Анасын буындырып өлтірген бала

11.04.2018
Қаралды: 494

Өткен аптада Талдықор­ғанда орын алған мына оқи­ға естіген жанның тө­бе құйқасын шымырлатты. Бұл қай­ғылы да қорқынышты жағдай бүгінде әлеуметтік желілерде де қызу талқылануда.

Рет-ретімен баяндайық.

 

Өлтіруге не себеп болды?

 

«Гүлназ Омарғожина 20-наурызда ғана 43 жасқа толды. Ал бес күннен кейін оны өз баласы – Тал­дықорған қаласындағы Ломоносов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы буындырып өлтірген.

 

Талдықорған қаласындағы облыстық нарко­ло­гиялық диспансерде бүгін өзгеше тыныштық. Бұл емдеу ме­кемесінің ұжымы кеше өздерінің әріп­тестерін – жайсаң жан, мейірімді ананы ақтық-мәңгілік сапарға шығарып салды.

 

«Ол осы мекемеде 23 жыл еңбек етті, көпшілігіне әпкесіндей болып кеткен жан болатын. Оны пациенттер де жоқтап жылады. Өйткені Гүлназ өз ісінің нағыз кәсіби шебері, өте білгір медициналық маман, өте жа­уапты, түсінігі мол жан еді. Оның қазасы жанымызға қатты батады», – дейді марқұмның әріптестері.

 

Олардың айтуынша, марқұмның отбасында үш адам болған екен: анасы (өзі), ұлы мен Мәдина атты қызы. Үйінің үлкені Мәдина Алматыдағы бір жоғары оқу орнында, ал ұлы мектепте оқиды екен. Қызының оқу ақысын төлеу үшін Гүлназ негізгі жұмысынан бөлек ақылы клиникада медбике болып жұмыс істепті. Түнде облыс орталығындағы бір институттың еденін жуатын.

 

Мұндағылардың ешбірі оның ұлы жайлы да жаман пікір айта алмайды. Жасөспірім олардың көз алдында өсіпті. Тыныш. Сабағын жақсы оқитын бала еді деседі. ҰБТ-ға дайындық кезінде соңғы тестте 100 балл жинаған көрінеді.

 

Сол қаралы күні жасөспірім анасының ұйықтағанын күткен. Сосын оны қос қолымен буындырған. Сосын демі үзілді-ау дегенде жүрегіне үш рет пышақ сұғып, мойнын кес­кілеген. Жан түршігетін әрекетін аяқтап болған соң  жуынып-шайынып, ком­пьютерлік клубқа жөнепті. Ол жақтан оралған соң қаннен-қаперсіз ұйқыға жатқан. Таңертең тамақтанып алып, анасының денесіне ас содасын сеуіпті. Аулада біраз уақыт серуендеген. Ал кешкісін өз еркімен полицияға барады. Жасөспірімнің адам, адам бол­ғанда да өзінің туған анасын өлтір­генінің себебін естігенде талай сұмдықты көрген құқық қорғаушылардың өздері сөз таппай қалыпты.

 

– Әшейін... Адам өлтірген кезде қандай әсер болатынын сезінгім келді. Ал үйде анамнан басқа ешкім жоқ еді, – депті ол бала.

 

Қазір адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Өмір – жалған! Жатқан жерің торқа, иманың жолдас болсын!

* * *

...Бірнеше сайтта жарияланған бұл жазбаны оқыған жұрт жаға ұстады. Көпшілік, тіпті Ресей, Қырғызстан, Украина азаматтары да оны жапа-тармағай өз парақ­шаларында бөлісіп, таратып, пікірлерін қалдырып жатты. Қысқасы, қатігез ұлдың қылмысына шошынбаған адам жоқ. Аялаған анасын алаңсыз арғы дүниеге аттандыр­ған ұлдың бұл әрекетін әркім әртүрлі жорыды. Арасында ой салатын пікірлер де бар.

 

Тимур Момын: Адам көрген нәрсесін істегісі келеді ғой. Егер атысу, пышақтау, өлтіруді көп көрсе, адамның жүрегі қатайып, мейірімсіз болады. Ал егер ол өлімдер байлыққа, билікке жету немесе жай қызық үшін болса, онда қатігездік одан артық күшейеді. Бұл Батыс капитализмінің тынымсыз беріп жатқан бұзық пікірлерінің нәтижесі.

 

Рахима Садықова: Осындай қорқынышты, жағымсыз жайларды көп­шілікке жария етудің қажеті қанша? Жазған, көрсеткен сайын мұндайлар сұмдық көбейіп бара жатыр ғой. Әркім өзінше батыр болғысы, көзге түскісі келеді. Сондықтан мұндай оқиғаларды жария етпеген жөн. Қалғанын құқық қорғаушылар өздері анықтап, тексере жатар.

 

Каролина Лорак: Мұның бәрі қарғыс атқыр қатігез ойындардың әсері! Біздің бала кезімізде күн ұзақ аулада доп теуіп, балшықтан үй соғып ойнаушы едік. Қазіргілер  үйден сыртқа аттап баспағанымен интернеттен шықпайды. Онда қайбір жөні түзу ойын бар дейсіз? Өңкей атыс-шабыс. Көрген-баққаны сол болған баланың санасы уланбағанда қайтеді?

 

Мұрат Байжұманов: Мұндай балаларды сол жерде атып өлтіру керек! Өлтіру мен өлуді өзі сезініп көрсін! Сосын тозақта айтып береді.

 

Калерия Ахмедоглу: Компьютермен уланған тағы бір есалаң...

 

Эльвира Ибраимова: Мейірім мен махаббат жетпегеннің белгісі. Отбасында дұрыс тәрбие берілмеген: анасы күндіз-түні жұмыста, балаға көңіл бөлуге уақыты болмайды. Өзімен-өзі қалған баланың санасын жын жайлайды да.

 

Роман Мареманов: Мұндай қа­ныпезерлерді жұрт көзінше дарға асу керек!

 

Айдын Қарбаев: Мүмкін отбасында өте қатаң талаптар мен шектеу­лер болған шығар. Өзі ұнатпаған мамандықты таңдауға мәжбүрлеп, жаны қаламаған салаға сүйреген болар? Әлде тым қатты әлдилеп, асыра еркелетіп жіберді ме екен? Айтқанының бәрін екі етпей орындап, бетімен жіберген болуы да ықтимал...

 

Едіге Есіркепов: Қазір көп адамның ішінде жын бар екені даусыз. Өзінің не істеп қойғанына есеп бере алмай қалады да, кейіннен барып өкінеді. Бұл Құранда анық жазылған.

 

Сұлушаш Қалиева: Жатқан жері жарық болсын! Мәпелеп өсірген баласы өз туған анасын аяусыз өлтіруі қандай қорқынышты! Баланың жүйкесі сыр берген шығар. Қазіргі кинолар да осы атыс-шабыс, жаңалықтардың да айтатыны осы, атып кетті, ұрып өлтірді. Интернетте небір сұмдық видеолар толып тұр. Балалардың санасын әбден улап бітірді. Мейірімсіз, қатігез қанішерлер көбеймей тұрғанда мұндай ақпараттарды таратуға тез арада тыйым салу керек!

 

Алма Мейрамбаева: Мұндай жазбалар салып, санамызды уламайық депті. Сонда балалар шешелерін өлтіріп жатса, түк көрмегендей тым-тырыс отыра беру керек пе? Керісінше, қазір бәрі тік тұруы керек. Бұл жай күнделікті болып жатқан жағдай емес қой. Идеология саласында мыңдаған адам бюджеттің есебінен жалақы алып, жылы жерде отыр. Басқа да ми­нистрліктер бар, мұндай жағдайда бәрі жұмылып, басты себебін табу керек емес пе? Себебін тауып тосқауыл қоймаса, келешекте не болары қорқынышты. Біздің қазақты құртатын осы самарқаулық.

 

Ғалия Рахымжанова:  Наша шегіп алған шығар? Содан кейін есін білмей жасады ма екен? Кім біледі, өзінің шешесін аяусыз өлтірген адам... Қанішер болып тұр ғой.

 

Алма Мейрамбаева: Наша шекті дейін десең сауыққан кезде өкініп тұрған жоқ екен. Мастықпен жасаса есін жиып, жылайды ғой. Ақыл-есі дұрыс адам болмаса 100 балл қалай жинайды?

 

Тоты Каримова: Миы істеп тұр. Жүректе жылу, шуақ қалмаған. Мәңгүрт! Ақыл-есі «программиро­ванный», робот секілді. Миы ғана адамды басқарса, талай бәле жа­сайын деп тұр.

 

Владимир Чадаев: Осындай сұмдықтар болмасын десек балаға физикалық жүктеме беру керек: тауық, қоян, қозы-лақ асырасын, жемін берсін, суын тасысын. Бақшаға көкөніс егіп, оны күтіп-баптасын. Әрі жаттығу, әрі еңбек. Мығым да еңбекқор болып өседі. Санасы уланбайды.

 

Қандай жаза күтіп тұр?

 

...Міне, Талды­қор­ғанда осындай қайғылы оқиға орын алды. Қылмыс жасаған бала бүгінде қамауда отыр. Қылмыстың мән-жайы мен нақты себебін құқық қорғау қыз­мет­керлері анықтау үстінде. Тергеу амалдары біткен соң анасын асқан қатігездікпен өлтірген жет­кіншек жеті жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ақыл-есі қалыпты деп танылса, әрине. Мектеп бітірмей жатып темір торға тоғытылатын түлектің болашағы қандай болатыны белгісіз. Бұл жайды әлеуметтік желіде талқылаушылар дұрыс айтады: жеткін­шектерге мейлінше көбірек көңіл бөліп, тым қатал болмай, еркелетіп есіртіп те жібермей, қатігез ой мен ойындардан аулақ ұстап, еңбекке баулыған жөн-ақ.

 

Тым жұмысбасты бола бермей, балаларға мейірім төгейікші, ағайын! Мейірімге қанып өскен бала да мейірімді болатыны анық қой.

 

Д. ӨМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ