Кешкі асты ұмытыңыз!

28.03.2018
Қаралды: 676

«Керек кеңес» айдарына бұл жолы белгілі журналист Жанар Байсемі­зованың пайдалы кеңестерін жа­рия­лап отырмыз. Қыз-келін­шектерге бақытты болудың қыр-сырын түсіндіріп жүрген әріпте­сіміз былай дейді:

 

Алматы жақта арықтаудың синонимі – «азу». Дегенмен батысқа келгенде бұл сөзді айта көрмеңіз. «Азып кетіпсің» деген сөз тоз-тозың шығып, нашар болып кетіпсің деген мағынаны білдіреді және естіген адам ала көзімен қарайды. Жақтырмай қалады.

 

Айтайын дегенім, бірнеше кило азық-түлік тасып, арқаланып, деміңіз жетпей, өкпе өшіп 5-қабатқа көтеріліп көріңізші. Ондайда кез келген адам: «Енді ауыр көтерсем бе...» деп өзін бір сыбап алады.  Артық салмақ сол сияқты.  Бордақыланған тек малға ғана жарасады.  Артық айтты демеңіздер, бірақ қазір әйелдердің басым бөлігі алып денелі, ер адамдарды жерге бір алып ұратын батырлар сияқты болып барады.

 

Қыз-келіншектерге әйелге тән нәзіктік қажет.  Тал шыбықтай бұратылып тұрмасаңыз да дененің тартылып тұрғаны ғанибет емес пе? Бір байқағаным, әйел адам толықсыған сайын жабысқан киімге ұмтылады екен. Бәрі емес, әрине. Дегенмен олар бұдан арық, әдемі болып көрінбейді. Артық салмақтан арылғанша кеңдеу киім кию керек. Тырыстырып шалбар киген дұрыс емес. Әсіресе жасы ұлғайған ханымдарға шалбар емес, көйлек, белдемше киген әдемі көрінеді.

 

Аяулы ханымдар, сыртқа шығарда ерлердің көзі түспейтіндей, сұқтанбайтындай, нәпсіні қоздырмайтындай жүруге талпынайық!  Бұдан ең бірінші өзіміз зардап шегеді екенбіз.  Күйеуімізден басқа еркектер сұқтанғанда сұлулығымызды, энергиямызды алып қояды екен.

 

Буылтық құрттар секілді жүрмейік. Таңертеңнен бастап артық салмақтан арылуды бастаңыз!

 

Жалпы, жасы қырықтан асқан әйелдердің кешкі асты мүлдем ұмытқандары дұрыс дейді мамандар. Ендеше, сіз де осылай жасап көріңізші.  Ағзаңыз сізге рахмет айтады. Дене бітіміңіз ғана емес, денсаулық та жақсарады.  Өмір де өзгере бастайды. Бақыт гормондары бөлінеді.

 

Артық салмақтан арылудың жолдары мынадай: 1. Ниет ету. 2. Тәртіп. 3. Әдетті өзгерту. 4. Дұрыс тамақтану. 5. Спортпен айналысу. 6. Ерте тұру, күн тәртібін сақтау.

 

Жас келген сайын денені игеру қиындай түсетінін байқап жүрмін. Сондықтан өзімізді қолға алып, күйеулеріміздің жанында жіптіктей болып жүруге талпынайық.  Мына аффирмацияларды жиі айтып жүріңіздер: «Мен күннен күнге жасарудамын». «Менің денем күннен күнге әдеміленуде». «Менің фигурам күннен күнге күшті болуда». «Мен сымбаттымын».

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ