Қайда беттеп барасың, қайран халқым?

27.03.2018
Қаралды: 639

Бүгінде қоғамымызда келеңсіз жайлар өте көп. Бір жаманы, оған жұрттың еті үйреніп барады. Тіпті солай болуы тиіс сияқты көретіні бар. Осындай жайлар мені қатты ашындырады.

 

Маңызды нысандарды жеке меншікке бермеу керек

 

Жақында пойыздан бір танысымды күтіп алған едім. Ол келген вагоннан арқаланған жүгі бар тағы екі-үш жолаушы түсті. Біреулерге ренжіп, бұрқылдай сөйлеп жүр екен, жақын барып, жөн сұрадым.

 

«Бұрын бұл пойыз «Састөбе» стансасына тоқтайтын, қазір жекеменшік болғасын қожайындар ол жерге тоқтатпайтын болды. Енді Састөбеге такси жалдап шығынданамыз, соған ренжіп тұрмыз», – деді біреуі. «Бұлар ойына келгенін істейтін болды. Әр пойызда прокурор, сот, әкім, тағы басқаларға арналған төрт-бес жеке вагондары бар, түскен ақшаны соларға апарып береді», – деді екіншісі ашуын ірке алмай.

 

 Мұны басқа адам естісе мән бермеуі де мүмкін. Ал мені бұл қатты ой­ландырды. Бұрын газетте теміржолды, өзен-көлдерді, жерді, электр қуатын, коммуникация және  тағы басқа да маңызды нысандарды жекеменшікке беруге болмайды деп жазған болатынмын. Қазір бәрі жеке меншікке өтті, одан кім, қандай пайда көріп жүр? Сонда мемлекетте не қалды, несіне сонша  министрлікті,  мыңдаған мамандарды жалақы төлеп, ұстап отыр? Олар не істейді, кімді басқарады, тек барып-қайтып жүре бере ме?

 

Қыздарға тыйым болмай барады

 

Таяуда «Евразия» каналынан кілең тырдай жалаңаш қазақтың қыздарын көрсетіп жатыр. Біріне-бірі асылып, анайы қатынастың түр-түрін көрсетіп жатыр. Мұны көріп төбе шашым тік тұрды, алқынып, жүрек ауруының дәрісін іштім.

 

Осы жерде «Қазақы ат жемқор болса, атдорбаның түбін тесер» деген сөздің шындығына көзім жетті. Әр нәрсеге еліктеудің түбі қазақты сорға жетелеп барады. «Қызға – қырық үйден тыйым» дейтін қазақ бүгінде өз қыздарына ие болудан қалып бара ма деп шошыдым.

 

Бүйте берсек неміз қалады? Ұлт ретінде мазақ болып бітпейміз бе?

 

Асырай алмаса, бала тумасын дегім келеді

 

Теледидардан бес-алты бала туып, үй-күйі, күйеуі жоқ, вагон паналап, жертөле жалдап, зар еңіреп жүргендерді жиі көрсететін болды. Соны көріп отырып, баланы туарда қайда тұрамын, қалай асыраймын, қалай оқы­тып, білім беремін де­генді бұлар неге ойланбайды деп таңырқаймын. Егер ойланса, сонша ба­ла тумаған болар еді.

 

Міне, осылардан туған ұлдар «Құлбазарға» барып жұмыс іздеп, қыздары көрінген ке­лім­секке ма­зақ болып жа­тады. Немесе көрік­тілері бай қа­тындарға қолбала болып, жезөкшеге айналады, аяғы Қытай, тағы басқа ұлттарға не қатын, не отын болатынына күмәнім жоқ. Неге жастар осындай азғын, ұятсыз болып бара жатыр, себебі неде, ары қарай не болады?

 

Менің жасым қазір 76-да. Ешкімнен жәрдемақы немесе басқадай көмек сұрамай-ақ 7 баланың бәрін де азамат етіп өсірдік. Ал қазіргілерге не болып барады? Жағдайды сараптай келе мынадай қорытындыға келдім.

 

Ұятсыз, жеңілтек қыздардан дәл өздеріндей бала дүниеге келеді. Қазір әр 10 баланың біреуі мүгедек, ауру болып туылуда деп естиміз. Сонда ондай баланы туудың қанша қажеті бар? Ол балалары есейгенде әке-шешесін қарғайтын болады. Сол үшін жұрт неше баланы асырап, оған дұрыс тәрбие бере алады, соған қарай әрекет етуі керек.

 

Ел басқарып отырғандарға айтарым бар

 

Қазақстанда байлықтың бәрі бар. Газ, мұнай, темір, көмір, астық, мал, өндіріс орындары жетеді. Осының бәрін тиімді пайдаланудың жолын іздеп, жоспарлы түрде жүзеге асырыңдар. Ал жерді сатуды мүлде тоқтату керек, ол туралы сөз қозғаудың өзі артық. Сатылып кеткен жер болса, оны халық игілігіне қайтарған жөн. Сонда ғана қазақтың көсегесі көгеруі мүмкін.

 

Жерді ата-бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен  біз үшін қалдырған. Біз де  оны ұрпағымызға мұраға қалдыруымыз керек. Сонда ғана бабалар арманы орындалады, ұрпақ алдында қарабет болмайсыңдар. Жер-ананы сатқаның өз анаңды сатқанмен тең екенін түсінетін уақыт жетті.

 

Қара бастың қамын күйттей бермей, ел мүддесін ойлайық, ағайын!

 

А. ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ