Жонарқада тұратын Шонық апа

28.03.2018
Қаралды: 211

Кешегі аптада Халықаралық әйелдер мерекесі аталып өткені белгілі. Ел ішінде осы айтулы күнді отбасылық қуанышқа айналдырғандар да баршылық екен. Әсіресе Сарыағаш ауданына қарасты Жонарық ауылының тұрғыны Шонық Тастемірованың (суретте) әулеті үшін бұл күн ерекше десек, қателеспейміз. Жыл сайын 8-наурызда ұл-қыздары аналарының туылған күнін атап өтуге жиналады екен.

 

«Біз үшін 8-наурызды мереке дегеннен гөрі, анамыздың дүниеге келген күні деп тойлаған маңызды, – дейді Шонық апаның үшінші қызы Балзия. Ал тоғыз қыздың ортасындағы жалғыз ұл Нұриддин жыл сайын барлық әпке-қарындастарын, жиендерімен қоса қой сойып, кәуап жасап күтуді отбасылық үрдіске айналдырыпты. Биылғы сексен жасқа толған қуанышы қарсаңында біз де Шонық Әгібайқызының отбасында болып, қос мерекесімен құттықтап қайттық.

 

«Отағасы 1990-жылы 50 жасында дүниеден өткен еді, – деп бастады әңгімесін Шонық апа. – Құдайға мың қайтара шүкір, Сейдехан көре алмай кеткен қызықтарды мен көріп отырмын. Асылық айтқаным емес, жалғыз ұлымды өзгелердің бірнеше баласына айырбастамаймын. Қажылыққа апарды. Басқа той тойланбаса да жыл сайын менің туылған күнім немере-шөбере, ағайын-туыс, құда-жекжаттың қатысуымен аталып өтеді.

 

Енді ұл-қыздары әкелерінің жазып қалдырған өлеңдері мен естеліктерін шағын кітап етіп шығармақшы. Мұндай игі қадамдарына мен батамды беріп отырмын».

 

Біз Жонарқаға бара жатқанда жолбасшыдан Шонық апа күйеуі Сейдехан екеуінің қыз-жігіт болып жүргендегі қызыққа толы естеліктерін айтып отыратынын естіген едік. Мүмкіндікті пайдаланып қалай үйленгендері туралы да айтып беруді сұрағанда қажы апа былай деді:

 

«Біздің қыз бен жігіт болып жүр­генімізді ешкім білген емес. Ол кезде қазіргідей қол ұстасып жүру былай тұрсын, жігіттің бетіне қарауға ұялатынбыз. Сейдехан көрікті жігіт болды. Өлең шығарып, ән айтатыны бар еді. Қазіргі жастардың тілімен айтқанда, сөйлескен қыздары қалай «сынып» қалғанын өздері де білмейтін. Сондай жігіт сөз салғанда қалай ойланасың, бірден келісіппін. Өзгелерге кетіп қалады деп күдіктенсем керек, қызғандым ба, біл­­меймін, 19 жасымда жетегіне еріп кете бер­генмін. Жігіттің бе­тіне қарауға ұялатын болса, қалай сөйлесті деп отырған шығарсың.

 

Ол кезде алманы ешкім жемей, ол төгіліп, аяқ астында жататын. Ал Сейдехан маған алма береді. Қолыма ұстатады, суға бара жат­қанда шелегіме салып кетеді немесе сөмкеге салады, әйтеуір есебін табады. Қыздар: «Неге Сейдехан саған алма бергіш? Екеуің жүресіңдер ме?» – деп сұраса: «Жоқ! Оны қайдан шығардыңдар?» – деп жолатпаймын.

 

Сол алманы оңашаға шыққанда жарып жіберсем, арасынан сезімге толы хат шығады. Сейдехан хатты өлеңдетіп жазады. Ешкімге көрсетпестен қайта-қайта соны оқимын. Ал ол алманың ішін ойып алып, хатты соған салады. Қысқасы, күнде жеп жүрген алмамыз бізге почташының ролін атқарған.

 

Сейдеханды кейін ешкімнен ешқашан қызғанбаппын. Әйтпесе ол қайда той-жиын болса, сол жерде жүрді. Қа­зіргінің асабасы еді. Келерде бір уыс өрік-мейіз әкеледі, соған мәз болып жүре бергенмін. Қойшының әйелі екен, жолда қалыпты деп кештетіп бір әйелдерді әкеледі. Шай-тамағымды беріп күтемін, кейде ұйықтап та қаламын. Бірақ жолда қалса, неге басқа жерге бармайды деп айтпағанмын. Қызғану деген болмайтын. Бәлкім ортада сенім болған шығар. Әлде ол кездің адамдары адалдықты жоғары қоя ма, біл­медім.

 

Тіпті бір күні өтіп бара жатып күйе­­уімнің бейтаныс әйелдің қолына су құйып жатқанын байқап қалдым. Ол үйге келген қонақтың қолына су құйған адам емес еді. Өзін жоғары қоятын. Бірақ неге бұл бейтаныс әйелдің қолына су құйып жүр деген ой келгенмен өзінен сұрамаппын.

 

Сондай сенімнің арқасында екеуміздің ренжісуіміз, отбасында ыдыс-аяқтың сылдырлаған кезі болмапты. Сондықтан да күйеуімнің дүниеден өткеніне 28 жыл болса да бірге жүрген кездерімізді сағынышпен еске аламын».

 

...Осыны айтқан Шонық апа көзіне жас алды. Ол кісінің әңгімесін толқи тың­дадық. Расында бұл талай ерлі-зайып­тыға ой салатын, үлгі болатын әңгіме ғой.  

 

Ұ. ҮМБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ