Бұрынғы екі Президентті қылмыстық жазаға тартпақ

04.04.2018
Қаралды: 268

Оңтүстік Кореяны 2008 – 2013-жылдары басқарған Ли Мен Бактің басына бұлт үйіріліп тұр. Экс-президентке Ұлттық барлау қызметі мен бірнеше коммерциялық құрылымдардан аса ірі мөлшерде пара алған, заңсыз пайда тап­қан қордың жұмысына араласқан деген айып тағылған. Экс-пре­зиденттің өзі 100 мың доллардай пара алғанын мойындапты. Сеул қаласының соты Бас Прокуратураның сұранысына орай 76 жастағы Ли Мен Бакті қамауға алу жөнінде ордер берді.

 

Бұған қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша бұрынғы президенттің бірнеше туыс­қаны, кеңесшісі және әйгілі «Самсунг» компаниясының бірқатар қызметкерлері жауапқа тартылмақ. Ли Мен Бак ұзақ жылға сотталуы мүмкін.

 

Сол сияқты, таяу күндері Оңтүстік Кореяны Ли Мен Бактан кейін басқарған (2013 – 2017-жылдар аралығы) Пак Кын Хэге қатыс­ты да сот процестері басталмақ. Елдің бұл экс-президентінің билікті теріс пайдаланған деген айыппен бүкілхалықтық импичмент нәтижесінде тақтан тайдырылғаны белгілі. Оған да заңсыз істермен айналысқан деген айып тағылған болатын. Мемлекеттік айыптаушылар оған 30 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр.

 

...Жалпы, Оңтүстік Кореяда Президенттердің қызметінен аман-есен кеткені некен-саяқ. Республика болып жарияланған 1948-жылдан бері оның бір Президенті АҚШ-қа қашуға мәжбүр болған, біреуін саяси қарсыластары қастандық жасап өмірін қиған, біреуі өлім жазасына, енді біреуі өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесілген, тағы бірнешеуі сотталған. Бұл елдің кейінгі екі Президенті де енді сотталғандардың қатарын толықтырғалы тұр.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ