Момынның ақысын жеу қашан тыйылады?

27.03.2018
Қаралды: 547

Таяуда бір көше тазалаушы жігітпен әңгімелесіп қалдым. Аздап жөн сұрасқан соң ол маған өзін тол­ғандырып жүрген жай жөнінде айтты.

 

«Қарапайым отбасында өскен едім, – дейді ол. – Әкем өте тұйық мінезді, момын жан болатын. Анам жиі ауыратындықтан үйден шықпайтын. Бүгінде екеуі де марқұм болып кеткен. Отбасында төрт бала өстік, алдымда екі әпкем, сосын артымнан ерген інім болды. Өте жұпыны тұрдық.

 

Бала кезімде ертерек ержетуді армандадым. Үлкен азамат болғанда бұдан басқаша өмір сүремін деп ойлайтынмын. Бірақ менің дегенім болмады. Бауырларыма да менің ойлағанымдай өмір бұйырмады. Жоқшылықты жеңемін деп мен істемеген жұмыс қалмады...  Өз басым әупірімдеп жүріп, жасым 30-ға таянғанда әзер үйлендім. Мен сияқты оқымаған адамға оқып-тоқыған да, бойдақ қыз да бұйырмады... Тірнектеп жиғанымнан қала шетінен, бітпеген 2 бөлмелі шағын үйді әзер алдым.

 

Тазалықшы жұмысына кіргеніме биыл үшінші жыл болды. 40 мың теңге жалақы аламын. Әйелім – мектепте еден жуушы, табысы менікімен шамалас. Бәрін тастап, саудаға шығайық десек, екеуміздің де оған ебіміз жоқ. Құдайдың берген екі ұл, бір қызын өйтіп-бүйтіп асырап жүрген жайымыз бар. 70-тей тауық асырайтын едік, оның жартысын жақында ұры алды. Учаскелік инспекторға шағымданғанымда ол өзімді әжуа етті. «Ені, сырғасы жоқ тауықты қайдан, қалай іздеймін?» – дейді. Ал ұрыны өзім-ақ іздеп тапқан едім, бірақ оған ештеңе істей алмай, шарасыздықтан басым қатты. Өйткені оның анасы күйеуі жоқ жесір әйел екен, зар жылап, екі зейнетақысын беруге уәде етіп отырып алды. Қайтейін, олар да өзіміз сияқты жетіспеушіліктен жүнжіп жүрген жандар екен, соны сезінгенде аза бойым қаза болды. «Аш иттің артын сұқ ит жа­лайдының» кері ғой.

 

Жақында бір туысымыз Оңтүстік Кореядан оралған еді. Онда екі жыл жұмыс істеген болатын. Жақсы табыспен келді. Ол жақта еңбегіңді алдап жеу деген болмайды екен. Ең бір қиналатын нәрсе – есепке тіркеле алмағасын қашып жүру екенін айтты, ал басқасына әбден риза болыпты. «Неге тіркеле алмадың?» – десем, Қазақстан дамыған ел болғандықтан ол жақпен жұмыс күшіне қатысты келісім жоғын айтады. Ойланып қалдым.

 

Біреулер киім түгілі тамағын тауып жей алмай жүргенде ол қайдағы дамыған ел?...

 

Бірді айтып, бірге кете бердім-ау...

 

Ауылдағы мен өскен қара шаңыраққа көрші үйдің өзім қатарлы ұлы бар, бүгінде жол полициясында инспектор болып істейді. Сол азамат қазір менен ондаған есе бақуат тұрады, коттеджі, шетелдік екі қымбат көлігі, бірнеше сауда нүктесі бар. Бір ғана жалақысымен осындай  жағдайға қалай жетіп отыр деп ойлаймын кейде. Қайдан, қалай келетінін де ішім сезеді. Бірақ...

 

Демалыс күндерінде арбамен жүк тасып табыс табатыным бар. Тынымсыз тірліктен қажып, кейде қателікке жол бересің. Менде былтыр сондай бір жағдай болды. Арба үстінде отырып қалғып кетіппін, тарс еткен оқыс дыбыстан шошып ес жидым. Сондағы көргенім арбаға соғылып, артқы жағынан аз ғана сызат түскен қымбат көлік болды. Одан едіреңдей түскен екі жігіт ай-шай жоқ мені кінәлеп, соққыға жықты. Мұрын қанады, шеке жарылды. Кінәсіз бола тұра көрген қорлығыма қатты жасыдым. Әкем марқұм: «Ешкімді ренжітпе», «Тек жүрсең, тоқ жүресің», «Құдай момынның ақысын жемейді» дегенді жиі айтушы еді. Сонда «тек жүрген» менің момындығымның ақысы қайда? Атамның, әкемнің, менің маңдайымызға тек қана кедей болу жазылған ба? Оның шегі енді қашанға дейін созылады?..»

 

Осылай деп өз ойына өзі булыққан ол межелі жеріне жеткен соң көліктен түсіп қалды. Негізі үнсіз тыңдап, түсінгенім болмаса, мен оны жұбатарға сөз таппадым. Не дерімді білмедім, расын айтқанда.

 

Ал сіз мұндайды естігенде не дер едіңіз? Мен мұны көпшілік арасына таралатын «Замана» газетіне арнайы жолдап отырмын. Ойыңызбен бөліскеніңізді қалаймын.

 

Кенжеқұл ЕСЕНҒАЛИ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ