Осы күні басымды тек изей беремін, изей беремін

30.03.2018
Қаралды: 260

...Ой, тоба-ай, осы уақытқа дейін біраз жерде жұмыс істеп тастаппын. Қанша бастығым болды, мінезім де сонша мәрте өзгеріпті.

 

Бірінші бастығым жақсы адам еді. Өзімен-өзі, көп мазаны ала бермейтін. Қызметкерлер де өзімен-өзі. Жұмыс­қа барғанша асығатынбыз, сосын одан қайтқанша тағы асығатынбыз. Бастық мереке күндері келе қалса, сол үндемеген күйі кете беретін. Тек орынбасарлары алдына түсіп кетпесе болды.

 

Ал екінші бастығым әйел адам еді. Әйелдердің сыйлықты, ақшаны жақсы көретіні белгілі ғой. Жұмыстың барысын болсын-болмасын күн­делікті көріп, қадағалап отырады. Кабинетке ол кісінің рұқсатынсыз шыбын кіргізбейміз. Күнделікті  қабағына жалтақтап отырамыз. Күйеуімен ұрысып қалса немесе көңіл-күйі болмаса, онда бітті дей бер, сол күні жұмыста кішігірім соғыс басталады. Сосын кезекке тұрамыз, оның қабағын жазу үшін. Кафеге апарып, өтірік болса да жарыса мақтаймыз.

 

Сөйтіп жүргенде өзімнің де сол кісіге ұқсай бастағанымды аңғарып, ол жұмыстан да, бастықтан да қашып құтылдым.  Сосын не дегенмен заң бар, жекеден гөрі тәуір шығар деп мемлекеттік мекемедегі кітапханаға жұмысқа орналастым. Оның да басшысы әйел адам екен. Сөрелердегі бір кітап қисаймауы керек, орындыққа отырмауың керек, тек кітапхана ішін айналып жүре бер. Немесе бітті, «айдауға» – қоймаға жібереді. Сосын жүргенің жертөледе, шаң басқан кітаптарды үйшік-үйшік ойнаған балаға ұқсап, ана жерге бір, мына жерге бір тасып. Егер басекеңе жақпай қалсаң, ол кезде жертөледен зейнетке бір-ақ кетесің.

 

Арамызда агенттері өте көп екен. Менің де  пендешілігім ұстап кетіп, сондай бір агентпен сөзге келіп қалдым. Содан не керек, бастық мені жұмыс­тан шығарып жіберді. Бұған аса қинал­ғаным жоқ, «Бір жамандықтың бір жақсылығы болады» деген есімде, кітапханадағы жүк тасушылықтан құтыл­ғаныма қуандым.

 

«Ұстаздық еткен жалықпас» деп енді жастардың бойына білім нәрін себуге бел будым. Содан зиялы қауым – ұстаздардың ортасынан бір-ақ шықтым. Бөлім басшысы басын көтермей, қағази жұмыстармен айналысып жатады. Ал қызметкерлері одан өтіп кеткен. Тек жиналыста айқайлап ұрыспайды, сөйлеседі екен. Бірақ дауыстарын естігенде жүрегің қолыңа түсіп кете жаздайды. Әрқайсысына жалтақтап, солардың қағазын толтырып, сабақ бір жақта қалды. Қағаз толтыру, мәлімет дегендер көп. Таңқаларлығы – «Жарты сағатта жібер!» деген бұйрығы қоса келеді. Өзің үлгере алмайтын болған соң тапсырманы әр студентке бөліп жібересің. Содан мына жастарға білім беріп жарытпаспын деп, ол жұмыспен де қош айтыстым.

 

Бұдан кейін бөлімнің барлық іс-шарасын сайтқа салумен айналысатын жұмысты қолға алдым. Жаңа қызметке келген соң жақсы жағымнан көрінейін деп барымды салдым. Бұлай боларын қайдан білейін? Ауызды толтырып айтпасақ та сайтқа айтары бар іс-шараны салған дұрыс қой деп ойлағанмын. Жоқ, оған күнделікті болып жататын жиналысты да салатын болдым.

 

Бірде бөлім бастығының әдемі болып, қолын сілтеп тұрған суретін орналастырғанмын. Әдейілеп жаман фотоны қойдың деп сөгетінді шығарды. «Әй, еркек деген маймылдан сәл әдемі болса жетеді ғой. Құдайым-ау, оған түрдің керегі не?!» – деп айтқым келді. Бірақ жүрек шіркін сайрап тұрғанымен тілім байлаулы. Фотограф­қа тиістім. «Сен дұрыстап түсіре алмайсың», – деп едім: «Осы сен сияқты шабармандардан-ақ бәлеге қалдым!» – деді де, фотоаппаратын қолыма ұстата салды.  

 

...Қысқасы, мен бір жөні түзу жұмысқа жарымадым. Өзімнен екенін білемін. Әйтпесе жүр ғой жұрттың бәрі...

 

Содан басым салбырап, бір профессор көкемнен ақыл сұрауға бардым. Ол кісі: «Айналайын, менде де  ақыл жоқ. Үйге барсам хозяйка ақыл айтады, жұмысқа келсем бастық ақыл айтады. Менде тек үй мен жұмысты тауып баратындай ғана ақыл бар», – дейді.

 

Менің де мінезім жетісіп тұрған жоқ. Айтпайтын жерде айтып қаламын. Шындық, әділдік деп жүріп бала-шағаны баға алмай қалармын деп қатты қорқып жүргенімде профессор көкем тағы кездесіп қалды. «Әлі ақыл сұрап жүрсің бе?» – деді.  «Иә», –деп басымды изедім. «Онда тыңда, – деді ол. – Бастықтың алдына кір­геніңде айтқанының бәріне тек басыңды изей бер. Жиналыс кезінде ұйықтап алсаң да болады. Басыңды изей бер, изей бер».

 

Қазір көкемнің айтқанымен жүрмін. Жұмысым жаман емес. Тек басымды изей бергендіктен мойын омырт­қам ұстамайтын болып қалды.

 

Адам болған соң айнала­ңа қарайсың. Мына бір бөлімнің қызметкерлерін көрсең әуесің келеді. Жарқырап күліп, өмірге ырза болып жүргені. Ал ана бөлімнің қызмет­кер­лерінің қабағынан қар жа­уып, амандаспақ түгілі, соғып өтеді жаныңнан.

 

Бұлар неге әрқайсысы әртүрлі деп ойлайсыз ғой?  Басшың күлсе күлесің, жыласа жылайды екенсің. «Бастығың жақсы болса, жарты бақыт» деген мақал да бар екен.

 

Ал сіздің бастығыңыз қандай адам?

 

Эльмира АРТЫҚБАЕВА.

Түркістан қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ