Қандай су ішіп жүргеніңізге мән беріңіз

05.04.2018
Қаралды: 392

Адам ағзасының 80 пайызға жуығы судан тұратынын, ал адам күнделікті қалыпты өмір сүру үшін 3 литрге дейінгі мөлшерде, күннің ыстық кездерінде  бұдан да мол суды пайдаланатындығын барлығымыз  білеміз. Ағзаның жас ерекшелігіне қарай физиолоиялық тұрғыдан қалыпты болып өсуіне, әртүрлі ауруларға әкеліп соғатын жағдайлардың алдын-алуда күнделікті пайдаланып отырған судың орны ерекше болып келеді. Ал сол су сапасы қандай деңгейде екенін барлығымыз біле бермейміз.

 

Біз пайдаланатын ауыз су эпидемиялық және радиациялық жағынан қауіпсіз, химиялық құрамы бойынша зиянсыз және жағымды органолептикалық қасиеттерге ие болуға тиісті. Судың химиялық құрамы бойынша зиянсыздығы оның табиғи суларда неғұрлым жиі кездесетін зиянды химия­лық заттардың, антропогендік жынысты заттар құрамының көрсеткіштеріне  сәйкес келуімен айқындалады.

 

Елімізде халықты орталықтандырылған құбыр суымен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан басымды бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде облыс халқының  92,4 пайызы  құбыр жүйесінен тартылған суды ауыз су ретінде пайдалануға қол жеткізіп отыр. Бірақ орталықтандырылған құбыр жүйесімен ауыз суды қамту Сарыағаш ауданында – 70,2 пайызды, Бәйдібек ауданында – 81,4, Қазығұрт ауданында – 88,3, Ордабасы ауданында 88,7 пайызды құрап, облыстық дейгейден төменірек болуда.

 

Өткен жылы тұрғындарға берілетін орталықтандырылған ауыз су сапасын қадағалау бойынша микробиологиялық зерт­ханалық көрсеткішке 5265 су сынамасы алынып, 217 сынама санитариялық талаптарға сәйкес келмеді. Сәйкессіздік 4,1 пайызды құрады. Санитариялық-химиялық зерттеуге 3423 су тексеріліп, 48-і сай болмай, көрсеткіші 1,4 пайыз болды. Бұл сәйкессіздіктер ауыз судың көздері ашық су қоймасы болып келетін Шардара қаласында, Мақтаарал ауданының Сырдария өзенінің бойында орналасқан Асықата өңірінде және Ордабасы ауданында біршама жоғары болып келді. Ал осы судың химиялық құрамы негізгі әсерлердің бірі болып есептелетін бүйрекке тас байлану аурушаңдықтары Түлкібас, Төлеби, Шардара аудандарында көп тіркелген.

 

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің тұрақты бақылауына облыстағы 487 су құбырлары алынған. Қазіргі кезде осы су құбырлары заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге қызмет етуге бекітіліп берілген коммуналдық меншіктегі эпидемиологиялық маңызды нысандар болып саналады. Еліміздің Кәсіпкерлік Кодексінің талаптарына сәйкес, бұл нысандар жылына 1 рет тексеріліп, микробиологиялық, санитарлық-химиялық зерттеуге су сынамалары толық алынады. Ал қалған мерзімдерде «Өндірістік бақылау­ды жүзеге асыруға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің 2016-жылғы 6-маусымдағы бұйрығына сай тұрақты түрде өндірістік зертханалық тексерулермен қамтуға тиісті. Күнделікті пайдаланылатын ауыз суымыз да тамақ өнімдері сияқты тексеріліп отыруы керек.

 

2017-жылға облыстағы 434 ауыз су жүйелері ерекше тәртіппен санитариялық-эпидемиологиялық мақсаттағы тексерулермен қамтылды, анықталған кемшіліктер бойынша 134 жауапты тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы айыппұлдар (3021700 теңге) салынды, 124 санитариялық ұйғарым беріліп, 81 су қызметкері медициналық тексерістен өтпегендері үшін жұмыстан уақытша шеттетілген.

 

Әбдіғали КЕМЕЛОВ,

Оңтүстік Қазақстан облыстық

қоғамдық денсаулық сақтау

департаментінің  бөлім басшысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ