Қауіпсіздік қызметі қайта құрылуда

28.03.2018
Қаралды: 296

Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиёевтің «Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі жүйесін жетілдіру шаралары туралы» бұйрығы шықты. Яғни бұл елде осыған дейін жұмыс істеп келген Ұлттық Қауіпсіздік Қызметі өзгертіліп жатыр.

 

Өзбекстан Ұлттық Қауіпсіздік Қызметін 23 жыл бойы басқарған Рустам Иноятовтың таяуда лауазымынан босатылғаны, орнына елдің Бас Прокуроры болып келген Ихтиёр Абдуллаевтың тағайындалғаны белгілі. Кейін бұл саланың  біраз лауазымды қызметкерлері жұмысынан босатылды, кейбірі істі болып, тергеліп жатыр. Енді бұл қызметтің атауы өзгертілді, ол «Мемлекеттік Қауіпсіздік Қызметі» деп аталатын болды. Оның құзіретіндегі біраз салалар Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігіне берілді.

 

Мысалы, биылғы 1-сәуірден құпия ұйымдарда бақылау құрылғыларын орнату мен оларға қызмет көрсетуді және нысандарды күзету жүйесін жобалау бойынша конструкторлық бюро жұмысын ішкі істер органдары қадағалай бастайды. МҚҚ-нің тағы бір басқармасының жұмысы Қорғаныс министрлігіне беріледі. Басқа да өзгерістер жасалып жатыр.

 

Мемлекеттік Қауіпсіздік Қызметінің негізгі жұмыс бағыты – елдің қа­уіпсіздігін, шекара қызметін қамтамасыз ету, оны ішкі және сыртқы қатерлерден қорғау, барлау-қарсы барлау жұмыстарын жүргізу, ұйымдасқан қылмыс пен лаңкестікке қарсы күрес болмақ. Жалпы, қайта құрыл­ған МҚҚ-нің жұмыс бағыттары туралы заң жобасын жасау тапсырыл­ған, ол алдағы қазан айында Парламентке ұсынылмақ.

 

Міне, Өзбекстанда осындай да күрделі өзгерістер жасалып жатыр. Бұған дейін Өзбекстан Ұлттық Қа­уіпсіздік Қызметінде істегендердің көбі бүгінде милиция мен Қарулы Күштер қатарына ауысып жатыр.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ