7 қошқар, 3 өгіз ұтқан Әкбар палуан

04.04.2018
Қаралды: 684

Биылғы Наурыз мерекесі облысымызда өте жоғары деңгейде аталып өтті десек болады. Бүгінде жер-жерлерде ұйымдастырылған қызықты іс-шаралардан алған әсерін айтып тауыса алмай жүргендер көп. Біз сондай жандардың бірінен Шымкентте тұратын Әкбар Елубайұлының (суретте) жетістіктері туралы естідік. Әсіресе бізді оның мереке кезінде қатарынан үш қошқар ұтып алғаны қатты қызықтырды. Сосын телефон нөмірін тауып, Әкбардың өзімен әңгімелестік. Жас палуан ашық-жарқын мінезді екен, сұрақтарымыздың бәріне тұщымды жауап берді.

 

«Жасым 23-те, Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында туып-өскенмін, – дейді ол. – Оңтүстік Қазақстан Мемле­кеттік университетін бітір­генмін. Бүгінде дене шынықтыру пәні бойынша екінші мамандыққа оқып жүрмін. Отбасында 3 ұл, 1 қыз өскенбіз, мен үйдің кенжесімін. Әзірге бойдақпын».

 

Әкбар 20-наурыз күні Шымкенттегі «Қошқарата сейілі» атты мерекелік іс-шара кезінде салмағы 65 кило тартатын қазақы қошқарды 74 мәрте көтеріп, жеңімпаз атаныпты. Ал арада бір күн өткесін Қазығұрт тауы жақта ұйымдас­тырылған Наурыз тойында осындай қошқарды 75 мәрте көтерген. Сондай-ақ 22-наурыз күні Шымкенттің өзінде өткен мереке кезінде салмағы 70 кило тартатын қошқарды 90 мәрте көтеріпті. Ал бұл үш қошқарды да жарыстың әділқазылары Әкбар палуанға сыйлыққа тарту еткен.

 

Әкбардың осы жетістіктеріне қуан­ған ата-анасы мен бауырлары Наурыз мерекесінде арнайы ас беріп, әруақтар рухына құран бағыштапты.

 

Осы орайда айта кетейік, Әкбардың әкесі Елубай мен анасы Ғалия Созақ ауданындағы мекемелерде есепші болып еңбек еткен. Елекең осы кен­жесінің арқасында Мекке-Мәдинаға барып, қажылық парызын өтеп қайт­қан.

 

«Сарыағашта Әб­ді­ғаппар Сманов ұс­таз жыл сайын арнайы турнир өткізеді. Жарыс кезінде же­ңіске жеткен түйе палуанға қажылыққа жолдама береді. 2014-жылы осындай жолдама ұтып алуды нәсіп еткен еді, оны әкеме сыйға тарт­қанмын», – дейді Әкбар бұл жөнінде.

 

Әкбар қошқар көтеру жарысына алғаш рет өткен жылғы Наурыз мерекесінде қатысқан екен. Сол кездері қатарынан 4 қошқар ұтып алыпты. Биылғы олжаларын қосқанда оның ұтқан қошқарлары 7-еу болып тұр.

 

Бұдан бөлек, ол облысымызда өткі­зілетін көкпарларға да қатысып тұрады екен. Көкпарларда салым салып, 3 өгіз де ұтыпты.

 

Міне, Әкбар деген жігіт осындай қара күш иесі әрі тақымы мықты шабандоз азамат екен. Біз оған  мұрат-мақсаттарыңа жете бер, ата-анаң биік жетістіктеріңді көріп әрдайым қуанып жүрсін деген тілек білдіреміз.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ