Әлемдегі ең жайлы қай қала?

28.03.2018
Қаралды: 241

Жыл сайын әлемдегі 200-ден астам қаланың адам өміріне жайлылығына қатысты рейтингін жасайтын «Мercer» консалтингтік компаниясы кезекті рейтингін жариялады. Ондағы бірінші орынды осымен 9-шы мәрте Австрия астанасы – Вена қаласы бастап тұр. 2-ші және 3-ші орындар Швейцария мен Жаңа Зеландияның Цюрих және Окленд қалаларына тиесілі. (Айта кетейік, Венада – 2 миллиондай, Цюрих пен Оклендтің әрқайсысында 400 мыңнан аса адам тұрады).

 

Бұл рейтингте 4-орынды Германияның – Мюнхен қаласы (тұрғындары 1 миллион 500 мың адамнан аса), 5-орынды Канаданың Ванкувер қаласы (650 мыңдай адам тұрады) иемденген. Сондай-ақ Германияның Дюссельдорф және Франкфурт қалалары 6-шы, 7-ші орындарда тұр. Швейцарияның – Женева, Данияның – Копенгаген және Австралияның Сидней қалалары (Сиднейде 5 миллиондай адам тұрады) алғашқы ондықты аяқтайды.

 

Рейтингте Түркияның Стамбұл қаласы 122-орыннан, Иран астанасы – Тегеран 203-орыннан көрінген.

 

Осы орайда айта кетейік, мұндай рейтингте бұрынғы КСРО-дан бөлінген елдердің де бірқатар қалалары аталады. Мысалы, біз 2016-жылғы көрсеткіштен мынадай деректерді көрдік:

 

Ресейдің Мәскеу және Санкт-Петербург қалалары 167 мен 174-орында тұрса, Алматы – 176, Ереван – 182, Тбилиси – 188, Минск – 190, Баку – 197, Ташкент – 205, Ашхабад – 208, Бішкек – 210, Душанбе – 212-орындарды иеленіпті.

 

Жалпы, адам өміріне жайлылығы жағынан әлем қалаларының рейтингі 40-қа тарта көр­сеткіштер бойынша сараланады екен. Соның ішінде қоғамдық-саяи және әлеуметтік-экономикалық ахуал, денсаулық сақтау, білім беру, халыққа қызмет көрсету салаларының күйі, тұрғын үй құны, мәдени өмір, климат пен табиғи апаттар мүмкіндігі сияқты жайлар ескеріледі.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ