Кемер қаласындағы қайғылы оқиға

03.04.2018
Қаралды: 680

Ресейдің Кемер қаласында аса қайғылы оқиға орын алды. 25-наурыз күні осындағы «Зимняя вишня» деп аталатын сауда-ойын-сауық кешені өртенді. Апат төрт қабатты ғимаратты толықтай қамтыған. Оқиға кезінде ғимараттың төртінші қабаты төменге опырылып түскен. «Тілсіз жау» 64 адамның өмірін жалмады, ішінде мектеп оқушылары, кішкентай балалар да бар. Бұдан бөлек, 50-ден астам адам түрлі дәрежеде дене жарақаттарын алып, ауруханаға түсті. Тағы біраз адамның өлі-тірісі белгісіз, денелері табылмай жатыр.

Адамдар қамалып,шыға алмай қалған

 

Бұл өрттің алапат болғаны соншалық, ол 1500 шаршы метр жерді қамтыған, оны сөндіруге 50-ден аса өрт сөндіргіш көліктер, 250 өрт сөндіруші жұмылдырылған.

 

Бүгінде аталған кешеннің директоры, ғимаратты жалға алушы, сол күні дабыл құрылғысын желіден ажыратып қойған күзетші және басқа да бірнеше адам қамауға алынған. Қылмыстық іс қозғалып, тексеріп-тергеу жұмыстары жүргізілуде.

 

Осы оқиға болған күні Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары мерт  болғандар қатарында Кемер облысын 1997-жылдан бері басқарып келе жатқан қандасымыз Аман Төлеевтің бір туысы – Таня Курчевская есімді 11 жастағы қыз бала бар деп жариялаған еді. Кейін Путинмен бол­ған әңгіме кезінде Төлеевтің өзі де мұны растады.

 

Белгілі болғаны – өрт кезінде балалар алаңшасында жүргендер мен залда кино көріп отырғандардың көбі ғимарат ішінен шыға алмай қалыпты. Себебі есіктер жабық тұрған. Қауіп төнгенде ашылуы тиіс қосал­қы есіктер де жабық болған. Кей есіктерді, дәліздерді құрылыс жұмыс­тарының қалдықтары, қоқыс салынған қапшықтар жауып жатыпты. Сондай-ақ өрт сөндіру көліктері мен құтқарушылардың тез жетуіне ондағы автотұрақтан көлігін ала қашпақ болғандар да көп кедергі келтірген, онда кептеліс орын алған. Осы себепті өртті ауыздықтаудың өзі 10 – 12 сағатқа дейін созылғаны туралы айтылуда.

 

Алапат өрт кезінде ғимарат ішіндегі көшпелі хайуанаттар бағында болған 200 бас жануарлар да түгелімен жанып кетіпті.

 

Алдын-ала болжам бойынша, өрт балалардың бірінің ойнап оттық жаққанынан шыққан болуы мүмкін деп айтылуда. Балалар секіріп ойнайтын батуттың отқа төзімсіз материалы бірден тұтанып, өрт қаулай бой алған деседі. Енді біреулер өрт электр кернеуінің шамадан артуынан шыққан болуы мүмкін дейді, біреу отты әдейі қойған болуы ықтимал деп жатқандар да жоқ емес.

 

Бірнеше баласынан, ата-анасынан айырылғандар бар

 

Бұл күні «Зимняя вишня» сауда-ойын-сауық кешені күнделікті режимде жұмыс істеп тұрған екен. Оған жүздеген адам бала-шағасымен бірге барып, алаңсыз демалып жүрген. Ойда-жоқта орын алған өрт салдарынан баласынан, ата-анасынан айырылып қалғандар бар.

 

Мысалы, оқиға кезінде жанұшыра 4-қабаттан секіріп кеткен 11 жастағы бір бала қазір ауруханада ауыр халде жатыр. Оның өзінен кіші бауыры мен әке-шешесі өрт кезінде қаза тапқан.

 

Үш баласынан қатар айырылып, қайғыдан қан жұтқан бір азамат журналистерге сұхбат берді. Ол кинозалдағы балаларын құтқармаққа ұмтылғанымен одан түк те шықпағанын айтып, өкініш пен қайғыдан есеңгіреп, әйелінің сүйемелдеуімен аяғынан әзер тұрды.

 

Тағы бір азамат немересінің кинозал ішінен хабарласып, орын алып жатқан жайды жеткізгенін, кейін телефонға жауап бере алмай қалғанын айтты. Марқұм оқушы қыз әпкесіне: «Есікті аша алмай жатырмыз! Ащы түтіннен тыныс алу қиын, тұншығып барамыз... Бітті...» – деп қана айтып үлгеріпті.

 

Апаттан аман қалғандардың өзі үрей құшағында жүр. Олардың алапат ыстыққа шыжғырылып шыңғырған, ащы қою түтінге тұншығып, қайда барып паналарын білмей аласұрған адамдардың әрекеті туралы әңгімелерін естігенде төбе шашың тік тұрады, кеудеңді өксік кернеп, көзіңе жас келеді.

 

Басшылардың қызметтен кетуін талап етуде

 

27-наурыз күні Кемер қаласында 5 мыңдай адам жиналып,  митинг жасады. (Ресейдің Батыс Сібір аумағындағы бұл өнеркәсіпті қалада бүгінде 560 мыңға жуық адам тұрады). Ашын­ған жұрт өздеріне мән-жайды түсіндіруге барған басшыларды таптап кете жаздады. Олар өрт кезінде қаза тапқандардың қанша екенін жасырмай айтуды талап етті.

 

Кемер облысы губернаторының орынбасары Сергей Цивилев халықтан тізерлеп тұрып кешірім сұрады. Ол қаза тапқандардың 64 адам екенін айтты. Бірақ жұрт бұған сенген жоқ. Әлдебіреулердің әлеуметтік желіде өлгендер 300 – 400 адам болуы мүмкін деп жазғаны отқа май құя түскендей болды.

 

Жұрт: «Адам өлтірушілер!», «Бәрін соттау керек!», «Отставкаға кетсін!» деп айқайлап жатты. Олар облыс губернаторы Аман Төлеевтің және басқа да басшылардың қызметінен кетуін талап етті. Президент Владимир Путин де кетсін деп талап қойғандар болды.

 

Сол күні Ресей Президенті В.Путин оқиға орнына жетіп, шұғыл жиналыс өткізді. Оқиға себебін қылмыстық салақтық, жауапсыздық салдарынан болған деп бағалап, өңір басшыларына кінәлілерді анықтауға қатаң тапсырма берді. Халықпен кездесіп, қайғысымен бөлісті, зардап шеккендерге жәрдем берілетініне, оқиға себебі мұқият тексеріліп, кінәлілердің жазаланатынына уәде етті.

 

Ал өрт орын алған ғимарат осыдан 50 жыл бұрын, 1968-жылы салын­ған екен, онда кондитер фабрикасы жұмыс істепті. 2013-жылы ғимаратты біреулер сатып алып, қайта салған, жөндеу жүргізіп, оны сауда-ойын-сауық орталығына айналдырған. Бүгінде оның барлық құжаттары алынып, тексерілуде.

 

Сауда-ойын-сауық кешендері жаппай тексеріліп жатыр

 

Кемер қаласында осындай аса қайғылы жағдай орын алды. Бүгінде бұған байланысты Ресейде сауда-ойын-сауық орталықтарының қауіпсіздік деңгейі жаппай тексерілуде.

 

Миллиондаған адамдар, шетел басшылары Ресейге қайғысына ортақтасып, көңіл айтуда. Құдайым қаза болғандардың жандарын жәннатта етсін, олардың  туыстарына ауыр қайғыны көтерердей сабыр мен қуат берсін дейміз. Қай елде болса да мұндай сұмдықтар қайталанбаса екен.

 

Жалпы, бұл оқиға адам көп жиналатын жерлерді әрдайым қатаң қадағалап отыру керек екенін тағы да дәлелдеп отыр. Осыған орай біздің елде де мұндай мәселеге мықтап назар аударылатын сияқты. Бұл жөнінде кешегі аптада Ішкі істер министрлігіне қарасты Төтенше жағдайлар Комитетінің төрағасы Владимир Беккер айтты. Ол елімізде ірілі-уақты 1151 сауда-ойын-сауық кешендері жұмыс істейтінін, олардың өртке қауіпсіздігі тексеріліп тұратынын жеткізді.

 

Мұндай ғимараттарда қауіпсіздік шаралары сақталынбаған жағдайда иесіне алғашында 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (120 мың 250 теңге) айып­пұл салынады екен. Бұдан қорытынды шығарылмаса, салынатын айыппұл мөлшері 2 есеге артады, сонымен қатар кешеннің жұмысы тоқтатылады.

 

...«Сақ болсаң, сақтаймын» деген сөз бар. Адамдар сақтықты ұмытпаса екен, базбіреулердің жауапсыздығынан, немқұрайдылығынан зардап шекпесе, қайғыға душар болмаса екен.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ