Өзбекстанда бұрынғы Ұлттық Қауіпсіздік Қызметі (қазір «Мемлекеттік Қауіпсіздік Қызметі» деп аталады) төрағасының орынбасары лауазымын атқарған отставкадағы генерал Хаёт Шарафқожаевтың тұтқындалғаны туралы хабар тарады. Оны Өзбекстанның бұрынғы Бас Прокуроры Рашит Қадыров пен кезінде Ташкент қаласы прокурорының бірінші орынбасары болған Мираглам Мирзаевқа қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша жауапқа тартқалы жатыр деседі.
Р.Қадыровтың биылғы ақпан айында қамауға алынғаны белгілі. Ал М.Мирзаев әйелі және ұлымен бірге өткен наурыз айында тұтқындалған болатын. Оларға сыбайлас жемқорлыққа, мемлекет мүлкін иеленуге қатысты бірнеше ауыр айыптар тағылып отыр. Мирзаевтың кезінде Өзбекстан Ұлттық Қауіпсіздік Қызметін басқарған Рустам Иноятовқа туыстық жақындығы барлығы туралы да айтылуда.
Ал Х.Шарафқожаевқа қатысты куәлікті осыдан екі-үш аптадай бұрын бір күнде 25 адаммен бірге қамауға алынған Зиёдулла Иногамов берген көрінеді. (Ол Мирзаевтың әйелінің жиені екен, бұрын Салықтық, валюталық қылмыстарға және қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыруға қарсы күрес жөніндегі департаменттің Чиланзар аудандық бөлімін басқарған). Өзінің ешқайда кетпейтіні жөнінде қолхат беріп, босатылған З.Иногамов кейін белгісіз жаққа қашып кетіпті, бүгінде іздестірілуде екен.
...Осы күндері кезінде Өзбекстан Ұлттық Қауіпсіздік Қызметін басқарған, қазір Президенттің кеңесшісі қызметіндегі Рустам Иноятовтың ұлы, шетелге құрғақ жемістер шығаратын кәсіпорын акционері, жеке кәсіпкер Шараф Иноятовқа шетелге шығуға тыйым салынғаны да белгілі болды. Сондай-ақ Салық комитетінің төрағасы Батыр Парпиевтің ұлы, бүгінде Өзбекстандағы бір банкте басқарма төрағасы болып істейтін Бабыр Парпиев шетелге шықпақ болып тұрған жерінен әуежайдан кері қайтарылыпты. Бұл азаматтарға қатысты шара олар Қадыров пен Мирзаевқа байланысты іске куәгер ретінде тартылатындықтан қолға алынған көрінеді. Яғни Қадыровтың ұлы Әлішер шетелге қашып кеткесін, Мирзаевтың ұлы Абдурашид кетпек болып әрекеттенгенде ұсталғасын осындай сақтық шаралары жасалуда деседі.
Н. ӘБДІ.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!