Қытайлар тайганы талқандауда

03.04.2018
Қаралды: 622

Таяуда «Фейсбук» әлеуметтік желісінен бір бейнежазба көрдік. Онда қытайлықтардың Сібір өңіріндегі тайга ішінде атқарып жат­қан жұмыстары көрсетілген. Олар шет-шегі көрін­бейтін алып тайгадан миллиондаған текше метр ағаш қырқып, тамырымен қопарып тастапты. Оны орманшылар кездейсоқ көріп қалып, дабыл көтерген. Ал ол жерге арнайы барған журналистер төмендегідей жағдайды анықтайды.

 

Қытайлықтардың тайгадан жол және жұмысшы поселкесін салуға Ресей үкіметінен рұқсаты бар екен. Бұл аумақтан зерттелген қорының өзі 14 миллион тоннаны құрайтын таскөмір табылыпты. Инфрақұрылым мен жұмысшылар тұрағы соны өндіру мақсатында салынып жатыр. Келісім-шарт 500 миллион доллар­ға, 2036-жылға дейін жасалған.

 

Журналистер жол салмақ болып тайганың астын үстіне шығарып жатқан қытайлық компания басшысы – Ван Хун Жоумен телефон арқылы сөйлеседі, бірақ оның не айтқанын түсінбейді. Орыс тілмәштің қожайынының сөзін аударудан қашқақтағанына қарағанда, ол бұлар­ға бізде шаруаларың болмасын деген сияқты.

 

Бұл журналистерге сұхбат берген бір ғалымның айтуынша, әлгі жердегі зерттеу жұмыстарын тек қытай геологтары ғана жүргізген көрінеді. Айтуынша, ол кеніштен таскөмірмен бірге кобальт, вольфрам, сирек кездесетін металдар да шығуы ықтимал. «Жерді жалға алғандар кейін таскөмір өндіріп жатырмыз деп осындай металдарды қоса Қытайға әкетуі де әбден мүмкін», – дейді әлгі кісі.

 

...Жалпы, бүгінде Ресейдің шығыс аумағындағы ахуал жақсы емес сияқты. Қиыр Шығыс пен Сібірде ары кетсе 10 миллиондай адам тұрады. Ал мемлекетаралық келісімдер негізінде ол аумақтарды игеру үшін мыңдаған қытайлықтар келіп жатыр екен. Шикізат, кен өндіруге, өңдеуші кәсіпорындар салуға, ауыл шаруашылығын жүргізуге келіп жатқан қытайлардың саны жерді жалға алу мерзімі біткенше ондағы жергілікті тұрғындардан бірнеше еселеп артып кету қаупі бар. Ал ол жерлерді игеруге Ресейдің қаржылай да, адам ресурсы жағынан да күші жетпейді. Сондықтан оны қазір бірінші кезекте Қытай инвестициясы ғана қызықтырып отыр.

 

Ал бүгінде саны 1 миллиард 400 миллион адамға жеткен халқын асырау Қытайға оңай емес екені бесенеден белгілі. Сондықтан да оған ең алдымен  шаруашылық мақсатта пайдаланатын жер керек. Осы орайда Қытай өзімен көрші мемлекеттерден, тіпті шалғай жатқан елдерден де жалға жер алуға мәжбүр. Оның бұл бағыттағы әрекеті күшейе түспесе, әлсірей қоймасы анық.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ