Тәжіктер жерін жат елдіктерге жалға беруде

03.04.2018
Қаралды: 533

Тәжікстан кейінгі бірнеше жыл бойы Қытай шаруаларына жерді жалға беріп жатыр. Мұның ең басты себебі – елге инвестиция тарту мақсаты.

 

 

Осыған орай Қытай ақпарат құралдарында Тәжікстанға барып, қыруар табыс тауып жатқан шаруалар жайлы аз айтылмайды. Мысалы, таяуда Дуан Ли деген бір фермердің компаниясы 670 гектар жерді жалға алғаны туралы жарияланды. Бұл азаматтың компаниясы Қытайдағы осыған дейін пайдаланып келген жерінен бұрынғыдай өнім ала алмай қалған екен. Өйткені мол өнім алу үшін химия көптеп қолданыл­ғандықтан жер зорыққан, топырақ қатты ластанған, бұдан әрі өңдеуге мүлде  келмейді. Сондықтан Д.Ли жалға беретін жер іздеп Африканың, Оңтүстік-шығыс Азияның бірқатар елдерін, Тәжікстан мен Украинаны аралап шыққан екен. Ақырында кейінгі екі елден құнарлы жер тауып, оны жалға алуға келісіпті.

 

Бұл адам Тәжікстанның аграрлық саласына 31 миллион доллар инвестиция салған. Ал оның компаниясының адамдары мақта, жүгері, бидай өнімін екі есеге дейін көбейткен. Олар жерден бір маусымда екі мәрте өнім алады, заманауи технологиялар қолданады. Қытай өзінің шетелде жүрген шаруаларын үнемі ақшалай-заттай ынталандырып, қуаттап-қолдап отырады.

 

Бүгінде Тәжікстанда Қытайдың осындай бес-алты компаниясы жұмыс жүргізуде. Олар бірнеше жүздеген гектар жер аумағын 49 жылға жалға алған. Ал Хатлон облысындағы тәжік-қытай бірлескен кәсіпорны тәжік шаруаларынан жылына 15 мың гектардай жерді жалға алады екен.

 

Егін өсіруге суы мол болғанымен жергілікті шаруалардың қытайлықтардай қыруар өнім алуға мүмкіндігі жоқ. Олардың өнімі аз әрі сатарда қытайлықтардікінен қымбат болып шығады.

 

Жалпы, тәжіктердің ішіндегі көзі ашық азаматтар қытайлықтардың өз елдерін жайлай бастауына орай дабыл қағып, қарсылық білдіріп жатқан көрінеді.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ