Балмұздақтан шыққан шу

10.04.2018
Қаралды: 402

Шымкент қаласында ки­оскі­ден құймалы  бал­мұздақ жеген адамдар «өт­кір ішек ауруы», «жедел гастроэнтерит» диагнозымен қалалық жұқ­палы аурулар ауруханасына  жатқызылды. Зардап шеккен­дердің жалпы саны – 185, олардың 97-сі  ем қабылдап,  үйіне шығарылды.

 

Бүгінде осы жағдайға байланысты санитариялық-эпидемиологиялық тексеру жүргізілуде. Тексеру барысында анықталғаны – медициналық көмекке жүгінген науқастар өздерінің бұл халін «Южное» кафесінің киоскі­сінен жұмсақ құймалы балмұздақ жегендігімен байланыстырады. (Жалпы, балмұздақ сататын киоск эпидемиологиялық маңыздылығы елеусіз нысандар қатарына жатады). Тексеру ке­зінде киоскіде санитариялық нор­малар мен ережелердің өрес­кел бұзылғандығы анықталды.

 

Кәсіпкер тарапынан ҚР «Рұқ­саттар және хабарламалар туралы» Заңының талаптары бұзылып, өз жұмысын бастағаны туралы аумақтық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хабарлама берілмеген. Жұмсақ балмұздақ қоспаларын дайындайтын орын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтін тұрғын үйдің жеке бір ғимаратында дайындалып, полиэтиленді ыдыстармен тасымалданады. Барлық өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары жоқ. Тек бір ғана құрғақ сүт өніміне мерзімі өткен құжат ұсынылды. Балмұз­дақ қоспасы арнайы талаптарға сай автокөлікпен емес, кәсіпкердің өз жеке автокөлігімен тасымалданады. Барлығы 5 қыз­меткер жұмыс істейтін болса, олардың 4-еуінің  міндетті меди­циналық байқаудан өткендігі туралы кітапшалары жоқ. Залалсыздандыру жұмыстары жүргі­зілмейді. Бұдан басқа да кемші­ліктер орын алған.

 

Тексеру барысында микробио­логиялық тексерулерге  балмұз­дақ қоспасын дайындайтын жеке тұрғын үйден және сататын киос­кіден зерттеуге 25 тағам сы­на­малары алынды, оның 24-і – оң нәтижелі. Құралдардан және қызметкерлердің колынан 50 гигиеналық сүртінді алынды, оның 8-і – оң нәтижелі. Физикалық –химиялық зерттеулерге 6 тағам өнімдерінің сынамасы алынған. Олардан оң нәтиже жоқ. Сондай-ақ қызметкерлерден ішек инфекциясының тасымалдаушылығына сынамалар алынды, олар тексерілу үстінде.

 

Анықталған кемшіліктер бойынша нысанның жұмысын уақытша тоқтату туралы қаулы шы­ғарылып, сотқа талап-арыз жол­данды. Департамент тарапынан  облыс аумағындағы жұм­сақ құймалы балмұздақ сататын кәсіп­керлер арасында санитариялық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Оқиға орын алған нысанда сани­тариялық-эпидемиологиялық тексеру жалғасуда. 

 

Оңтүстік Қазақстан облысы қоғамдық

денсаулық сақтау департаменті.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ