Мұстафа Өзтүрік мешіті жәрдемге мұқтаж

30.03.2018
Қаралды: 338

Сарыағаш ауданындағы Құркелес ауылында қазақтың біртуар ұлы Мұстафа Өзтүрік атындағы мешіт бар. Бүгінде ол күрделі жөндеуге мұқтаж. Намазхандар мүмкіндік болса, оның орнына жаңасы салынғанын да қалайды.

 

Бірақ бұл істің қайсысын болса да атқаруға аз қаржы кетпейді. Сондықтан олар сауапты іске ақшалай жәрдемдесетін демеуші іздеуде. Бұл жөнінде бізге сол ауылдың тұрғыны әрі игі істердің басы-қасында жүретін азаматы Қамбарбек Жоланов айтып берді.

 

«Осы мәселе бізді қатты толғандырып жүр, – деді ол кісі. – Мен сіздерге мешіт имамының телефонын берейін. Хабарласып көріңіздерші. Газеттен көмек сұрауды ұйғарғанбыз. Бұл жөнінде «Заманада» жазуларыңызды сұраймын».

 

Біз осыдан кейін Құркелес ауылындағы аталған мешіт имамы Махмұт Утеловпен хабарластық. Ол бізге мешіттің қазіргі ахуалы жөнінде айтып берді.

 

«Негізі біздің ауылда үш мешіт бар, – дейді ол. – Сарыағаш бізге жақын, сондықтан бұрын жұрт мешітке қалаға баратын. Кейін әркім өз тұрғылықты аумағына жақын мешітке баратын болды.

 

Біз тұрған көше ауылға жаңадан түскен кезде тұрғындар өз қаржысына жолға тас төсеткен, көпшілік көшеге Қазақстанға шетелден келіп, еңбек етіп жүрген спортшы Мұстафа Өзтүріктің есімін беруді бір ауыздан шешкен болатын. Кейін он соттықтай жерге 12х12 мөлшерде төрт бөлмелі үйге ұқсатып мешіт салынды. Әркім өзінің руына, атасына тарт­пай, оған да Мұстафа Өзтүріктің атын беруді ұйғардық. Содан бері ол мешіт халыққа қызмет етіп келеді. Дегенмен кейінгі кездері біраз мәселе туындай бастады.

 

Бүгінде біз тұратын аумақ халқы өскен, шамамен 200-дей үй бар. Мешітке жастар көп келеді, ол тарлық етуде. Айт күндерін былай қойғанда, жұма намазының өзінде адамдар сыймай қалатын кездер көп. Сондықтан бір демеуші азамат табылса, мешітімізді қайтадан салдырып немесе осы ғимараттың өзіне күрделі жөндеу жасатып берсе екен деген тілегіміз бар. Өйткені ғимараттың салынғанына 20 жылдай болған, ол ескірген.

 

Осыдан бірер жыл бұрынғыдай емес, қазір ортадан ақша жиып іс жасау оңай болмай қалды. Өйткені ақша жинасаң, оған біреулер қосылады, біреулер қосылмайды. Көбі күнкөріс қамымен жүргендіктен жұртты мұндай іске жұмылдыру да қиын. Ал уақыт өткен сайын мешітіміз ескіріп барады. Сондықтан оны жаңарту үшін көпшілік арасына таралатын газет арқылы жәрдем сұрауды ұйғардық. Қалталы азаматтар немесе басшы азаматтар оқып, көмек қолын созар деген үмітіміз бар».

 

...Мешіт имамы осылай дейді. Қысқасы, М.Өз­түріктің атын иемденген  имандылық үйі бүгінде жаңғыртуды қажет етеді. Ол үшін сауапты істі мойнына алып, қаржылай қолдайтын адам керек.

 

Сарыағаш – облысымыздағы халқы ең көп, небір белгілі азаматтар шыққан, адамдары еңбек­қор, шаруашылығы өркендеген өңір. Ендеше бұл аумақтан Мұстафа Өзтүрік атындағы мешіттің жаңаруына өз үлесімді қосамын деген бір емес, бірнеше азаматтың шығуы да ғажап емес деп ойлаймыз. Ал көмек қолын ұсынғысы келетіндер мешіт имамымен телефон арқылы байланыса алады.

 

Р. ҚЫДЫР.

Махмұт Утеловтің байланыс телефоны: 8-701-236-91-87.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ