Асқар есімі асқақтаған күн

26.03.2018
Қаралды: 555

Биыл әдебиет сыншысы, жазушы, драматург Асқар Сүлейменовтің туыл­ғанына  80 жыл толмақ. Осы орайда ол туып-өскен Созақ ауданындағы Шолаққорған ауылында «Сөз зергері» атты көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы ұйымдастырылды.

 

А.Сүлейменовтің шоқтығы биік туындыларды дүние­ге әкелгені белгілі. Ол «Адасқақ», «Бесін», «Бес­атар» прозалық шығармаларын жазған, әдебиеттің сын саласында, драматургия саласында еңбек еткен. Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығын алған. Аудан орталығы Шолаққорғандағы жалпы орта мектебіне Асқар Сүлейменов аты берілді, ескерткіші орнатылды.

 

Міне, осы азаматтың атындағы өткізілген байқауға Оңтүстік Қазақстан облысының аудан, қалаларынан іріктеуден өткен 14 үміткер қатысып, А.Сүлей­меновтің шығармаларынан үзінділер, түрлі авторлардың немесе өз шығармашылығынан «Аңыз-ғұмыр, Асқар – жыр» арнау өлеңдерін оқыды.

 

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Созақ ауданының үміткері Асхат Айдүйсенов лайық деп танылып, оған 150 мың теңге ақшалай жүлде табысталды. Бірінші орын мақтаралдық Аида Әбдиге бұйырып, 120 мың теңге тапсырылды. 100 мың теңге сыйлығы бар жүлделі екінші орын Бәйдібек ауданынан Мәди Сәулебектің еншісіне берілсе, үшінші орын және 50 мың теңгелік жүлделерді Арыс қаласынан Ақшолпан Тәукебаева мен созақтық Күләш Нысанбек иемденді. Ал облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесімен Отырар ауданының қатысушысы Өркен Асан марапатталды.  Өзге де үміткерлерге арнайы дипломдар мен 30 мың теңге ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.

 

...Қысқасы, созақтықтар ауданның 90 жылдық тойы аясындағы ауқымды іс-шараларды бастап та кетті. Биыл Тәкен Әлімқұлов пен Төлеген Момбековтің 100 жылдығы, Бәтима Батырбекованың 90 жылдығы, Асқар Сүлейменовтің 80  жылдығы кең көлемде аталып өтеді. Оған қатысты түрлі жұмыстар істелініп жатыр. Алдағы уақытта республикалық ғылыми-теория­лық конференция өткізу жоспарлануда.

 

Е. РАЙЫМҚҰЛОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ