Балаңыз «памперске» тәуелді ме?

29.03.2018
Қаралды: 246

Таяуда бір танысымның үйінде қонақта болған едік. Үлкен-кіші қатысқан көңілді отырыс болды, түрлі тақырыптарда әңгіме айтылды. Мұндайда ерекше жаңалық болмаса, көп әңгіменің сол күні-ақ ұмытылатыны белгілі ғой. Дегенмен менің ойымда сол үйдің әйелі Айша айтқан бір оқиға қалып қойды. Маған оның қатты әсер еткені сонша, өзгелер де, әсіресе жас келіндер біле жүргені дұрыс деп бұл туралы газетке жазуды ұйғардым.

 

Әңгіме қазір кішкентай балалары бар жұрт жаппай қолданатын «памперс» жөнінде. Бұған әсіресе жас келіндердің үйренгені сонша, бүгінде олар ондай жөргектерді үйіне текшелеп тұрып жинап қоятын болыпты.

 

«Біздің ауылға қаланың қызы келін болып түсіп еді, – дейді Айша. – Ол қаланың еркесімін демеді, келгеннен ауыл өміріне бейімделіп, үлкен-кішінің тілін тауып, сүйкімді, сыйлы келінге айналды. Енесі тазалыққа онша жоқ адам еді, үйінің іші-сырты үнемі шашылып жататын. Келін келгелі ол да реттеліп, үйі тап-тұйнақтай болып қалды.

 

Қысқасы, бұл келін берекелі болып келді. Бүгінде ол екі-үш баланың анасы. Өзі сондай балажан, перзенттерін үнемі таза киіндіріп, тамағының тоқ болуын қадағалап жүреді.

 

Бұл отбасының араласып-құраласатын адамы көп, әйтеуір келіп-кетіп жатқанын жиі көреміз. Ал келін үшін үйдің шаруасы деген онсыз да шаш-етектен ғой. Енесі бір жайбасар жан, қарным тоқ болса жетеді дегендей үнемі қыдырады да жүреді. Үйдің бар шаруасы келіннің мойнында. Осындайдан шаршады ма, кейінгі кезде ол да өзгере бастады. Өткенде қалаға барғанда көп қылып «памперс» әкеліпті. «Мұның бәрін неғыласың?» – десем, «Одноразовый» емес, бірнеше мәрте қолдануға болады екен, сосын алдым. Балалардың бұтын қайта-қайта тазалап әуреге түспейсіз. Мықты жәрдемші», – дейді күліп. «Айнала­йын-ай, бітпес үй шаруасынан сен де қажиын дегенсің-ау. Бұл пәле зиян екенін білмейтін бе едің?» – деп оған «памперс» туралы газеттен оқығанымды айтып бердім. Ол мынадай еді:

 

«Памперстің» құрамында  суперадсорбент, натрий полиакрилаты, трибутилен сияқты заттар болады екен. Оның негізгі бөлігі жұқа пластикадан жасалса, сырты құрамында сұйықты сорып алып, жоқ қылатын натрий полиакрилаты бар  суперадсорбентпен қапталады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы натрий полиакрилатын медицина саласында қолдануға осыдан 30 жыл бұрын тыйым салған екен. Сондай-ақ трибутиленнің де ағзаға зиян екені дәлелденген.

 

Үнемі «памперспен» жүретін, оған әбден үйреніп қалған бала кейін өз дәретін қадағалай алмайтын болады. Күндіз-түн демей, қай жерде, қандай жағдайда болса да дәретін жіберіп қояды. Өйткені онда кішкентай кезінен бері қалыптасуы тиіс дәретін уақыт пен орынға қарай реттей алу рефлексі жоқ немесе әлсіз, немесе тіпті де қалыптаспай қалған.

 

Бала «памперске» кіші дәретін жібергенде алғашында жылы күйдегі зәр қысқа уақыттың ішінде суық күйге алмасады. Осы арқылы жыныс жүйесіне жайсыз әсер етеді. Оның әсіресе жыныс безінің жетілуіне зияны тиеді.

 

«Міне, бұл «керемет көмекшінің» осындай жағы да бар екен», – дегенімде жас келін шынымен де қорқып кетті. «Ой, апатай, мұны айтқаныңыз жақсы болды ғой! Есте болсын. Сізге рахмет!» – деді сосын әдеттегіше ашық-жарқын мінезіне салып.

 

Мен оған бір көршіміздің 1-сыныпта оқитын баласының бұтын бүлдіріп қоя беретінін, тіпті бір-екі мәрте мектепте шалбарына үлкен дәретін жіберіп қойғанын айттым. «Олар оны дәрігерге көрсетсе, энурезден емдепті, бірақ одан нәтиже шықпапты. Енді тәуіпке көрсетіп жүр. Мен мұның «памперске» үйреніп кеткеннен болуы мүмкіндігін айтсам, оған сенбейді», – дедім.

 

Қысқасы, өзім тәуір көретін жас келінге балаға «памперсті» тым көп кигізе беруге болмайтынын түсіндірдім.  «Апай, сізге рахмет! Мұны мен достарыма да айта жүрейін. Біздің қатарларымыздың бәрі балаларына «памперс» кигізеді ғой. Мынаны естіп бір «шок» болатын шығар», – деді ол.

 

Мен балаға «памперсті» тіпті де кигізбеу керек демеймін. Тазалық үшін бұл керек, одан түбегейлі бас тартудың да қажеті жоқ шығар. Тек жас келіндер мен енелер оңайына қарай жүгірмей, баланың денсаулығын да ойлай жүрсе екен деймін».

 

...Міне, менің есімде сақталып қалған әңгіме осы. Кей әйелдер бас қосқан жерде түкке қажеті жоқ өсек-аяңнан гөрі осындай баршаға пайдалы әңгімелерді айта жүрсе екен деймін.

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ