Оңтүстік Кореяда бәрі керемет екені рас па?

30.03.2018
Қаралды: 807

Қазір «көштен қалмай, жұртта жатпай» тіршілік ету де оңай емес. Епті жұрт несібесін есік алдынан ажыратса, пысықтар пайдасын пайыз көтеріп табады. Қалай десек те, қарап жатқан жұрт жоқ. Жұмыссызбын деп жүре беруге де болмайды. «Есектің артын жусаң да ақша табатын» мына уақытта отбасын шет елде еңбек етіп асырап жүргендер де бар. Бұл сөзімізге «Фейсбуктегі» мына жазба дәлел. Раушан Жакешбай былай жазады:

 

Кореяда жұмыс та, табыс та көп дейді

 

«Достар, бір қызықты айтайын. Күйеуімнің базардағы көршілес саудагерлерінен үш әйел Оңтүстік Кореяға кеткен ғой жақында. Солар «ватсаппен» хабарласып, қалай жет­кендерін, қанша айлыққа жұмыс істейтіндерін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

 

Кореядағы бір қаланың аумағында үлкен-үлкен 80-нен аса зауыт, фабрикалар бар екен. Корея – нағыз өндіріс ошағына айналған ел дейді. Келісім-шартқа отырыпты, 6 айға. Машина шығаратын зауытқа кіріпті. Автобуспен тегін әкеліп, тегін әкетеді. Күніне түсте тегін тамақ. Сенбі, жексенбі – демалыс. Сағат кешкі 5-ке дейін жұмыс. Айына 2200 доллар, яғни күніне 100 доллар таза төлейді екен.

 

Базардағы саудасы тоқтап тұрған біраз коммерсанттар кететін болып жатыр. Бір айда 1 миллиондай теңге тапса, алты айда қолыңа 6 миллион түседі. Екі жыл істеп келіп, қаладан ойып тұрып екі қабатты зәулім үй сатып алып, жағдайын толық жасап алыпты бір саудагер. Тағы бір әйел «мусор» тазалайтын жұмысқа кіріп, сөйтіп ақшаны мол тауып, елге келіп, қызын ұзатып, баласын үйлендіріп, тойларын жасап, құдалығын өткізіпті.

 

Ел ішінде он жылдан бері не үй, не жер ала алмай, кредиттен-кредит, тиыннан-тиын санап, жемқор жүйелі тіршіліктен әбден әбіржіп кеткен жұрт сол жаққа кетіп, жұмыс істеп, жағдайын жасап алуына толық мүмкіндік бар. Жұмыс көп дейді. Ақшадан қиналып жүргендер тәуекел етіп, кетсе болады. Қазір билікке қарап отыратын заман емес шынымен. Уақыт болса зымырап жатыр. Үкіметімізге өкпелеп, жұмыс жоқ деп жүргенде қартайып, күш-қуат босқа кетіп, өмір құр өтетін болды. Тұрмыс құруға асықпай жүрген, не ажырасқан, үйі-күйі жоқ әйелдер барып, 6 ай жұмыс істеп қайтса, бір бөлмелі пәтер сатып ала алатын мүмкіндігі бар. Ойланыңыздар!

 

Бір ескерту: заңгерлермен ақылдасып, жан-жақты біліп, пысықтап алу керек».

 

...Өткен жексенбі күні жарық көрген бұл жазбаға көптеген адам пікір қалдырыпты. Бірі мақұлдады, екіншісі келіспеді.

 

Жұрт пікірі қандай?

 

Ақмарал Лесова: Нәпақа табу үшін қанша адамдар кетіп жатыр. Ауылдың қыз-жігіттері де барып-келді.

 

Төртуыл-Шоқан: Бір бөлке нан 850 теңге тұратынын, етті бір-бір сыйлыққа ғана беретінін айтпады ма? Кореяда бар табыстармен қоса ондағы қиындықтарды қосып жазыңыздар.  Менің қызым сонда, оқуда. Кәрістер ағылшынша көп сөйлемейді екен. Қазақ жейтін тамақ жоқ. Нан қымбат. Суы жақпай жатыр. Ет тапшы. Мен осыны айтып-жазып отырмын. Табыс соңында денсаулық кет­песін дегенім.

 

Раушан Жакешбай:  Енді қызықсыз, бешбармақпен қамтамасыз етуі керек пе? Былтыр бір көршіміз кетті. Жазда кетіп, жаңа жыл жақындағанда оралды. Бәрі дұрыс деп келді. Қомақты ақша тауып, үш бөлмелі пәтер сатып алды.

 

Құрбан Елеуов: Қазір көпшілік Қызылордадан да кетті. Бірақ бәріне 2200 $ жұмысы жоқ, орташасы 1000 доллар.

 

Бақытжан Құдайберген: Кореяға кіре алмай, әуежайдан кері қайтып жатқандар бар.

 

Жанат Нұр: ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет депар­таментінің директоры Ардақ Мәдиев мәлімдеме жасаған болатын. Оның айтуынша, Қазақстаннан Оңтүстік Корея­ға 6500 азамат заңсыз жолмен жұмыс істеуге кетіпті.

 

«2017-ші жылдың ортасына дейін Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға 5500 адам заңсыз жолмен көшіп барған. Жылдың аяғына дейін аталған көрсеткіш 6500-ден асты. Яғни ол жақтағы заңсыз еңбек мигранттарының саны күрт көбейді. Оңтүстік Кореяның ақпаратына сәйкес, онда қазір қара риэлторлар тобы бар. Олар қазақстандықтарды жинап, Оңтүстік Кореяға заңсыз жұмысқа жіберіп отырады. Оларда ешқандай еңбек келісім-шарты да, медициналық сақтандыру да болмайды», – деген болатын.

 

Раушан Жакешбай: Қауіпсіздік шаралары үшін ол жақтағы елшілікке барып тіркеліп, жұмыс істеп отырған орынның адресін толық көрсетіп, жазылып кету міндетін орындаса, сосын қандай жағдай болмасын, заң бар дегендей.

 

Жібек Сейтметова: Заңгерлермен ақылдаса алмайды. Жұмыс істеуге виза бермейді Қазақстан. Барып жатқандардың бәрі турист ретінде барып, қалып кетіп жатқандар.

 

Жайықтың қызы Айша Уәлиолла: Бағыңа қарай. Осы Корейге кетіп, құжатсыз, нәпақасыз, әркімге жем боп кеткен қанша адамды білем. Бұрын мүмкіндік болған шығар. Ал қазір қауіпті негізі. Бірақ кейде өзім де елден безіп кеткім келеді. Виза алу да оңай емес.

 

Қайыржан Әлтай: Мүмкіндігі мына Кореяны мың орап алатын Қазақстан­ға Кореядағыдай билік келсе, қазаққа нағыз жұмақ орнайды. Кезінде ит жегіш, пияз еккен жаман кәріс деп менсінбей жүргенше, біреуімен дос болып, тілін үйреніп алу керек еді. Орысқа оралдық та қалдық...

 

Гүлжан Жақыпбекова: Мен танитын таныстардың бәрі сол Кореяға кеткен. Жақсы табыспен келіп жатыр. Әйелдерді көп қабылдап жатыр деген. Ер-азаматтарды көп тексереді екен.

 

Абзал Құспан: Мен студент болған сона-а-ау 1995 – 1996-шы жылдары Алматыда бір таныс ағайым сол елге барып, бір жылда 10.000 $ тауып (ол кезде сұмдық көп ақша), Алматыдан үй сатып алған болатын. Артынан әйелін алып, тағы кеткенін естідім.

 

Айгүл Жүсіпқалиева: Мынау жақсы екен. Үйлері жоқ, жұмысы жоқ адамдар әйтеуір тұрмысын түзеп алады ғой. Елде жүргенде де денсаулығы кетіп жатыр ғой көбінің. Не дұрыс жұмыс жоқ, не жарытып ақша жоқ. Дәрігерге қаралса, ол да дұрыс қарамайды.

 

Жайка Далагүлі: Барғандар ұнатпай келді.

 

Біржан Қожақов: Иә, мұның біздің билікке де қатысы бар. Кореяның мұнайы жоқ ел. Қарап отырсаң, xалықтың жағдайы керемет. Міне, жемқорлық жоғының дәлелі. Ал бізде ел басқарып отырған шенеуніктер бастаған ұрылар оңды-солды тонап жатыр. Нәтижесі міне – қарапайым xалық зардабын шегіп отыр.

 

Айнұр Әбдікәрімова: Ақшасына қарай жұмысы өте ауыр екен. Тамақтары да тәтті-ащы бірдеңе дейді. Менің жолдасым сол жақта қазір. Жақында бір жыл болады. Халқы өте ұлтшыл дейді. Бірақ біздің Қазақстандағыдай «стройкада» лақтырмайды екен. Ол жағына адал, біреудің ақысын жеп қою деген жоқ. Өте «пунктуальный» ел екен. Таңғы бестен жұмысқа кетеді, кешікпеу керек. Табысы, Аллаға шүкір, бала-шағаның несібесі келіп жатыр.

 

Раушан Жакешбай: Біздің елде де «Доширак» ішіп, асқазанына талғажау етіп жүргендер көп қой.

 

Гүлназ Елеусізова: Менің де таныстарым сол жақта жұмыс істеп жүр. Табыстары жаман емес, біраз «кредиттерін» жауып, көлік, анау-мынау алды.

 

Еркебұлан Жұбанов: Мен де барайын, тауып беріңдерші.

 

Мөлдір Сұлтамұратова: Өтірік емес, «через» Тайланд немесе Вена арқылы бару керек. Сонда «норма» болады.

 

Рүстем Алашұлы: Корей еліне жұмыс визасы жоқ сияқты еді ғой?

 

Кәмшат Ханым:  Қазақстаннан Кореяға виза жоқ. Келгендер бір айға турист ретінде келіп, «нелегал» болып қалады. Өзім қазір Кореяда жүрмін.

 

Жанат Нұр: Иә, туристік визамен барып, қалып қояды. Сосын үйден шықпай, тек қана зауыт пен үйдің ортасында ғана жүреді, полицияның көзіне түспеуге тырысады.

 

Жанат Тұрғанбаева: Ағайындар! Қазақстанда жұмыс жоқ емес, бар ғой. Табысы аз демесе. Соған шүкір етейік. Ол жаққа барып құл болғанша, өз елімізді көтерейік. Сонда біздің де жалақымыз сондай болады.

 

Қайыржан Әлтай: Ниетіңіз дұрыс. Бірақ сізге елді көтертейін деп тұрған кім бар?

 

Жалғасбай Балмағанбетов: Иә, біздің жалақымызды көтереді деп жүргенде ыңыршағың айналып кетпей ме? Бірақ аналар семіреді, ақша санап отырғандар.

 

Ершат Қайболдин: «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» Қайран, қазағым-ай...

 

Шекер Алшынбекова: Менің танысым барған еді, әуежайдан кіргізбей, кері қайтып, шығынға батып қалды. Тағы да тәуекел етіп, барамын дегенде өзбектің бір қу қатыны алдап, ақшасын зорға қайтарып алған жағдайы бар.

 

Ақылбек Елмаханов: Солардың басшыларын елге шақырайық та, сонда бәріміз жақсы болып кетер едік...

 

Деректер не дейді?

 

Ашығын айтқанда, жұрт еріккеннен шет ел аспайды. Кім өз елінде, от­ба­сының ортасында отырғысы кел­мейді дейсіз? Бірақ бәріне бірдей жұмыс табыла бермейді. Елімізде жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер­дің саны 441,8 мың адам­ға жуықтайды екен. Статистика мамандары жұ­мыссыздар жалпы халықтың 5 па­йызын құрайды дейді.

 

Деректер өткен жылы Қазақстаннан Кореяға заңсыз түрде жұмыс іздеп барғандар саны 6600-ге жеткенін көрсетеді. Бұл көрсеткіш күннен-күнге көбейіп бара жатқан көрінеді. Нақты айтсақ, 2014-ші жылмен салыстыр­ғанда 11 есеге артқан.  Соған орай Корея былтырғы маусым айынан бастап Қазақстаннан баратын барлық азаматтарды тексеруді күшейткен. Оған себеп жоқ емес.

 

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі ол елде түрлі жағдайға ұшырап, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан, еңбек қауіпсіздігі сақталмағандықтан мүгедек болып қалған, заңды келісім-шарт болмағандықтан еңбек­ақысын ала алмай алданған, ауыра қалса медициналық көмекке жүгіне алмайтын қазақстандықтар көп екенін айтады.

 

Оларға консулдық та көмек бере алмайды екен. Себебі басым көпшілігі саяхатшы ретінде бір айлық визамен барып, кері қайтпай, қалып қойғандар. Заңы қатал, мәселені парамен шешу деген түсінік жоқ, бірен-саран ондайлар болып қалса өмірінің соңына дейін түрмеге тоғытылатын елде мұндай қиындыққа тап болсаңыз, жағдайыңыз мүшкіл болары сөзсіз. Сондықтан Кореяға баруға бел шеш­сеңіз, абай болыңыз демекпіз.

 

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ