Оңтүстіктегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал қандай?

03.04.2018
Қаралды: 367

Елімізде денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019-жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының бекітілген индикаторлық көрсеткіштеріне қол жеткізу бо­йынша инфекциялық және паразитарлық аурушаңдығының көрсеткішін  облыс көлемінде  2016-жылда – 315,9  көрсеткіш, ал 2017-жылда  285,0 көрсеткіш деңгейде ұстау негізделген. 2017-жылы жалпы 8084 жағдайда инфекциялық және паразитарлық аурулар тіркеліп, 100 мың халыққа шаққанда 280,8 көрсеткішін құрап, бекітілген индикаторлық көрсеткіштен аспауға қол жеткізілді.

 

Аса қауіпті аурулар бойынша ахуал

 

2017-жылы облыс тұрғындарының арасында оба, тырысқақ, паратиф, дифтерия, полиомиелит, сіреспе, қызылша, қызамық, көкжөтел, безгек, іш сүзегі тіркелген жоқ. Сібір жарасы мен эпидемиялық паротит аурушаңдықтарынан бір-бір жағдайдан тіркелген.

 

2016-жылдың осы мерзі­мімен салыстырғанда зоонозды тері  лейшманиозы – 29,4 пайыз, өткір ішек жұқпалы аурулары – 11,9 пайыз, Қырым қанды геморрагиялық қызбасы – 7 жағдайға, құтыру – 1 жағдайға, менингококкты жұқпасы 1 жағдайға төмен­дегені байқалады. Сонымен қатар, жедел вирусты А гепатиті, туберкулез, бруцеллез, сальмонеллез  аурушаңдықтары біршама  өскен.

 

Мақсатты топтағы балалар мен жасөспірімдерді барлық  профилактикалық егулер­мен қамтудың жылдық оптимальды деңгейі 95 пайыздан кем болмай орындалды. 2017-жылдың 1-қаңтарына облыста профилактикалық егуден бас тартушылардың са­ны 1280 болса, түсіндіру жұмыстарын жүргізудің арқасында есептегі жылы бас тартқан 194 тұрғын­ға вакцинация жасалынып, 2017-жылдың есебі бойынша вакцинациядан бас тартушылардың жалпы саны 1231-ді құрады.

 

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан  8 науқас тіркеліп, 2016-жылмен салыстырғанда  7 жағдайға төмендеген, оның ішінде 2 науқас қайтыс болды.

 

АҚИ зертханасында 58  мың 302 дана кене зерттеліп, 108 сынамадан КҚГҚ-ның қоздыр­ғыштары анықталып, кене­лердің жұқпалылық пайызы 2,81-ді құрады. (2016-жылы 54 мың 522 дана кене зерттеліп, 204 сынамадан оң нәтиже анықталып, жұқпалылық пайызы 4,27-ні құраған).

 

Облыс бойынша кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыс­тары жүргізілді, 2 науқанда ірі қара мал, уақ мал, қора-жайлар өңделді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша  1  миллион 119 мың 220  бас ірі қара мал, түйе, жылқы, 4  миллион 231 мың 519  уақ мал бүркілді, 31  миллион 22 мың 985 шаршы метр қора-жайлар көлемі мен жапсарлас аумақтар, 10  миллион 836  мың 650 шаршы метр буферлік аймақ залалсыздандырылды. Санитариялық қорғау аймағын құру мақсатында  залалсыздандыру үшін 139 елді мекеннің 41,9 шаршы шақырым жер көле­мінде залалсыздандыру жұмыс­тары жүргізілді. Аталған іс-шаралардың арқасында облыс бойынша кене шағу жағдайлары 23,7 пайыз төмендеген (2016-жылы – 5814 жағдай, 2017-жылы – 4434 жағдай).

 

Облыс тұрғындары арасында құтыру ауруының  4 жағ­дайы  Шымкент қаласында тіркелген. Барлық науқастар иттерден жарақат алып, медициналық көмекке жүгін­беген. Жануарлардан жарақаттанған 15 мың 929 адам тіркелген. Бұл 2016-жылмен салыстыр­ғанда 16,6 пайызға төмен. (2016-жылы – 18 мың 590 болатын).

 

Құтыру індетінің көзі болып табылатын жабайы жануарлар мен иесіз ит, мысықтарды жою жұмыстары жүргізілді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, иесіз ит, мысықтардың көзін жою жұмыс­тарына аудандық, қалалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, 2017-жылы 94 мың 301 ит, 6676 мысық, 7 қасқыр, 38 түлкі, 244 басқа жабайы  жануарлар жойылды.

 

Бруцеллез ауруының ал­ғашқы анықталған 287 жағдайы тіркеліп, 2016-жылмен салыстырғанда аурушаңдық 8 жағдайға өскен (2016-жылы – 279 жағдай). 2017-жылы 1 миллион 100 мың 699 ірі қара мал тексеріліп, оң нәтижесімен 602 бас мал (0,05 %), 4 миллион 927 мың 344 уақ мал тексеріліп, оң нәти­жесімен 1081 бас мал (0,02 %) анықталып, оның барлығы өңдеуге өткізілді.

 

Облыс көлемінде жалпы туберкулездің алғашқы анықталған 1482 жағдайы тіркеліп, 2016-жылдың осындай мезгі­лімен салыстырғанда көрсеткіш 23,69 пайызға өскен. (2016-жылы – 1166 жағдай). Облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен 3 рет облыстық штаб жиналысы кеңестері өткізіліп, нақты хаттамалық тапсырмалар берілді. 2017-жылы 4838 жұқпа ошақтарында қорытынды залалсыздандыру жүргізілді, бұл түскен тапсырыстың 99,6 пайызын құрайды. Жаңадан алынған 4 жылжымалы дезинфекциялық камера арқасында камералық  залалсыздандыру көрсеткіші 2016-жыл­ғы 83,9 пайыздан 96,9 пайызға дейін өсуіне қол жеткізіліп отыр.

 

Су мен ауа да – назарда

 

Департамент пен аумақтық басқармалар тарапынан 2017-жылы облыс көлемінде 4849 нысан ерекше тәртіп бойынша тексерумен қамтылды. Тексеруде анықталған заң бұзушылықтар бойынша 157  миллион 428  мың 240 теңгеге 4766 айыппұл салынды. 1204 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, анықталған заң бұ­зушылықтар бойынша 16  мил­лион 285  мың 458 теңгеге 502 айыппұл салынды. Жалпы жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша заң бұзушылықтарды жою мақсатында 3311 санитариялық-эпидемиологиялық ұйғарым берілді және 534 қызметкер жұмыстан уақытша шеттетілді. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтін 13 нысанның қызметі тоқтатылды.

 

Мемлекеттік қызмет көрсетуге 25 мың 959 өтініш түсіп, оның 86 пайызына оң қорытынды берілді.

 

Жеке және заңды тұлғалардың 873 өтініштері (арыз-шағым) заң аясында қаралып, жауап берілді. Департамент пен аумақтық басқарма басшылары мен басшы орынбасарларының жеке қабылдауында 435 азамат болды.

 

Облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жағдайына баса назар аударылуда, орталықтандырыл­ған құбыр суымен қамтамасыз ету деңгейі 92,4 пайызды құрады. Барлығы 478 орталықтандырылған ауыз су жүйелері бақылауда болса, оның 152-сі ауыз суды тек сағатпен босатады, бұл өз кезегінде ауыз су сапасының төмендеуіне әкеліп соғады. 128 су жүйесі тұрақты өндірістік бақылаумен қамтылмай отыр. Осы мәселелер аудан, қала әкімдеріне тұрақты түрде  қойылып, шешімі табылуда.

 

Өткен жылы облыстағы орталықтандырылған ауыз су жүйелерінен микробиологиялық зерттеуге 5265 су сынамасы алынып, 217 сынама санитариялық талаптарға сәйкес келмей, сәйкессіздік 4,1 па­йызды құрады, ал санитария­лық-химиялық көрсеткіштерге зерттелген 3423 судың 1,4 пайызы  талапқа сай келмеген.

 

Облыста қоршаған ортаның адам денсаулығына кері әсер жағдайларына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп келеді. Осы мақсатта облыстағы ашық су көздерінен микробиологиялық зерттеуге 320 сынамалар алынып, 40 сынамадан сәйкессіздік анықталған, ал санитариялық – химиялық зерттеулерге 363 су тексерілген, 42 сәйкессіздік анықталды.    

 

Өткен жылы 32 өнеркәсіп нысандары тексерумен қамтылып, анықталған кемшіліктер бойынша 45 жауапты тұлғаға айыппұл салынып, 29 санитариялық – эпидемиологиялық ұйға­рым берілді. Өндіріс­тер­дегі зиянды жағдайда жұмыс істейтін 35 мың 718 жұмысшының медициналық тексе­рістен өтуі ұйымдастырылып, қадағаланды.

 

Облыс аумағында радиациялық жағдай бірқалыпты болып, радиациялық табиғи ая деңгейі  өзінің табиғи деңгейінде сақталды. Уран өндіруші 10 кәсіпорын және уран өндіруде қосалқы қызмет атқаратын 8 мекеме бақылауда.

 

Радиациялық қадағалау жұ­мыс­тарын жүргізу аясында су көздерінің 378 сынамасы, азық-түліктің – 9, құрылыс материалдарының – 5, топырақтың  – 893, отын шикізатының – 2, шаң-тозаң мен атмосфералық ауаның – 24 және басқа түрлерінен (бұрғылау шлам) 187 сынамалары алынып, тексерілді. 206 емдеу мекемесінің 21 мың 270 рентген өлшемі жүргізілді. Дозиметриялық өл­шеулер мен радиометриялық сынақтар нәтижесі бо­йынша шектелген деңгейден асу жағ­дайы тіркелмеді.

 

Балалар денсаулығы қадағаланады

 

Облыста жаңадан 8 мек­тептің құрылысы аяқталып, пай­далануға берілді, 13 мектепке қосымша ғимараттар соғылды, 2 мектепте қайта құру жүргізілді, 9 мектептің ескі ғимараттарының орнына жаңа оқу корпустары салынды. Облыс аумағындағы 1009 жалпы білім беру мектептерінің ішінен, 844-інде ыстық тамақ ұйымдастырылған, 103 мектепте буфет тағамдары сатылуда. Бүгінгі күнге 599 мың 806 оқушының 457 мың 516-сы  ыстық тамақпен қамтыл­ған. Облыстағы 45 мың 620 аз қамтылған отбасы балаларының тегін тамақпен 35 мың 95-і қамтылған. Сонымен қатар, мектептерде тиімді тамақтануды қадағалау мақсатында, 720 жалпы білім беру мектептерінде 245 мың 985 оқушының тамақтану рационына витаминді – минералды кешенмен байытылған өнімдер енгізілді.

 

Өнімдердің қауіпсіздігін мониторингтеу барысында  жал­пы 2376 өнімнің сынамалары  сатып алынды. Алын­ған өнімдердің 1114-і – қазақстандық, 919-ы – Еуразиялық экономиялық одаққа мүше мемлекеттердің, 343-і басқа мемлекеттердің өнімдері. Техникалық регламент талаптарының сақталуы бойынша сатып алынған 2376 өнімнің 81-і  талапқа сәйкес келмеді, оның 28-і – қазақстандық, 51-і – Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше мемле­кеттердің, 2-уі басқа мемлекет­тердің өнімдері. Техникалық регламент талаптарына сәйкес емес өнімдер бойынша жа­уапты тұлғаларға 18 хаттама тол­ты­рылып,  612 мың 630 тең­ге айыппұл салынды, кемші­ліктерді жоюға 38 ұйғарым берілді.

 

Тағам өнімдерін мониторингтеу нәтижесінде 18091,75 кило тұтынуға жарамсыз азық-түлік өнімдері (758 кило – бақша өнімдері мен көкөністер, 1,95 кило – консервіленген өнім­дер, 17331,8 кило басқа да азық-түлік өнімдері  анықталып, жойылды.

 

Тұрғындар арасында ботулизм ауруының жиі тіркелуі алаңдатуда. Ботулизм ауруының 20 жағдайы тіркеліп, 30 адам ауырды, оның ішінде 2 науқас қайтыс болды. Тіркелген ботулизм аурушаңдығы үй жағ­дайында консервіленіп да­йындалған қияр (12 жағдай), көкөніс салаттары (16 жағдай), маринадталған саңырау­құлақ (2 жағдай) тағамдарын пайдаланудан орын алып отыр.

 

Іс-шаралар жиі өткізіліп жатыр

 

Сауда нысандарында «Қа­уіпсіз тағам таңда» атты – 217, «Фортификацияланған ұн­ды пайдалану» атты 83 акция өткізілді. «Қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру және сектораралық байланыс­та іс-шаралар жүргізудің 2017 – 2019-жылдарға арнал­ған Жол картасы» жобасын іске асыру барысында облыстағы қатысты мекемелердің өкілдерімен дөңгелек үстел өткізілді. Аумақтық медицина және кәсіптік-техникалық колледждер арасында «Болашаққа қадам» акциясы өтіп, 41 меморандум түзілді. «Нұр Отан» партиясы филиалымен өзара ынтымақтастықта жұмыс жүргізу бо­йынша меморандум түзілді.

 

«Қауіпсіз тағамды таңда» акциясы бойынша –  713 іс-шара, «Ұнды фортификациялау» акциясы бойынша  – 373, «Тазалық – денсаулық кепілі» акциясы бойынша – 404, «Болашаққа қадам»  ак­циясы бойынша – 102,  «Дене белсенділігі» акциялары бо­йынша жалпы 160 іс-шара өткізілді.

 

Департамент пен аумақтық басқармалардың ықпалымен 138 үйлестіру кеңесінің, әкімнің қаулылары қабылданды. Басқа қызметтермен бір­лесіп, медициналық кеңестің 124 шешімі қабылданды. Ұйымдасқан ұжымдарда, халықтың декреттелген топтарына 5594 семинар, 666  интерактивті сабақтар өткізілді, 6245 лекция оқылды. Бұқаралық ақпарат құралдарына 1094 мақала жарияланып, 495 телесұхбат берілді. Тиісті мекемелермен 304 дөңгелек үстелдер өткізілді.

 

Халықтың санитариялық –эпидемиологиялық саламаттығы саласында облыстық денсаулық сақтау басқармасымен, білім басқармасымен, ауыл шаруашылығы басқармасымен және басқа да тиісті мекемелермен бірлескен тұрғыда іс-жоспар түзіліп, жұмыстар атқа­рылуда.

 

Нұрбек НЫШАНОВ,

Оңтүстік Қазақстан облысы

қоғамдық денсаулық сақтау

департаментінің басшысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ