Сәуір суық бола ма?

06.04.2018
Қаралды: 1090

Наурыздың соңын ала жаңбыр көбейіп, кей күндері ауа райы салқын тартқанына жұрт аса таңдана қойған жоқ. Енді сәуір тәуір болар ма екен десіп жүр. Осы орайда біз «Қазгидромет» республикалық ауа райын болжау орталығының облыстық филиалымен хабарласқан едік.

 

Филиал директоры Махамбет Жазықбаевтың айтуынша, орталықтың бұл айға жасаған болжамы жаман емес сияқты. Тек бірер күн ғана жұртты сәл ойландырып қоятынға ұқсайды.

 

«Сәуірде ауаның орташа айлық температурасы мөлшерден 1 градус жылы болады деп күтілуде, – дейді Махамбет Палыбекұлы. – Яғни  ол 12 – 16 градус жылылық аралығын құрайды. Ал облысымыздың аумағына түсетін жауын-шашынның айлық мөлшері – қалыпты шамада, тек таулы және тау бөктеріндегі аудандарда ол қалыптағыдан біршама көп болады деп болжанған».

 

«Қазгидрометтің» алдын-ала болжауы бойынша айдың алғашқы онкүндігінің бірінші жартысында күндізгі ауа температурасы 5 – 10 градустан біртіндеп 20 – 25 градусқа дейін жылымақ. Ал онкүндіктің екінші жартысында кей жерлерде түнгі уақытта 5 градусқа дейін аяз болады деген болжам бар. Бұл кездері күндізгі температура да біршама салқындау болады.

 

Айдың екінші онкүндігінде күн райы қайтадан жылына бастайды. Кей жерлерде түнде 5 градусқа дейін аяз болғанымен күндіз ауа температурасы 5 – 10 градусқа, кейін біртіндеп 20 – 25 градусқа, тіпті 30 градусқа дейін көтеріледі. Дегенмен онкүндіктің соңына қарай күн райы аздап салқындайды.

 

Үшінші онкүндікте ауаның жылуы 5 – 10 градустан бастап біртіндеп көтеріле келе 35 градусқа дейін жетеді. Сосын онкүндіктің соңын ала аздап салқындай бастайды, 15 – 20 градусқа, кей жерлерде 10 градусқа дейін төмендейді.

 

Ал жауын-шашын бұл айда жиірек болатын сияқты. Сондай-ақ бірінші онкүндіктің екінші жартысында және үшінші онкүндікте кей жерлерде бірде батыстан, бірде солтүстік-батыстан, енді бірде оңтүстік-шығыстан қуаты секундына 15 – 20 метрге жететін ауыспалы жел көтерілетін күндер бар.

 

...«Қазгидрометтің» сәуір айына қатысты алдын-ала жасаған болжамында осындай жайлар жөнінде айтылады. Бұған ауа райының өзі тосыннан өзгеріс ендіріп жібермесе, сәуір айы жұртты аса әбіржіте қоймайтын сияқты.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ