«Қазығұрттағы думанға бара алмай қалдық», – дейді Түркістанның тұрғыны

04.04.2018
Қаралды: 303

Кешегі дүйсенбі күні редакциямызға Түркістаннан Қайрат есімді азамат телефон шалды. Ол кісінің 21-наурыз күні Қазығұрт ауданының Атбұлақ ауылына жақын жерде ұйымдас­тырылған мерекеге қатысты айтары бар екен.

 

«Қазығұртта керемет іс-шара өткізіліпті, – дейді Қайрат. – Оған әңгімеміз жоқ. Тек бір мәселе көңілімізді жабырқатты. Ол іс-шара таңдаулылар үшін ғана ұйымдастырылған ба деген ойда қалдық. Өйткені сол күні Қазығұртқа жете алмай қалған адамдар да аз емес. Тойға барушыларды тасымалдау жағы басшылардың ойына  кіріп-шықпағанына ренжіп жүргендер бар.

 

Мысалы, біз сол тойға бара алмадық. Туннель жақтағы жұрт «Колос» деп атап кеткен жерден Қазығұрт бағытына таксилер жүреді дегенге сол аумаққа барған едік, бірақ көңіл-күйіміз түсіп, кері қайттық. Жай күндері таксистер ол жаққа апарған ақысына 250 теңгедей алады екен, ал сол күні адам басына 500, 800, 1000 теңгеден сұрап жатты.

 

Басшылар неге сол күні Қазығұртқа барамын деушілерге жағдай жасау жағын ойламаған? Мысалы, неге тегін автобус қатынатпасқа? Әйтпесе таксистердің бағаны тым шарықтатып жібермеуін қадағалау керек еді. Жұртшылықты Қазығұрт­та осындай той болатынынан алдын-ала құлағдар етіп, «оған былай баруға болады», «мына жерден мынадай көліктер қатынайды» дегендей тұрғыда хабарлауы керек еді. Мұндай жалпыхалықтық мерекеде осы жақтары да ескерілуі қажет қой. Осыны басшылардың құлағына жеткізеді деп сіздерге арнайы хабарласып отырмыз».

 

Түркістандық азамат осылай дейді. Мұнысы «Біткен іске сыншы көптің» кері емес сияқты, сондықтан уәжін теріс дей алмадық. Өз пікірін «Замана» арқылы жеткізгісі келгендіктен айтқандарын қаз-қалпында жариялап отырмыз. Басшылар алдағы уақытта мұны да ескере жүрер деген ойдамыз.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ