Мұғалжарлық оқырман Бекасыл әулие жайлы білгісі келеді

06.04.2018
Қаралды: 275

Редакциямызға Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш қаласынан Бал­қия Айтмамбетова есімді оқырман телефон шалды. Ол кісі мынадай өтініш айтты:

 

«Біз сіздердің ұзақ жылдардан бергі тұрақты оқырмандарыңызбыз. Әсіресе әжеміз Жұма Бейсенбаева «Замананың» әр нөмірін асыға күтіп отырады. Осыған орай сіздерге бір өтінішпен хабарласып отырмын. Газеттеріңіздің 2006-жылғы 26-маусымда жарық көрген 26-нөмірінде Бекасыл әулие туралы мақала жарық көрген болатын. Соны «Заманада» қайта басуларыңызды сұраймыз. Оған қоса Бекасыл әулиенің кесенесі қай ауылда екені, оған қалай баруға болатыны, жолкіре қанша тұратыны жөнінде де жазсаңыздар екен».

 

Еліміздің батыс өңірінен хабарлас­қан оқырман осылай дейді. Біз ол кісінің өтінішін орындап, аталған мақаланы қайта жариялауды ұйғардық.

 

Бабадан қалған ғажайып мұра

 

Атақты жұлдызшы Бекасыл әулие жазған аса құнды мұра – «Жұлдызнама» кітап болып жарыққа шыққанынан хабардар едік. Жақында оны оқып шығудың сәті түсті.

 

Астана қаласындағы «Күлтегін» баспасынан 592 бет болып шыққан кітаптың алғысөзін белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков жазған. Еңбекті аудартып, баспаға дайындауға бір жылдай уақыт кетіпті. Қолжазба араб, парсы, түрік тілдері араласқан ескі шағатай тілінде жазылған екен. Ескі қолжазбалардың мамандары Мақсұт Шапиғи мен Сәрсенбі Дәуітұлы қолжазбаны сегіз ай бойы аударыпты. Осындай қажырлы еңбектің арқасында 2000 данамен баспадан шыққан бұл кітап ерекше бір тылсым сырға толы.

 

Бекасыл әулие бұл кітабында жұлдыздардың құпиясын ашады, олардың адам өмірімен қалай байланысатынын әңгімелейді. Сондай-ақ әрбір адамның тағдыры оның туған күніне, айына, уақытына қатысты енендігін дәлелдейді. Кітапта көптеген аурудың түрлеріне, оның пайда болу себептеріне, емдеу тәсілдеріне кеңінен орын берілген. Әсіресе дию-перілерден жабысатын дерттер жайлы жан-жақты мағлұмат беріп, оның да ем-до­мын айтады.

 

Кітапты оқып шыққан кез-келген адам шипагерліктің, дұғалықтың, дуалаудың, дұғамен емдеудің, зікір байлаудың, жадыны ашудың көптеген түрлерімен таныса алады. Сонымен бірге тіршілік жайындағы ғажа­йып әңгіме-аңыздар, руаяттар мен қиссалар ешкімді бейжай қалдырмайды. Кітап негізінен адамды адалдыққа, кісілікке, қайырымдылыққа, тату­лыққа баулиды.

 

Ал енді артында осындай аса ба­ғалы қазына қалдырған Бекасыл әулие кім болған?

 

Бекасыл Биболатұлы 1822-жылы өмірге келіп, 1915-жылы жарық дүние­мен қоштасқан. Ол жастайынан жетім қалғанымен, өзімен қатар балалардан өзгеше болып өсіпті. Оқу-білімге ден қойып, мешіт, медресе салады. Елдің санасын оятып, сауатын ашады. Диқаншылықпен де айналысып, ағаш егіп, жер көгертеді. Айналасына талапты жастарды жинап, оларға болмыстың, табиғаттың тылсым құпия­ларын үйретеді.

 

Бекасыл бабамыз жас кезінде ақындығымен де кеңінен танылған. Ол кісі туралы жазушы Мамытбек Қалдыбайдың «Бекасыл әулие», «Сахара ғұламасы» атты екі кітабы жарық көрген.

 

Бекасыл әулие әлем жаратылысын, жұлдыздар сырын таныған, дұғалар құпиясын меңгерген көріпкел әрі шипагер адам болған. Ол небір ғажа­йыптардың тылсым сырын ашып, сиқырдың да тілін білген. Қасиетті дұғаларды оқып, қара суды теріс ағызып, қар боратып, дауыл да тұрғыз­ған.

 

Ерекше болжамдар айтқан

 

Бекасыл әулие дүниеден өтер алдында елді жинап, былай деген екен: «Зұлмат заман келе жатыр. Құл-құтан көтеріліп, ылғи жалаңаяқтар ел басқарып, қаныңды судай шашады. «Жылан тақыр» боласыңдар. Көмусіз адам көбейеді. Қырғын соғыс болады. Жесір көбейеді. Соғыс­та ұтасыңдар. Сөйтіп, көрер көзге жарқын, бірақ іштей іріп жатқан бір заман басталады. Көлік төрт дөңгелекті темір болады. Аспан жол болады. Бір үй орыс, бір үй қазақ болып отырасыңдар. Олар жерлеріңді тартып алады. Көшіремін деп әуре болмаңдар, жетпіс жылдан соң өздері көшеді. Имандылық азаяды. Өнеге тозады, қасиет азады. Жастар ит ішпейтін сусынға құмар болады. Еркек үйшіл, әйел базаршыл болады. Қатын ел билейді. Қысқа етекті көйлек киіп, есек тұяқты етікпен жүреді. Қатын жіберу көбейеді, әйел еркекті сыйлаудан қалады. Тірі жетімдердің саны артады. Бірақ осының бәріне ертелі-кеш Алланың бір тыйымы болады».

 

Осындай алысты болжаған көріпкел­дің «Жұлдызнамасын» оқып отырып оның асқан білімдарлығына таңданасыз.

 

Жалпы, Бекасыл әулиенің «Жұлдызнамасы» көпшілік жұрт біле бермейтін талай тылсым сырды үйретеді. Адам бойында кездесетін барлық аурудың емі бар екенін, оны тек қасиетті дұғалар арқылы жазуға болатынын баяндайды. Өмірінің аяғына дейін Алланың ақ жолынан айнымаған Бекасыл әулие Құран дұғаларының адамзат үшін қызмет ететінін де анық көрсетіп берген.

 

Тек қана Алла-тағаланың қасиетті 99 есімінің өзі адамды талай пәледен қағып, мұқтаждықтан құтқарады екен. Мысалы, кітаптың «Дүрбаян – Шарх Ринжал - Ғайб» бөлімінде былай делініпті:

 

«Әркім намазда екісі кем үш жүз мәрте «Иә, Алла» десе, барлық адам баласы мен перілер ол пендеге дос-жақын болғай. Құдайдан не тілесе, сонысы шексіз қабыл болғай. Әркім әр күні тоқсан мәрте «Иә, Рахман» десе, ел ішінде абыройы өсіп, оған бақ-дәулет қонғай. Әркім әр күні қырық мәрте «Иә, Ғазиз» десе, ешкімге ешқашан мұқтаж болмас.

 

Әркім көбірек «Иә, Қаһар» десе, қайғыдан, мехнаттан құтылып, дүние­де аман-сау болғай. Әркім намазшамнан кейін жүз мәрте «Иә, Рафиғ» десе, Құдай-тағала оның мәртебесін өсірер, дұшпандарына айбатты болып көрінер. Әркім дұшпандары үшін мың күлше қылып, сол күлшенің әрбіріне сол дұшпанның атын жазып, «Иә, Қуддус» деп тауыққа берсе, дұшпаны жоқ болғай.

 

Әркім оңаша жерде жалғыз отырып мың мәрте «Иә, Самад» десе барлық періштелер оның ақтығына куә болмақ. Әркім перзентінің күнәсі болса немесе қажеті болса төрт жұма бойы әр жұмада мың мәртеден «Иә, Аууәл» десе барлық қажеті орындалмақ».

 

Қорыта айтқанда, бұл кітапты бастан-аяқ оқып шыққан адам Ұлы жа­ра­тушы – бір Алланың құдыретіне еш шүбә келтіре алмайды. Әрі Бекасыл сынды әулие адамның өмір бойы жазғандарын көңіліне түюге, қажетіне жаратуға тырысады. Ол кісі бұл қолжазбаның кейінгі ұрпаққа аман-есен жететінін де сезген. Бекасыл әулие осы қолжазбасын: «Заманында мұның иесі келіп сұрайды, иесіне бересіңдер, соған дейін сақтаңдар» деп шәкірті ақын Қазанғап Байболұлына тапсырған екен. Қолжазба сол әулетте жүз бес жыл сақталып, 2003-жылы шөбересі Ержан Исақұловтың қолына тиеді.

 

Қазанғап ақынның баласы Оңғар әйелі екеуі бір ғасырдан астам уақыт бойы ақ матаға орап, көзінің қарашығындай сақтаған асыл мұраны жылап тұрып иесіне табыс етеді. Міне, сол қолжазба бүгінде елдің игілігіне айналып, кітап болып шықты. Қасиетті бабамыздан қалған асыл мұра енді талай ұрпақтың көзін ашып, жаратылыстың сырын үйретері анық.

 

Редакциядан: Осы орайда біз жоғарыдағы мақалаға қосымша ретінде мына бір жай туралы да айта кетуді жөн көрдік: Бекасыл бабаның «Жұлдызнама» кітабы бар-жоғы 2000 дана болып шыққан. Бүгінде бұл кітаптар ол кісіге тікелей қатысты болып келетін адамдардың қолында ғана бар болуы мүмкін.

 

Ал Бекасыл әулие кесенесі  Шым­кенттен шамамен 60 – 70 шақырымдай қашықтағы Кеңесарық ауылында (Төлеби ауданында) орналасқан. Ол ауылға Шымкенттегі орталық базардың (Қырғы базар) Төле би көшесі бетіндегі шағын автостанциядан таксимен баруға болады. Жолкіре құны адам басына  500 – 600 теңге аралығында.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ