Сіз семіріп кеткен жоқсыз ба?

29.03.2018
Қаралды: 613

Көктемнің алғашқы айы да ортасынан ауды. Күн жылынып келеді, жұрт жеңіл киімге көше бастады. Ал мұндайда жұрттың өз бой-басына көбірек мән беретіні белгілі. Артық салмақ жинағандар одан ертерек арылуға тырысады. Ал тым семіріп кеткендер үшін бұл қиын шаруаға айналады. Біз осы орайда семіру дегеннің не екені, оған қандай жағдайлардың апарып соқтыратыны туралы айта кетуді жөн көрдік.

 

Гипоталамус белсенді болса, қиын

 

Жалпы, семіру дегеніміз – организмде зат алмасуының бұзылуы салдарынан ауыр зардаптарға соқтыратын ықтимал ауру. Оның мынадай бірнеше себебі бар: үнемі артық тамақтану, мешкейлік, семіздікке бейім тұратын тұқым қуалаушылық, ішкі секреция бездерінің, әсіресе гипофиздің, қалқанша без бен  жыныс бездері қызметінің бұзылуы, зат алмасу процестерінің күрт төмендеуі салдарынан бас­талатын семіру.

 

Ғалымдардың айтуынша, мидағы «гипоталамус» деген без семіздікке тікелей қатысты. Ол жоғарғы ми жүйесінің жұмысын бағыттап тұрады. Сонымен қатар бездің жұмысына серотонин, дофамин және «бақыт гормондары» деп аталатын эндорфин тәрізді заттардың да қатысы зор. Дәмді тағам  жемей-ақ, оны көргендегі қуану кезінде адамның миындағы рахаттану орталықтарының жұмысын жоғарыдағы заттар қамтамасыз етіп отырады. Әр адамдағы осы бездің жұмысы семіздерде ерекше белсенді. Содан олар тойғанын білмейді, үнемі тамақ ішкісі келіп тұрады. Қазір арзан әрі калориясы көп нан-жарма, кондитер өнімдері көп. Оны үнемі қолдану семіртіп жібереді.

 

Май мен көмірсуды азайтқан абзал

 

Адам өзінің дене салмағы қалыпты жағдайдан үш-төрт кило артқаннан-ақ толысудың алдын алуға тиіс. Ол кейін емделгеннен әлдеқайда тиімді. Сол себепті салмақ өсіп бара жатқанында жеңіл тамақтануға көшкен немесе белсенді әрекет жасау арқылы денеден шығатын қуаттың мөлшерін арттырған жөн. Тағамның қуатын май мен көмірсу есебінен азайту қажет, ал тағамның алмастыруға болмайтын бөлігі – ақуыздарды азайтпаған дұрыс. Артық салмақ қосуды қаламайтын адам ет, сүт өнімдерін, малдың майын, тәттілерді, нан, ботқа, картопты көп қолданбайды, тәбетті арттыратын дәмдеуіштер мен ащы нәрселерді шектейді, тұзды өте аз мөлшерде пайдаланады. Осы орайда тұздың денеде су жинайтыны естеріңізде болсын.

 

Қалай тамақтанған дұрыс?

 

Тамақтану институтының мамандары мынандай кеңес айтады: Қара нан әйтпесе ірі тартылған ұннан жасалған тоқаш жеген, майсыз етті, балықты, майы алынған қатықты, сүтті, көкөністердің барлық түрін қолданған дұрыс. Академик А.Покровский семіз адамдар үшін тамақтану тәртібін жасаудың жалпы шарттары жөнінде былай  дейді: «Рационның энергетикалық құндылығын шұғыл шектеу керек, бірақ ағзаның ақуыз, алмастырылмайтын көпжақты қанықтырылған майлы қышқылдар, дәрумендер мен минералды заттар жөніндегі қажеттері толық қамтамасыз етілуге тиіс. Дәрігерлердің кеңесі бойынша денеге түсетін салмақты мөлшерлеп көбейту есебінен ағзаның энергия жұмсауын мүмкіндігінше көбейту керек. Тамақты аз-аздап ішуді қамтамасыз ететін тамақтану тәртібін қатаң сақтау қажет».

 

«Таңертеңгілік асты өзің же, түскі асты досыңмен бөліс, ал кешкі асты дұшпаныңа  бер»  деген ұлағатты сөз бар. Сол айтқандай, ұйықтар алдында  тоя тамақ жеуге болмайды. Өйткені ол семіздікке алып келеді. Өйткені қоректік заттар тамақтанғаннан 2-3 сағаттан кейін ғана белсенді түрде сіңіріле бастайды. Біз ұйқыда жатқандықтан олар бұл­шық ет  қуатына жұмсалудың орнына семіздік қоймасына бір­тіндеп жинала береді.

 

Әдетте семіздікке бейім жандардың тәбеті күшті болады. Оны тамақтану санын көбейту жолымен азайтқан жөн. Таңертеңгілік немесе түскі астан соң алма жеп не 1  құты сүт, айран, бол­маса қантсыз шай ішіңіз, сонда 15 – 20 минуттан кейін тәбетіңіз нашарлап, түскі не кешкі тамаққа асықпайтын боласыз.

 

Тамақтың түрі мен тамақтану тәртібінің өзгеруіне қарай бұлшық ет қуатының шығынын да өзгертіп отыру керек. Күнде таңертең жүйелі түрде жаттығулар жасаңыз. Сондай-ақ дене белсенділігін арттыру, спортпен айналысу семіздіктен арылудың тиімді шаралары екендігі даусыз.

 

Тағы да бір естеріңізге сала кететін нәрсе – дене салмағын реттеуді 30 жастан емес, бала кезден  бастау керек. Егер 5-7 жасар бала семіре бастаса, бұл оның денсаулығының мықты екендігін аңдатпайды, керісінше, алдын-алмаса, 15 – 20 жылдан кейін оның сусамырға немесе гормоналдық ауруларға шалдығу мүмкіндігі бар деген сөз.

 

Ал енді осы айтылған кеңес­терден қайран болмаса, онда дәрігерге көрінген жөн. Дәрігер науқастың жеке ерекшелігін ескере отырып, ем тағайындайды әрі оны жүйелі түрде бақылап отырады.

 

К. РҮСТЕМОВА,

Шымкент қаласындағы әл-Фараби

ауданы қоғамдық денсаулық сақтау

басқармасы басшысының орынбасары.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ