Сіз үйді қандай жерге салғансыз?

29.03.2018
Қаралды: 156

Көктем келіп, күн жылынысымен жұрттың құрылыс жұмыс­тарын бастайтыны белгілі. Үй салатындардың қатары көбейеді. Ал ежелгі Шығыс ілімінде баспана салатын жерді таңдау­дың тәсіл­дері ерекше түсіндірілген көрінеді. Үйді осы ережелерге сай таңдаған, салған жастар бақытты да баянды, ұзақ ғұмыр кешеді деседі.

 

Тауға апаратын жол бойынан баспана сатып алуға, үй салуға болмайды. Мұндай аймақ баспаналар үшін географиялық жағынан аса қауіпті. Адамдар серуендейтін, көп жүретін жерлерде бұзақылық, қылмыс, әдепсіздіктер жиі орын алады. Олардың жағымсыз энергиясы жол бойындағы үй иелерінің денсаулығына кері әсер етеді.

 

«Т» бейнесінде тоғысқан жолдар мен көшенің қиылысынан баспана сатып алған жандардың бизнесте жолы болмайды. Шығыс ілімдері, оның ішінде Фэн-шуй бойынша да баспананың алдында көше болмағаны абзал.

 

Тығырыққа (тупикке) тірелген аймақтан, көше­лердің соңынан баспана сатып алу, үй салу да қолайсыз болмақ. Өрт болған жағдайда тығырықтағы үйлерге өрт сөндіру көліктерінің келуі қиын. Мұндай аймақтағы үйлерде тұратын ерлі-зайыптылардың ара-қатынасы жиі тығырыққа тіреліп, жанжал мен кикілжіңдері көп болады.

 

Шығыс ілімінде «Батыстан басталған жолдың жағасына қоныс аударған қолайлы» делінген. Мұндай жерде түтін түтеткен отбасыларда түсіністік пен береке, ынтымақ пен молшылық салтанат құрады.

 

Үй алдына емен тектес ағаштарды отырғызбаңыз. Олар үй иелерінің жағымды энергиясын тартып алып, өзінен жайсыз энергия бөледі. Бұл сол үйдің тұрғындарын ауру-сырқауға жиі шалдықтырады. Сондай-ақ найзағай да жалғыз өскен жуан ағаштарға түсетіні белгілі.

 

Жеміс бермейтін ағаштарды да үй алдына отырғызуға болмайды. Жеміс бермейтін ағаштар шығыстық наным-сенімдер бойынша отбасын кедейлікке ұшыратып, қарт адамдарға жайсыз әсер етеді. Аулаға жеміс беретін ағаштардың жас көшеттерін отырғызсаңыз, көп ұзамай мол табысқа кенеліп, ісіңіз алға басатын болады.

 

Үйдің солтүстік-батыс бөлігінде ағаштар жайқалып өсіп тұрса, мұндай үйдің иелері бақытқа бөленеді. Бұл ағаштарды жиі суарып, қурап қалмауын қадағалау керек.  Егер осы аймақта жайқалып тұрған ағашты шауып немесе қуратып алсаңыз, ол отбасы мүшелерінің өміріне жайсыз әсер етуі мүмкін.

 

Үй салатын жер көршілерден оқшау, биік қырда болмағаны мақұл. Ондай үй назарға тез іліккіш келеді. Өзгелердің күндеп айтқан сөздері үй тұрғындарына кері әсер етуі ықтимал. Үнемі көпшіліктің назарында болу денсаулыққа да зиян.

 

Шығыс наным-сенімдері бойынша жүкті әйелі бар отбасы ол босанғанша үй салуына, тұрып жатқан үйін жөндеуіне болмайды. Олай жасаған жағдайда әйел түсік тастауы мүмкін.

 

Үй салғанда әр бөлменің көлемі мен қабырғаларының түсіне де мән берген жөн. Өйткені қабырғалардың түсі үйді кең, жарық етуімен қатар онда тұратын жандардың көңіл-күйіне де әсер етеді.

 

Жатын бөлменің терезесін үйдің оңтүстігіне немесе солтүстігіне қаратып салған дұрыс. Бөлмеге күн сәулесінің тым көп түсуі де жайсыздық тудырады.

 

Оңтүстік аудандарда үй тұрғызғанда бөлмелердің терезесін оңтүстік-шығыс немесе шығысқа қаратып сал­ған дұрыс. Бұл жағдайда таңертең ғана түсетін күн сәу­лесінен үйдің іші ысып кетпейді.

 

С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 


 

Пікір қалдыру

1000 символ