Қалада тұрсақ та майшам жағамыз

30.03.2018
Қаралды: 287

Редакциямызға Зоя Қаржаубаева есімді әже (суретте) шағымданып келді. Жасы 75-тегі қария Шымкенттің «Тұран» шағын ауданында тұрады екен. Өзі 2-топ мүгедегі, көзі нашар көретініне қарамастан тәуекел деп жолға шығыпты.

 

 

«Қалада тұрсақ та майшам жағамыз», – дейді Шымкенттегі  «Тұран» шағын ауданының тұрғыны

 

«Газеттеріңнің ізгі істерге жиі атсалысатынын білеміз, – дейді Зоя әже. – Сондықтан да мұқтажымызды өздеріңе айта келдім. Біздің «Тұран» шағынауданында дәл қазір ең басты мәселе жарықтың жетіспеушілігі болып тұр. Шамасы жеткен бір-екі үй жеке меншігіне трансформатор орнатып алған, бізге соған қосылудың өзі оңай емес. Ақысын төлеп, электр желісін жалғап, қосылуға болады, бірақ иелері нотариус растаған қолхат талап етеді. «Қандай да бір ауытқу туындап, теледидар, тоңазытқыштарың күйіп кетсе, сол үшін жауапты болмауым керек», – дейді.

 

Жарықсыз отырып қиналғанымыз сонша, олармен келісіп, үйге электр желісін тартуға құмбылмыз, бірақ ол үшін қомақты қаржы керек. Трансформаторлардың бірінің иесі ол үшін – 200 мың теңге, екіншісі 100 мың теңге сұрайды. Одан бөлек, бағана орнату, сым тарту керек. Бізге электр бағанасының құнын былай қойғанда, оған тарту үшін ғана 1000 метр сым керек екен. Ал ол аз ақша тұрмайды. Қанша жинаймыз десек те шамамыз келмей жүр. Балаларым «Тұраннан» жер телімін 2006-жылы алған еді, үй салу үшін несиеге кірген, енді тапқан-таянғандары соның өтемін төлеуге кетіп жатыр. Өзім зейнетақымнан жинайын десем, ол күнделікті ішіп-жемнен артылмайды. Қысқасы, қалада тұрсақ та майшам жағып отыруға мәжбүрміз. Сондықтан біздің жайды айтып газеттеріңде мақала жазсаңдар екен».

 

Зоя әже осылай дейді. Айтуынша, бұл аумаққа қаладан қоғамдық көліктер бармайды. Жол нашар, қыста, жаңбырлы күн­дерде батпағы шығып жатады. Жұрт бірталай қашықтағы асфальт жолға әркімнің көлігін жалдап жүріп немесе жаяу-жалпы жетеді. Батпақта үлкен жолға дейін бір аяқ киіммен барып, сосын оны тазасына алмастырып кию олар үшін үйреншікті жайға айналған.

 

Бұл аумаққа әзірге газ да тартылмаған. Мектеп, дәрігерлік бекет түгілі, ішерге су да жоқ. Суды «водовозбен» апарып, ақшаға құйып кетеді. 5 тонналық цистернаңыз болса, оған суды 2500 теңгеге толтырып алып, бірер күн пайдаланасыз.

 

Әжейден біз осындай жайлар жөнінде естідік. «Балаларым таңнан кешке дейін жұмыста. Әсіресе өсіп келе жатқан немереме қиын болды. Үй тапсырмасын күн жарықта орындап алуға тырысады, оған үлгермесе, сабағын түнде  шамның жарығымен оқиды. Бір ауық теледидар көріп алданатын да мүмкіндік жоқ. «Қайтпас» жақ бетте салынып жатқан көпқабатты үйлер біткесін бізге де қажетті нәрселер жеткізілетін шығар, бірақ оған дейін қанша уақыт өтетіні белгісіз. Сондықтан дәл қазір бізге осы «свет» жағынан жәрдемдесетін адам керек болып тұр», – дейді Зоя әже.

 

Қысқасы, ол кісілер үйіне электр желісін тарту үшін қажетті қаржы беретін демеуші іздейді. Айтуынша, оған 300 мың теңгедей қаржы қажет болатын сияқты.

 

Ендеше, жаны жомарт, жақсылық жасау қолынан келетін адамдар шығып жатса, бұл кісілерге бір жәрдемін берер деген үміттеміз. Мүмкіндік болып, қолдан келіп жатса, жақсылық жасаған жақсы ғой.

 

Т. ТҰРАН.

Зоя әженің байланыс телефоны: 8-705-885-58-42.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ