Тез жұғады, тұралатып жығады

06.04.2018
Қаралды: 506

Бүгінде жұртшылық арасына таралған кей әңгімелерге байланыс­ты туберкулез ауруын жұқтырып алмаймын ба деп уайымдап жүргендер жоқ емес. Ондайлар кейде мекемеге телефон шалып та жатады. Сондықтан көпшілікке бұл ауру туралы және одан сақтану жолдары жөнінде айта кетуді ұйғардық.

 

Туберкулез негізінен оның микробтарын тарататын науқас адамнан жұғады. Ол сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде, ән айтқанда түкірікпен, қақырықпен  туберкулез микробтарын шығарады, олар 1,5 – 5 метрге дейін шашырайды. Ауада таралып, бір сағаттан көп уақыт сақталады. Науқастың қақырығы кепкесін шаңға араласады, шаң ауаға көтеріліп, тыныс алған кезде сау адамның өкпесіне енеді. Дерт науқастың ыдыс-аяғы, киім-кешегінен, кір қолынан және сүйіскен кезде де жұғады. Туберкулезбен ауыратын сиыр, түйе, доңыз да оны таратады. Кесел ауру малдың сүтін шикілей ішкенде немесе тауықтың жұмыртқасын пісірмей жегенде де жұғады.

 

Мұның ең жиі кездесетіні – өкпе туберкулезі. Көп жағдайда сырқат белгісі білінбей басталады да, тек қана Манту реакциясын қойғанда, қақырықты «Кох таяқшасына» тексергенде немесе флю­орографиялық байқаудан өткенде табылады. Онымен ауырғанда әлсіздік, асқа зауқы соқпау, жүдеу, екі аптадан аса жөтеліп жүру, түнде немесе ұйқыдан оянған кезде терлеу, дене қызуының 37 градустан жоғары көтерілуі, түстен кейінгі мезгілде бейжай болу белгілері байқалады. Мұндайда дәрігерге көрініп, тексерілген жөн.

 

Бұл дертке мынадай жандар бейім тұрады: тазалығы төмен адамдар, уақытында тамақтанбайтындар, денсаулығына мән бермейтіндер, маскүнемдер, нашақорлар, жүйкесі тозғандар, есі ауысқандар, үй-жайы жоқ кезбелер, гормон дәрілерін көп қабылдайтындар, тұмаумен жиі ауыратындар, қант диабеті, өкпе-тыныс жолдары сырқатының созылмалы түрімен, асқазан-ішек жарасымен ауыратындар, нау­қаспен қарым-қатынас жасайтын барлық жанұя мүшелері, қызметтестері, жас балалар, жүкті әйелдер, кәрі кісілер.

 

Ал ауырған адам одан жазылу үшін ұзақ уақыт дәрі ішіп, емдік шараларын пайдалануы керек. Жөтелгенде, түшкіргенде жақын отырған адамдардан бетін бұрып, аузы мен мұрнын орамалмен жауып, қолын жиі-жиі жуып, орамалды күніне бірнеше рет алмастыруға тиіс. Әсіресе балаларды қолына алып сүюіне, бір ыдысты ортақ пайдалануына, бір бөлмеде ұйықтауына, төсекте бірге жатуына болмайды. Науқастың ыдыстары, заттары, төсек-орны оқшау сақталады. Кірлеген төсекті жинау үшін бөлек жәшік немесе қап арналады. Нау­қасқа күн жақ беттен жеке бөлме берген дұрыс, әйтпесе пайдаланатын орнын шымылдықпен бөлу керек. Оның төсегі үй қабырғасынан жарты метр, ал жанұя мүшелерінен кемінде 1,5 метр қашық салынғаны жөн. Кілем, киіздерді алып тастап, оңай жуылатын, ауру жұқтыруға әсер етпейтін заттарды ғана қалдырады. Кірлегенде бөлек жуады. Бөлме еденін, қабырғаларды, ыдыс-аяқтарын жууға жеке-жеке шүберек, шелек бөлінуі тиіс. Қалта түкіргіші екеу болғаны жөн, біреуін науқас пайдаланған кезде екіншісі залалсыздандырылады.

 

Туберкулездің алдын-алу үшін Манту сынамасы қойылады. Жасөспірімдер мен ересектер жылына бір рет флюорография­лық тексеруден өтуі қажет. Иммунитетті күшейту үшін туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасы егіледі. Оны бірінші рет перзентханада, кейін бала 1-сыныпқа және 5-сыныпқа барғанда  егеді. Барлық адам саламатты өмір салтын ұстануы, тазалық сақтауы, дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттен аулақ жүруі тиіс. Денесін шынықтырып, жаттығулар жасағаны абзал.

 

Альбина ҒАЗИЗОВА,

Шымкент қаласындағы Еңбекші

ауданы қоғамдық денсаулық сақтау 

басқармасының бас маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ