Тұғыры биік тұлға

13.04.2018
Қаралды: 398

Мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов – 75 жаста

 

Өмірдерек

 

Амалбек Қозыбақұлы Тшанов 1943-жылы 4-сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданында өмірге келген.

 

Білімі:

 

Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтын – инженер-механик (1961 – 1966 ж.) және инженер-құрылысшы-технолог (1976 – 1979 ж.) мамандықтары бойынша бітірген.

Техника ғылымдарының кандидаты.

Педагогика ғылымдарының докторы.

 

Еңбек жолы:

 

Шымкент облысы, Ленгір ау­даны, Совет ауылдық орта мек­те­­бінің зертханашысы.

Шымкент цемент зауыты көмір цехының слесарі.

Қазақ КСР-і Шымкент облыс­тық тұрмыс басқармасының өн­дірістік-техникалық бөлімінің инже­нері.

Шымкент қаласы химиялық тазалау фабрикасының бас инже­нері.

Шымкент облысы, Ленгір ауданы, Абай атындағы колхоздың құрылыс прорабы.

Шымкент облысы, «Шардара» ГЭС-інің құрылыс шебері.

Шымкент облысы, Шардара қаласы, «Өндірістік-құрылыс материалдары» тресінің құрылыс материалдары комбинатының диспетчері, бас технологы, силикат-бетон зауытының директоры.

Шымкент қаласындағы «Өндіріс­тік-құрылыс материалдары» тресінің бас технологы.

Шымкент қаласындағы «Оңтүстік құрылыс конструкциясы» тресінің бастығы.

Шымкент қаласы, «Оңтүстік құрылыс конструкциясы» өндірістік бірлес­тігінің бас директоры.

12-ші шақырылған Қазақ КСР халық депутаты, құрылыс және сәу­лет мәселелері жөніндегі комитет мүшесі.

Шымкент қаласының әкімі.

13-ші шақырылған Жоғарғы Кеңес депутаты. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Өнеркәсіп, энергетика, көлік және байланыс комитеті төрағасының орынбасары.

Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарға құрылыс салу министрі.

Жамбыл облысының әкімі.

«Адис» фирмасының кеңес­шісі.

2-ші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжі­лісінің депутаты.

3-ші шақырылған ҚР Пар­ламенті Мәжілісінің депутаты.

«Республикалық спорт кол­леджі» РМҚК директоры.

 

Қосымша мағлұмат:

 

Әскери атағы – запастағы полковник.

Бокстан КСРО спорт шебері.

Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы.

 

Отбасы:

 

Жұбайы – Атира Тұрсынәлі­қызы Бектаева.

Қыздары – Жанар, Салтанат.

Ұлдары – Нұрдәулет, Нұрәлі.

 

Замандастар лебізі

 

Амалбектің Әулиеатадағы іздері

 

Мен ес білгелі Жамбыл облысының басшылығына кімдер келіп, кімдер кетпеді? Олардың көбісі есімде жоқ. Өйткені ешқандай із қалмаған.

Тараз шаһарына барған сайын бұрынғы атшабардың үс­тіне салынған ғимараттар көзіме түседі. Аса сәулетті болмаса да – ансамбль.

Бұл – Асанбай Асқаровтан қалған із.

Ал аэропорт Бименді Сәдуақасовтың тұсында салынды.

Басқа не бар?.. Өмірбек Байгелді біраз әрекеттенді.

...Амалбек Тшановта едәуір құлшыныс бар еді. Әуелі Ташкент жолының Таразға кіре берісіне зәулім көк мұнаралы, рәміз сипатты қақпа тұрғызды. Бұл – қаланың батыс жағы.

Енді Алматы жақтан келетін жолға салдырмақшы еді...

Мүмкіндік бермеді. Небәрі екі жылдық билік. Соның өзінде дендропарк, ипподром салдыруды бастады. Бірақ бізде өмірде жемісі бар ағашқа тас пен таяқ көп лақтырылады.

Қазақтың түбіне арыз-құрыз, жала, қиянат жетеді. «Ойбай, Тшанов қалада тіс шұқитын ағаш қалдырмай, бәрін отап жатыр!» – деп жамырады.

Амалбек идеал емес шығар. Бірақ батылдық, іскерлік, басшылық қабілет жетіп жатыр. Салмағы бөлек, ер тұлғалы жігіт.

Әттең, осындай азаматтарды қанатын қыр­қып, кісендеп қоймаса...

 Шерхан МҰРТАЗА.

 

Атақты азамат, қайсар қайраткер

 

Амалбек Тшанов – белгілі, бедерлі бейне. Атақты азамат, қайсар қайраткер. Қайшылықты қырлары да жетіп-артылатын, таласты тұлға.

Бірақ толып жатқан, қаптап жүрген қалың лауазым иелерінің көпшілігіндей көп нәрселерге керең емес, кемел де терең.

Ең бастысы, ел алдындағы еселі еңбегі ерен.

Мархабат БАЙҒҰТ.

 

Ел басқаруда үйренгенім көп

 

Амалбек ағамыз бүкіл болмысымен жұмысқа берілген адам, мінезі тіктеу. Соншалықты қатал көрінгенімен, кәдімгі сезімнің адамынша кейде көңілі де босап кетеді. Ақкөңіл, «Жақсы адамның ашуы жібек орамал кепкенше» дегендей, көңілінде ештеңе қалмайтын, бір нәрсені кек сақтамайтын, тез ашуланғанымен артынша тез  басылатын адам. Бірақ қандай да бір кемшіліктерге төзбейтін. Лажының барынша кемшілікті болдырмауға тырысатын және тыным таппайтын. Қызмет барысында кадрларға да қатаң талап қоятын.

Мен кадрлармен қалай жұмыс істеуді Әбекеңнен үйрендім. Жалпы, ел басқаруда Амалбек ағадан үйренгенім көп. Ол кісіні сол себептен де көптеген інілері ұстаз тұтады.

Болат ЖЫЛҚЫШИЕВ.

 

Еңбекқор, талантты басшы

 

Көне қаланың Тараз атануы – Амалбектің идеясы мен ісі. Ізденгіш, еңбекқор, талантты басшы, әр уақытта өзіне жауапкершілікті ала білетін ол тиісті, міндеттелген жұмысты ғана емес, ел мүддесіне қажет басқа да жұмыстарды қоса атқарып жүреді. Амалбектің осындай қыруар шаруашылық жұмыстары бастан асып жатса да уақыт тауып, тарихшы-ғалымдарды шақырып алып, Таразға 2000 жыл болғанын анықтап, дәлелдеп, ЮНЕСКО-ның мерейтойлар жоспарына енгізді. Аты сирек атала бастаған Шәмші Қалдая­қовтың шығармалары аясында тұңғыш Халықаралық конкурс ұйымдастырған біздің Әбекең Тараз қаласына кіре берісте Париждегі Триумф сияқты қақпа салдырды.

Мұрат ЖҰРЫНОВ.

(«Билік биігінде» кітабынан).

 

Атақ-абыройы

 

«Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері.

Ұлттық Олимпиада коми­тетінің «Алтын орденімен», «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерімен, көптеген медальдармен марапатталған.

Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының, Шымкент қаласының, Төлеби, Шардара аудандарының Құрметті азаматы.

Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы.

Тараз Мемлекеттік универ­сите­тінің, Оңтүстік Қазақстан техникалық университетінің, Қазақ Спорт және туризм академиясының Құрметті профессоры.

Қазақ Ұлттық академиясының Құрметті академигі.

Петровский Өнер және ғылым академиясының (Ресей, Санкт-Петербург) академигі.

«KAZGOR» жобалау академиясының академигі.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ