Ұятсыздықты жарнамалап, ұрпақты аздыруда

27.03.2018
Қаралды: 281

Көптен бері жазуды ойланып жүрген мәселем еді. Толғағы бүгін келіпті. Оған 11-сыныпта оқитын қызымның әңгімесі түрткі болды. 

 

 

Қызым тұмауратып, өткен аптада сабаққа бармай қалған. Бүгін мектептен келісімен: «Кешегі аптада параллель сыныпта оқитын бір қыз туып қалыпты. Соған байланысты мектепте шу болып жатыр екен. «Завучтарды» орнынан алып, тағы біраз мұғалімдерді жұмыстан шығарып жіберіпті. Бізге де қыздар жиналысын жасап, әбден ұрысты. Соның кесірінен естімеген сөздің бәрін естідік. Мұғалімдердің не кінәсі бар десеңізші? Бекерден-бекер жұмысынан қуылып...» – деді ренішті күйде.

 

«Босанғаны несі? Қа­лайша?» – деп сұрадым таңданысымды жасыра алмай. «Солай, – деді қызым. – Ең қызығы, ол қыз қашан бала туғанша сабаққа келіп жүрген». «Жүкті екенін ешкім біл­меген бе сонда?» «Біл­мепті. Ішін қысып байлап, білдірмей жүріпті. Ата-анасының бірі біздің мектепте мұғалім екен. Қызы мектеп былай тұр­сын, күллі ауыл мен ау­данды шулатып жатқанда намыстанып өзі-ақ жұмыстан шығып кеткен шығар, иә? Әйтпесе ана жұмыстан қуылған мұғалімдердің бетіне қалай қарайды?» – деді қызым сұраулы жүзбен. «Қайдан білейін? Ана қыздың жағдайы не болып жатыр екен енді?» – деп едім: «Кінәлі 1995-жылғы бала екен. Әкесі соған күйеуге беріп жіберіпті», – деді қызым. Не айтарымды білмедім.

 

Былтыр да ол осындай жиналыс болғанын, оқушы қыздардың жігітпен жүретінін, тіпті екіқабат болып қалғандары да бар екенін айтқан еді. «Солардың кесірінен біз ұрыс естиміз», – деп ашуланып келетін. Ол кезде мұғалімдері мектепте сондай нәрсе болмасын деген оймен қаттырақ батырып айтатын шығар деп ойлау­шы едім. Сөйтсем, оным әшейін өзімді жұбату екен ғой. Ал бүгінгі естігенім тіпті жағамды ұстатты. Мынау деген сұмдық қой! Бір жағымызда жоғары сынып оқушылары әлімжеттік жасап, жеті жасар баланы зорлап жатса, екінші жағында мектеп табалдырығында жүріп оқушы қыздар бала тапса, болашағымыздан не үміт, не қайыр күтеміз? Жауапты қызмет­керлерді орнынан алғанмен, қалған қыздарға мың жиналыс жасап, жер-жебіріне жетіп ұрысқанмен бұл мәселе шешіле ме?

 

Мұндай сорақылық қайдан бастау алып жатыр? Біз неге соның себебін тауып, оны түбірімен жоюға көп болып үн қоспаймыз? 

 

Барлық пәле қосып қалсаң, бірінің ернін бірі жұлып алардай болып, бірінің үстіне бірі шығып, төсекте жатқанына дейін ұялмай көрсететін телеарналарда. Тіпті «Олвейс», бәле-бәтерлерді жиып қойып, мүшеқапқа дейін жарнамаланатын болып кетті. Бала-шаға оны көрмей тұрмайды, одан тыя алмайсың. Қала берді, жүгенсіз кеткен интернет бар. Одан тіпті сорақысын көреді. Осының бәрі балаларымыздың санасын улап, ақыры осындай жағдайларға жеткізіп жатыр.

 

Таныс мұғалім келіншек: «Қазір эротикалық киноларды тапа-тал түсте көрсете беретін болыпты, – деген еді бір жолы. – Сабағым түстен кейін болатын. Түнде бітпей қалған жазуларымды жазып отырып теледидарды қоссам, бір кино басталды. Оны күйеуім екеуміз дискіден көргенбіз. Бар бәлені ашықтан-ашық көрсететін жерлері барын білемін. Сағат бірде 6-сыныпта оқитын қызым мен сегі­зіншідегі ұлым сабақтан келеді де, мен жұмысқа кетуім керек. Мына кино екі сағат болады. Егер мен кеткесін олар көрсе ше? Көңіл-күйім нілдей бұзылды. Сабақ өткендей болмадым. Қайта-қайта үйге «звандап», балаларымнан не істеп жатырсыңдар деп сұрай бердім».

 

Осылай деген ол күндіз өзі жұмыс­та болған уақытта балалары теледидардан осындай жүгенсіз нәрселерді көріп бұзылып кетпей ме деп қатты уайымдаған болатын.

 

Тағы бір жолы көршім дүкенге барғанда дүкеннің артында екі көршінің бес-алты жасар ұлдарының ұятсыз қылық жасап жатқанын байқап қалып, екеуінің де ата-анасына айтқан ғой. Сөйтсе, біреуінің ата-анасы баласын аямай ұрып жазалапты да, екіншісі: «Құдай-ау, бұлардың ойында не бар дейсің? Кинодан көргенін істейді де бала деген», – деп қарап тұр дейді. Бұған не дейсіз?

 

Ұятсыздық пен арсыздықтың шы­ңына шығып болдық қой әбден. Енді не күтіп отырмыз? Телеарналардағы арзан күлкіге құрылған арсыз бағдарламалар мен төсектің айналасына келіп тірелетін киноларды көрсетуден тыятын кез келген жоқ па?

 

Ара-тұра есті әңгіме айтатын бір адам шыға қалса, сөздерін монтаждап быт-шытын шығарады. Кеше «Сырласуға» абайтанушы Омар Жәлел келіп, тәп-тәуір әңгіме айтып отыр еді, техникалық ақау болды ма, сөйлеп отырған жерінде тоқтап қалды да, сол күйі әңгімесін аяғына жеткізбей бітіре салды бағдарламаны. Халық дені дұрыс әңгімені естімесін деп қастандық жасап жатқандай көрінді маған.

 

Қатыгездік пен арзан махаббаттың жырын жырлайтын кинолар мен жеңіл-желпі күлкіге құрылған бағдарламаларды, ұятсыз жарнамаларды жоймайынша саналы ұрпақ өсірем деу далбаса! Менің ғана емес, бала тәрбиесіне алаңдайтын көпшілік ата-ананың ойы осы. Жанайқайымызды тыңдайтын құлақ табылса деңіз бірақ. Әй, қайдам... 

 

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ