Сатыбалды ҚОСАЛЫҰЛЫ: «Деннің саулығы кез келген атақ пен марапаттан қымбат»

05.04.2018
Қаралды: 276

Бүгінде екі сөзі бірігіп, ұйқасы келіңкіреп тұрса болды, өзін ақын санап, кеуде керіп шығатын кісілер көбейді. Ондайда шын талантты, тума дарынды іздейтінің анық. Міне, осындай жандардың бірі – Төлеби ауданының тумасы, белгілі ақын Сатыбалды Қосалыұлы. Соңғы кездері көп көріне бермейтін ол кісімен бізге таяу­да тілдесудің сәті түсті.

 

– Сатыбалды аға, алдымен балалық шаққа саяхаттап қайт­сақ. Бала Сатыбалды қандай болды?

 

– Менің туып-өскен мекенім – Төлеби ауданындағы Майбұлақ ауылы. Алатаудың баурайында. Сол жерде 1942-жылы дүниеге келіппін. Балалық шағым осында өтті. 1950-жылы «Майбұлақ» мектебінің табалдырығын аттадым. 7 жылдық еді. Оны бітіргесін Шымкенттегі Сыпатаев атындағы мек­тепке келіп, оқуымды жалғастырдым.

 

9-сыныпта оқып жүргенде сол кездегі «Лениншіл жас» газетінде Солтүстіктегі тың жерлерді игеруге байланысты жастарды мамандық алуға, жұмыс істеуге шақырған мақала жарық көрді. Содан оқу жылы аяқталғасын құжаттарымды алдым да, қазіргі Көксәйек ауылындағы Ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесіне барып, сонда 1 жыл білім алдым. Ондағы мақсатым – тың жерге барып трактор, комбайн айдау еді.

 

– Атадан жалғыз екенсіз, ол кісілер бұл ойыңызды құптай қоймаған шығар?

 

– «Мектебіңді неге бітірмедің?» дегендей әңгімелер айтылды. Реніш те болды. Бірақ мен өз ойымды оларға дәлелдеп шықтым. Жалғыз бала болғасын әбден айтқанымды істетіп қалғаным бар, қысқасы, олар келісті ғой.

 

– Содан?

 

– Содан мен әлгі училищені қызыл аттестатқа бітіріп шықтым. Сосын маған Солтүстік Қазақстан­ға, Петропавл қаласындағы индустриалды-педагогикалық техникумға жолдама берілді. Емтихан тапсырып, ойдағыдай баға алғасын техникумға оқуға кеттім. Қала­ның маңында, орманның арасында орналасқан екен. Оқыдық. Ол орыс тілінің үстем болып тұрған кезі еді ғой, тілден аса жүйрік болмағасын аздап қиналдым. Сөйтіп жүргенде өзіміздің Түркістаннан да техникум ашылғанын естідім де, хат жазып, хабар алысып жүріп оқуымды ауыстырып алдым. Сонда бітіріп шықтым.

 

– Ал енді әдебиетке қалай келдіңіз? Өлеңді бала кезден жазушы ма едіңіз?

 

– Мен бұл әдебиет деген әлемге әріп танымайтын жасымнан құмармын. 4 жасымда болса керек, ауылда соғыстың біткенінің 1 жылдығына орай үлкен той болды. Ауылдың игі жақсылары жиналып, ас беріліпті. Ән айтылады, би биленеді. Соңы айтыс­қа ұласады. Сондағы айтайын дегенім, Дария деген әпкем мен Ахат дейтін жігіттің айтысын мен бастан-аяқ жаттап алыппын. Кейіннен оны бүкіл ауылдың адамдарына сөзбе-сөз айтып беріп жүрген екенмін.

 

Осылайша мектепке бардық. Момын, аурушаң бала болдым. Бірақ сабақты жақсы оқыдым. Жоғары сыныпқа өткенде сыныптас досым Қуаныш Төлеметовпен бірге қабыр­ға газеттерін шығаруға атсалыстық. Сөйтіп жүріп жаман оқитын, тәртібі нашар балаларға арнап сатиралық өлеңдер жаза бастадым.

 

Петропавлда оқып жүргенде де вахтада кезекшілікке өзім әдейі сұранып, түнімен өлең жазатынмын. Әдебиетке осылай келдік, қарағым.

 

–  Бір кездері мұғалім де бо­лып еңбек еткен екенсіз...

 

– Ауылда жүріп трактор, комбайн да айдағанмын. Қала берді, облыстық телерадио комитетінде «Әдеби хабарлардың» редакторы болып жұмыс істедім.  Мұғалім де болдым. Көксәйек ауылындағы кезінде өзім оқыған училищеде эстетика пәнінен сабақ бердім. Ол кезде арнайы оқулық та жоқ, сабақта не өтетінімізді өзіміз құрап, ұйымдастырып өтуші едік. Ал соңғы тоқтаған  кәсібім – жазушылық. Ең жаныма жақыны, жан-дүниеме жайлысы – осы.

 

– Аға, жалпы, шығармашылық адамдары үшін нағыз кемеліне келген шақ деп қай кезді айтуға болады? Мәселен, Сіз өлеңдеріңіздің басым бөлігін қай жасыңызда жаздыңыз?

 

– Сол 50 мен 60 жастың арасында үш кітабым шықты, «Дәуір – дастан», «Жан шуағы», «Көзімнің қарасы» дейтін. Өлеңдерімнің басым бөлігі де сол уақта жазылды. Меніңше, адамның нағыз кемеліне келген шағы, өнімді кезеңі деп осы онжылдықты айтуға болатын сияқты.

 

Оған дейін де жазатынымызды жазып жүрдік қой, бірақ Кеңес дәуірінде менің жолым болмады. Үйіп-төгіп жазамыз, қолжазбамызды апарып өткіземіз, тапсырамыз. Соңында тақырыптық жоспар бекітілер кезде Орталық Комитетте жас ақындардың бәрінің шығармасын бір кітап етіп шығару керек деген Қаулы шығады. Содан тек бірнеше өлеңім ғана кіріс­тіріледі де, қал­ғаны жайына қалады. Кейіннен тағы 5-6 баспа табақ шығатын жазбамды тапсырып едім, кезегін күтіп жатқан-тұғын. Сол кезде «Жазушы» баспасынан «Жалын» баспасы бөлініп шығады да, әлгі жазбаларым жоғалып кетті. Ол кезде архивтің қадірін білмейді екенбіз, көшірмелері жоқ...

 

Бір күні облысаралық Жазушылар одағының бөлімшесінде Постников деген ақын жігіт Алматыға, Жазушылар одағына барса, Адам Мекебаев деген жігіт бір бума өлең ұстатыпты, «Жаз­ғанына қарағанда Шымкент жақтың ақыны сияқты, апарып берші, бәлкім біреу-міреу өз жазбасын таныр», – деп. Ол оны әкеліп Нәсреддин Сералиевке тапсырады. Нәкең менікі екенін бірден біледі де, маған хабарласып: «Тағы жазғандарың болса, бәрін қос та, дереу қайта өткіз! Әйтпесе кеш қаласың», – деді. Содан Алматыға барып, машинкаға бастырмақшы болып пойызға отырып едім, жолда портфелімді жоғалтып алып, ақыры сол жазбаларым өзіме бұйырмады. Жаңағы Кеңес дәуірінде менің шығармашылықта жолым болмады деп отырғаным осы сияқты жағдайлардан ғой. Қан­шама еңбек желге ұшып кеткендей болды.

 

– Отбасыңыз жөнінде де айта отырсаңыз...

 

– Үш қызым, төрт ұлым бар. Өзім әкеден жалғыз болғасын көпбалалы болуды армандаушы едім, Құдайдың бұйыртқаны осы болды. Үш жыл бұрын үйдегі апаларыңды ақтық сапарға шығарып салғанбыз. Қырық жыл бірге тұрған, тағдырдың бұлтарыс-қалтарысын бірге көрген жаннан айырылу оңай тимеді. Дегенмен Алланың ісіне амал жоқ.

 

– Балаларыңыздың арасында сіздің жолыңызды қуғаны бар ма?

 

– Шығармашылыққа жақыны жоқ. Дегенмен Біржан деген ұлым ұлттық спорттан қазір әлемді мойындатып отыр. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, үш дүркін Азияның чемпио­ны, екі дүркін Азияның абсолютті чемпионы, Дүниежүзі көшпенділері ойын­дарының жеңімпазы. Бірталай жарыс­тарда чемпион болған. Қазір Қазақстан біріншілігіне, сосын Монғолияда өтетін Азия біріншілігіне дайындалып жүрген жайы бар.

 

Жалпы, бір ұлымнан басқасының бәрі үйлі-жайлы болып кеткен. Он екі немерем бар. Құдайға шүкір! Жасың келгесін денсаулық та сыр бере бастайды екен. Ауруханасы жақын, дәрігерді үйге шақырту оңай болғасын қалаға қоныс аударған жайым бар.

 

– Қырық жыл тату-тәтті өмір сүрудің сыры неде? Қазіргі жас­тарға отбасы бақытын, тыныштығын, берекетін сақтауда қандай кеңес берер едіңіз?

 

– Қандай кеңес беремін? Өз басымнан өткенді айтайын. Біздің үйдегі апаларың мені әрдайым қолдап отырды. Еркіндік керек екенін білді. Маған еркіндіктен де басқа нәрселердің керек екенін іштей түсінді. «Шығармашылықтың адамысың, ауыздықтап ұстап отыруға менің қақым жоқ, алаңсыз шаруаң­мен айналыса бер. Мен бәрін түсінемін, қолдаймын. Үйдің тірлігіне, балалардың жай-күйіне алаңдама», – деді. Солай болды. 50-ден ас­қасын алаңсыз шығармашылыққа ден қойдым. Ол кісі Шымкент­тен асхана ашып, соны бала-шағамызбен дөңгелетіп, үйдің де, түздің де тірлігін бір кісідей көтере білді. Соның арқасында қиналмадық, аш қалмадық. Менің жұмысым өрге басты, үйдің де жағдайы жақсы болды. Меніңше, осыған қарап-ақ еркек үшін әйелдің қолдауы қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады.

 

– Соңғы кездері сіздің жаз­ған­дарыңызды басылым беттері­нен көрмейтін болдық. Мұның сыры неде?

 

– Менің табиғатымда сұғанақтығым жоқ, айналайын! Біреуге барып, менің жазғанымды шығаршы дегенді ұнатпаймын. Тәуелсіз болғанды қалаймын. Мен үшін әкімің де бір, сәкімің де бір.

 

Дегенмен осы ретте менің қа­біле­тіме, шығармашылығыма аса құрметпен қараған Қуаныш Төле­метовтің атын ерекше айта кету керек. Ол кітаптарымның шығуына демеушілік етті, қолдау білдірді. Қазір енді анда-санда «Қазақ әдебиетінде» өлеңдерім жарияланып тұрады. Болды.

 

– Атақ, марапатқа жақынсыз ба? Осы уақытқа дейін қандай сый-құрмет көрдіңіз?

 

– «Төлеби ауданының Құрметті азаматы» дегенді алғанбыз. Сосын Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына орай халықаралық жыр мүшәйрасы болды. Соған қатысқан 497 ақынның ішінен 3-ші орын алдым. Кейін білгендей, әлгі мүшәйраға 21 адам қазылық еткен екен. Сол қазылардың 19-ы маған дауыс беріпті. Басқа ешкімге 19 адам оң баға бермепті. Соған қарамастан маған 3-ші орын бұйырған. Өйткені әлдекімдер мені сонау таудың етегіндегі бір ауылда тұрады, оқырманы аз, әдеби ортасы жоқ, оған осы да жетеді депті. Мейлі дедік. Дедік те қойдық. Бірақ мұны марапат, атақ деп айтуға келмейді. Бұл менің таза өз еңбегіммен, дарыныммен жеңіп алған дүнием.

 

Ал енді мына Бердібек Сапарбаев облыста әкім болып тұрған тұста «Оңтүстік Қазақстан облысының ең үздік жазба ақыны» деген атақ берді. Болды, бары осы.

 

Қазақтан сөз артылған ба, «Әуелгі байлық – денсаулық» деген сөз текке айтылмаған. Жасымыз жетпістен асқасын атақ пен марапаттан гөрі деннің саулығы, рухани байлық маңыздырақ боп қалады екен. Мәселен, кешегі өткен Наурыз тойына денсаулық болмай бара алмадым. Құдайдан деннің саулығын, шығармашылығыма шабыт сұрап отырған жа­йым бар, айналайын!

 

– Ендеше ауырмаңыз, жүз жасаңыз, шөбере сүйіңіз, аға!

 

Сұхбаттасқан – С.ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ