Өмірге құштар өрік ағашы

10.04.2018
Қаралды: 270

Осыдан үш-төрт жыл бұрын үйіміздің оң жағындағы бос жатқан жерді жас отбасы сатып алған еді. Бұрын саяжай болғандықтан мұндағы көп жер телімдерінде бұрыннан өсіп тұрған ағаштар болатын. Жаңа көршілердің алған жерінде де екі түп өрік, бір түп жаздық алма жемісін беріп жайқалып тұрған. Ақпанның соңына қарай келген көршілер үй құрылысын бастаймыз деп трактормен жердің топырағын сүргізіп, үйгізгенде бір түп өрік ағашын тамырымен қопара құлатып кетті. Жер ылғалы әлі кете қоймағандықтан шығар, ағаш  тамырына жабысқан топырақтың қалғаны сол күйі тұрып қалды. Ал сол ағаш аз ғана топырақтан нәр алды ма, көктем шығып, өріктер гүлдегенде құлап жатқанына қарамастан бүршік жарып, гүлдеді. Кейін жайқалып жапырақ жайды.

 

Сол ағашты көрген сайын мен оның өмірге деген құштарлығына тәнті болатынмын. Күн ысығанда қурап кететінін ойласам, көңіл-күйім кәдімгідей түсіп, мазам қашады. Анау ағашқа обал ғой, қайта отырғызсаңдаршы дейін десем, сөзімді тыңдарға көршілердің қарасы көрінбейді. Күйеуіме айтсам, біреудің ағашында нең бар дейді.

 

Бір күні қарасам, әлгі өрік ағашы әжептеуір түйін салыпты. Жапырақтарының арасынан көгеріп көрініп тұр. Оны көргенде піспей жатып солатын болды-ау деп жаным ауырды. Бірақ ол оңайлықпен жан бермеді. Құлап жатса да қатарынан қалмай, көпке дейін жапырағы жайқалып тұрды. 

 

Осы ағаштың өмір сүруге деген ұмтылысы мені көп ойға жетеледі. Ағашты тамырымен қопарып тастаған көршімді мен жазықсыз адамды жамандап, жұмысынан кеткенше тыным таппайтын опасызға, ал құлап жатып та гүл ашқан өрік ағашын ешқандай қызмет, атақ-даңқ қуаламай, қарапайым өмір кешіп жүріп-ақ айналасына мейірім шуағын шашатын жақсы адамға ұқсаттым. 

 

Түйіндеген тағы бір ойым мынау: Біз кейде өмір жолымыздағы үп еткен желге жалп етіп құлап қаламыз, өмір осы жерден тоқтап қалғандай сезініп, қайғырамыз және оны айналамыздағыларға айтып, олардың да көңіл-күйінің түсуіне себепші боламыз. Ағаш екеш ағаш та құладым екен деп қурап кетпей, гүлдеп жатқанда біздің бордай езілуімізге жол болсын? Құласақ, қайта тұра алатын шамамыз барда неге еңсемізді түсіруіміз керек? Алға ұмтылмаймыз ба? Тағдыр бізден не күтеді, соны жасамаймыз ба? 

 

...Айналамызға бір сәт көз салсақ, табиғаттан да тағылым алуға болады екен-ау. Тек оған уақыт бөлмейтініміз өкінішті! Әйтпесе талай сырға қанық болар ма едік, кім білсін...

 

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ