Ашуды басудың амалдары

05.04.2018
Қаралды: 241

Адамға әр нәрсенің қисынына қарай әрекет ету тән. Дегенмен кейде біреу жан­ға тиіп, ол ашу-ызаға жол береді. Ал бұл кезде қисыныңыз жайына қалатыны белгілі.  Ендеше, ашу-ызаны ауыздықтай білу керек. Ал мұны қалай жасаған жақсы?

 

Алдымен өзіңіздің соңғы рет қай кезде ашуланғаныңызды еске түсірі­ңіз. Сізді не ашуландырды? Жалпы, жиі ашуланасыз ба, ол қанша уақытқа созылады? Мұндайда сіз өзіңізді ашуландырған адамның намысына тиетін сөздер айтасыз ба? Тым қаты­гездікке бармайсыз ба? Міне, өзіңізге осындай сұрақтар қойып көріңіз. Сосын неғұрлым жиі кездесетін жайлар мен ашуыңызға тиетін адамдардың тізімін жасаңыз. Кейін ашу-ыза сипаты мен ашуланған кездегі өз әрекеттеріңізді тізбектеңіз. Ашу-ыза аяқталған соң өзіңізді қалай сезінетініңізді де жазып қойыңыз. Енді мына сұрақтарға жауап беріңіз:

 

Ашуланған кезде өзгелер сізден қорқа ма? Мұндай кездегі қуатыңызды бір бейбіт мәселеге бағыттағыңыз келе ме? Өз ашу-ызаңызды бақылауда ұстағыңыз келе ме?

 

Егер осы сұрақтардың басым бөлігіне «иә» деп жауап берген болсаңыз, онда сіз ашу-ызаны басқаруға байланысты өз әрекет­теріңізді қадағалауыңыз қажет. Әйтпесе оның өзгелермен қарым-қатынасқа кесірі, денсаулыққа кері әсері тиюі мүмкін.

 

Алдымен өзіңізді ұстай біліңіз. Ұрыс үстінде сіз өзгені тыңдамайсыз, ашу-ызаңыз өршелене түседі, өйткені өзіңізді тыңдамай тұрғанына сенімдісіз. Демек, өзіңізді қолға ұстап, қорытынды жасаңыз, қарсы жақтың уәжін тыңдаңыз, үзіліс жасаңыз. Айтыс-тартыс кезінде алынған ақпарды саралаңыз.

 

Қарсыласыңыздың намысына тиетін сөздер айтпаңыз. Өйткені ол мәселені одан әрі ушықтырады, қарсы жақтың сіздің уәждеріңізді шыдамдылықпен тыңдауына кедергі келтіреді. Бұл сіздің ашу-ызаңызды одан әрі тереңдете түседі.

 

Үзіліс жасауға, өз-өзіңізге келуге мүмкіндік беретін сәттерді қалт жібер­меңіз. Мысалы: «Мен қазір аса ашулымын. Бұл дауды доғар­ғанымыз дұрыс, кейін түсінісеміз», – деген сияқты сөз осындай үзіліске мүмкіндік береді.

 

Орынды сөз таба білу, қажетті дәлелдер келтіріп қарсы жақты сабыр­ға келтіре білу де ашу-ызаны басуға жәрдемдеседі, ұрыс-керістің ушығуына жол бермейді.

 

Ашу-ыза күйінің тереңдеуіне өзіңіз кінәлісіз, өзгені кінәламаңыз. Кейде түсінбестік жағдайдан шығу үшін қарсы жақтың өзінен жәрдем сұраған да көмектеседі. Яғни: «Босқа ренжіскенше, түсініскеніміз дұрыс», – деген сияқты ымыраға шақыру дұрыс болмақ.

 

С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ