Қазақты жікке бөлетіндердің жүзі күйгенін тілеймін

12.04.2018
Қаралды: 740

«Ата-атаға, ру-руға, жікшілдікке  бөлінбеңдер. Біз  ара  жігі  мәңгі  ажырамас, қарға  тамырлы қазақпыз ғой», – деп сырттай  айтқандары болмаса, іштерінде бықсып  жатқан шаласы бар, жымысқылау келген  ақсақалдарды көргенде еріксіз  бас  шайқайды  екенсің. Өкінішке орай, ондайлардың қарасы  арамызда  аз  емес. Шыққан  тегіңді  жіліктеп  беруге келгенде қашан да әзір олардың күс  басқан саусақтары әлі де бүгіліп-жазылып  рушылдықтың отын маздата жағудан бір  танбай келеді. Оған  мысал керек  дейсіз бе, дәлел  керек  дейсіз бе, бірінен соң  бірін баяндап беруге мен әзірмін.

 

Аудандағы атағы дардай бір мектепте мұғалім болып істейтін жерлесім әрі сырлас досым түс кезінде үйіне құдайы тамаққа шақырды. Белгіленген уақытта барсам, шақырылған  адамдар  жиналып, тамаққа енді қол салғалы жатыр  екен. Есікке  жақындау отырған екі-үш кісі  сығылысып  араларынан маған  орын  берді.

 

Содан палауды жеп болып, шай ішуге кірістік.  Бізге орта бойлы, толық денелі, жасы  шамамен 60 – 65-тердегі кісі  шай құйып беріп отырды. Жылдам қимылына, мысқыл аралас сөзіне қарағанда, өзі менің досыма құдайы көрші сияқты. Әрине, оның көршісіне  деген ниетіне, жасаған қолғабысына риза болып отырсам да  бір саусағын бүге түсіп, әңгіме барысында әр руды бір айтып, одан қанша атақты адамдар шыққанын талдап, жіліктеп отырған әрекетін  жақтырмағаным анық. Бір кезде ол қасында  отырған досымнан:

 

– Мына  баланы  танымадым. Бұл  қай  жақтың  баласы? Руы  кім? – деп сұрап, мені  саусағымен нұқып  көрсетті.

 

– Екеуіміз ауылда, бір мектепте оқығанбыз.  Қазір  облыс  көлеміне  тарайтын  «Нұршуақ»  газетінің редакторы болып  қызмет  атқарады, –деді досым  мен  туралы  «данныйды»  толығырақ  беріп.

 

– Редактор  дейді... Значить,  бәлеқормын  десейші, – деп ол кісі сол жерде  отырғандарды ду күлдірді. Жасы үлкен  болған соң  баласынып қалжыңдап айтқан шығар деп мен де қосыла күліп, оның сөзіне онша мән бермедім. Әйтсе де менің үндемей қалғанымды өзінше мұқаттым деп түсінген ол кісі енді маған ашық тиісе бастады. Шай құйылған кесені ұзағырақ ұстап тұрып:

 

– Ана газетке  жазғыш бәлеқорға  ұзатыңдаршы, – деп жымысқылана күліп  жатты.

 

Жүйкеме тиіп жатқан қорлау сөздерге қашанғы шыдап отыра берейін?

 

– Дұрыс  айтасыз, ағасы, – дедім  даусымды  қаттырақ  шығарып. – Бізді  кей  жұрттың түсінбей, «бәлеқор деп атайтыны рас. Өйткені біз ойымызды ешкімнен именбей,  газе бетінде ашық айтамыз. Сол қатты айтылған  шындықтың биік креслода отырған біреулерге  жақпай қалуы да ғажап емес. Құдай тасада тұрып тас ататын бәлеқордан сақтасын!

 

Байқаймын, менің бұл сөздерім әлгі кісіге  оңбай соққы болып тиді-ау деймін. Өйткені өзінен-өзі түтігіп, үндей алмай қалды.  Содан  кейін мені қайтып мазалаған жоқ.

 

Үйден шыққан соң досым:

 

– Ой, маладес! Жақсы айттың  ғой. Жұрттың бәрі  саған ырза болып қалды, – деді.

 

Досымның айтуынша, нағыз бәлеқор әлгі адамның өзі екен. Сүттей ұйып отырған елдің берекесін кетіріп, әр руды бір-біріне айдап салғыш белсендінің нақ өзі көрінеді. Кезінде  адал қызмет атқарып жүрген талай басшылардың үстінен Мәскеуге бұрқырата арыз жазған нағыз арызқойдың өзі болып шықты.

 

...Иә, халқымыздың өресін өрге бастырмай, адамдардың бір-біріне қырғиқабақ қарауына себепкер болатын қауіпті дерттің өзі осы емес пе? Ендеше, менің тілегім: өзі аз қазақты та­рыдай шашыратып, жіліктеп, бөлектеп жүргендердің жүздері күйсін!

 

Орынтай КӨМЕКОВ.

Түлкібас ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

  

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ