Қазақ қыздарына көз сүзетін келімсек көп

04.04.2018
Қаралды: 542

Ұлттың жаманы жоқ. Алайда әрбір ұлттың өз ұстанымы, ділі мен діні, адет-ғұрпы, салт-дәстүрі бар.  Сол себепті қай халықта болса да жастардың өзге ұлт өкілімен тұрмыс құрғанын, үйленгенін онша құптай бермейді. Қазақ халқы да солай. «Қыз – жатжұрттық» дегенмен, басқа ұлтқа қыз беруге әу бастан ықыласты емес. Әйтсе де соңғы жылдары қаракөздеріміздің түрікпен, қытаймен, арабпен, ағылшынмен, тағы басқа ұлт өкілімен қол ұстасып, тұрмысқа шығуы жиілей бастады.

 

Таяуда бізге атыраулық Сағадат Тәттіғали есімді азаматпен тілдесудің сәті түсті. Әңгіме арасында ол кісі шетелдіктерге тұрмысқа шығып жатқан қазақ қыздарының жайына алаңдайтынын айтты.

 

«Жалпы, Атырауда шеттен келіп жұмыс істеп жүргендер өте көп, – дейді С.Тәттіғали. – Өзге қалаларда да ондайлар толып жүр. Осы себепті қыздарымыздың өзге ұлт өкілімен бас қосу оқиғасы тым жиілеп кетті. Қытайдың, түріктің қолынан ұстаған қазақ қыздарының күніне бірнешеуін көретін болдық. Көргесін күйінесің. Іштей ренжисің. «Мұның не? Ұят қайда?! Ата-анаң қандай тәрбие берді?!» – деп айтқың келеді. Бірақ үндей алмайсың. Себебі біздің елде қыздардың өзге ұлтқа тұрмысқа шығуына заңмен тыйым салынбаған. Яғни әркімнің өз таңдауы, еркі бар.

 

Мынау өзіміздің Атыраудағы «Дина» базарынан мен ондайларды жиі көремін. Шыдай алмай, бір-екеуінен: «Бұлардың қасында не үшін жүрсің?» – деп сұрағанмын, «Сенің не шаруаң бар? Саған бәрібір емес пе?» – деген жауап алдым. Енді бірі: «Мен бұларға аудармашы болып қызмет етіп жүрмін», – деп құтылғысы келеді. Бірақ олардың тек аудармашылықпен шектелмейтіні есі-басы дұрыс адамға белгілі.

 

Жасыратын түгі жоқ, біздің қазақтың қыздары – сұлу. Қаны таза. Сыпайы, инабатты. Қызыға қарайтындар, әйелім болса деп дәме­ленетіндер өте көп. Әсіресе мынау кавказдықтар біздің қыздарды жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Бірақ мақтайды екен деп олардың біздің қыздарды иеленіп кетуіне жол бермеуіміз керек.

 

Түптеп келгенде, мұның бәрі тәрбиеге байланысты. Әр ата, әр ана қызының жүріс-тұрысына мән берсе, тәрбиесіне көңіл бөлсе деймін. Себебі өзгенің етегінен ұстаған қазақ қыздарының көбі бақытты болып кетті, өмірі гүлдей жайнап кетті деп айта алмаймын. Оған ғаламтор мен ақпарат құралдарында жарияланған оқиғалар дәлел бола алады.

 

Қазір мектеп бітірген жас қыздардың басым бөлігі оқу ақысының қымбаттығына қарамай, аудармашы, шет тілі пәнінің мұғалімі мамандығын оқиды. Оқуға қабілеті жетпесе де тырысып бағады. Тіпті мұнайшы мамандығы барлар жұмысты сылтауратып, шет тілі курсынан дәріс алады. Олардың көздегені заманға сай білім алып, мем­лекет мәртебесін көтеру емес, жалақысы жоғары шетелдік компанияларда жұмыс істеп, тұрмыстық ахуалын түзетіп алу. Сөйтіп шетел азаматтарымен еркін байланыс жасау. Бұл жағдай мұнайлы өлке – Атырау облы­сында өршіп тұр екен. Мұнда мұнай өндіруші шетелдік компаниялар көп. Жалақылары да қомақты. Ал жалақысы жоғары жұмысты кім армандамайды дейсіз? Әсіресе кедей отбасынан шыққан қыздар тұрмысын жөндеу үшін барын салатыны анық. Содан келіп ақшасы көп, еріккенді ермек еткен шетел­діктердің қармағына ілігеді.

 

«Фейсбук» әлеуметтік желісінде Жәнібек Иманмәзір деген намысшыл жігіт бар. Ол өзге ұлт өкілімен бірге жүрген немесе әңгімелесіп отырған қазақ қыздарын көрсе, мұндайға төзбейді. Жандарына жетіп барады да, олардың сөзді доғарып, әрқайсысы өз жөндеріне кетуін талап етеді. Әлгілердің бірен-сараны қарсылық көрсетуге әрекет­тенгенімен Жәнібек­тің айтқанын істетпей қоймайтынын аңғарғасын оның үзілді-кесілді талабын орындауға мәжбүр болады. Мен сол Жәнібекпен желі арқылы хат-хабар алысып тұрамын. Оның осындай ісіне іштей сүйсінемін, риза боламын. Меніңше, әрбір қазақ азаматы қыздардың, қарындастырының ар-намысын осылай қорғауы тиіс».

 

Сағадат осылай дейді. Жалпы, ресми деректер бойынша Қазақстанда соңғы жылдары қытай жұмыскерлерімен тұрмыс құрған қазақ қыздарының саны артқан. Сондай-ақ қазақ қыздарының жүрегін Түркия елінің азаматтары көбірек жаулап алады екен. Бейресми дерек бо­йынша 2017-жылдың өзінде 6 мың қазақ қызы шетелдіктерге күйеуге шығыпты. 

 

Жақында Израиль мемлекеті қытайлықтардың еврей қыз-келін­шектеріне үйленуіне, сөз байласуына тыйым салды. Яғни билік басындағылар Израиль компаниялары қытай жұмысшыларымен келісімге келгенде қытайлықтардың жергілікті еврей қыздарымен үйленуіне рұқсат етпейтінін, ондай жағдай болса олардың елден қуылатынын ресми түрде мәлімдеді.

 

Өз қыздарын өзгеге қимайтын еврейлер ғана емес, жапондықтар да өзге ұлт өкілдеріне қыздарын бермейді. Ата-баба салтынан, заңнан аттаған, өзге ұлт өкілінің  етегінен ұстаған қызды елден аластату қағидасы оларда баяғыдан бар. 

 

...Қыз баланы сыйлап, төріне шығарудан басқалар үлгі аларлықтай ел едік. Енді бізге өз елінің қыздарын сыйлауда Израиль, Жапония секілді мемлекеттерден үлгі алу керек-ау. Күннен-күнге шетел асып жатқан қалыңдықтарды азайтып, қаны таза қарадомалақ қазақтың балаларын көбейту үшін бізде де шетелдіктерге тұрмысқа шығуды заңмен шектеу қажет секілді.

 

А. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ