңыз құтты болып, абыройыңыз арта берсін!

 

Сұхбаттасқан – С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ