Артта қалған ауылды 45 күнде түлетті

06.04.2018
Қаралды: 144

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің тапсырмасымен өзгеше бір іс-шара өз мәресіне жетті. Жызақ облысының Достық ауданындағы Манас ауылы бас-аяғы 45 күн ішінде мүлде танымастай түлеп, өзгеріп шыға келді.

 

Манас елді мекенінде 6 мыңнан аса адам тұрады, ол – көпұлтты ауыл, дегенмен тұрғындарының басым көпшілігі – қырғыздар. Бұл ауыл 1966-жылдары совхоз ретінде пайда болған. Кейінгі кезде тұрғындарының әлеуметтік жағдайы тұралап, ауыл ескіріп-тозған. Өзінің таяуда келген сапарында осыны көрген Президент ауылдың жағдайын тез арада жақсартуға тапсырма берген екен.

 

Содан бері Манас ауылында жедел түрде күрделі жұмыстар атқарылыпты. Мұнда көшелер, үйлер жөнделіп, жолдар жаңартылған, 17 балалар алаңшасы, 250 орындық кіші футбол залы салынған. 34 екі қабатты үйдің төбесі толықтай жаңартылған, ескі сарайлар бұзылып, орнына жаңасы салынған, медициналық бекет орнына заманауи жабдықталған емхана, мектеп, балабақша, сауда, қызмет көрсету орындары бой көтерген, 6,5 шақырым ұзындықтағы су құбырлары, 41 шақырымды қамтитын кәріз-дренаждар жаңартылған. Ауылдағы 120 әйелге жұмыс орындары жасалған, 2 тігін цехы іске қосыл­ған, тағы да басқа қыруар жұмыс­тар атқарылған.

 

Таяуда Президенттің өзі аталған ауылға барып, бәрін өз көзімен көрді, тұрғындармен кездесті, алда атқарылатын шаруалар жөнінде ой бөлісті. Ол ауылда тері, жүн өңдейтін жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік кластерін құру, түйе сүтін өндіру-қолдану бойынша емхана ашу жөнінде айтты. Сондай-ақ тұрғындарға үйіргелік жер телімдерін тиімді пайдалану жөнінде кеңестер берді.

 

Қысқасы, бұл бір сүйсініп айта жүрер игілікті іс болды. Бүгінгідей ғылым мен техниканың заманында басшылардың назары түсіп, ықыласы ауса, артта қалған ауылдың өзі үлгілі мекенге айналып, жайнап шыға келеді екен.

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ