Путин таққа қайта жайғасты

27.03.2018
Қаралды: 142

Ресейде кезекті Президент сайлауы болып өтті. Ақтық додаға 8 үміткер қатысты. Сайлаушылардың басым бөлігі 2012-жылдан Президент болып келген, өзін-өзі ұсынушы тәуелсіз кандидат Владимир Путинге дауыс берді. Орталық сайлау комиссия­сының мәлімдеуінше, оның кандидатурасын 55 миллионнан аса адам қолдап шыққан. Бұл – жалпы сайлауға қатысушылардың 77 пайызға жуығы.

 

В.Путин Ресей Президенті болып осымен 4-ші мәрте сайланып отыр. 1999-жылы оны Ресей Федерациясының алғашқы Президенті Б.Ельцин өзі мерзімінен бұрын отставкаға кетерінде Президент міндетін уақытша атқарушы етіп тағайындағаны белгілі. Елдегі 2000 және 2004-жылдары өткен сайлауларда Путин жеңіске жеткен. Ал 2008-жылғы сайлауда Дмитрий Медведев Президент болып сайланған болатын. Путин 2012-жылғы сайлауда Президент тағына қайта ие болды. Енді, міне, елдің басшысы қызметіне 4-ші мәрте сайланып отыр. Ел Конституциясына ендірілген толықтыру бойынша, Ресейде Президенттің құзіреттік мерзімі – 6 жыл, яғни В.Путин тақта 2024-жылға дейін отырады.

 

В.Путиннің жасы қазір 66-да. Ол Ленинград қаласында өмірге келген. Ленинград Мемлекеттік университетін, КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Ко­митетінің Жоғарғы мектебін, МҚК институтын бітірген. Заңгер, барлаушы, саясаткер. Әскери шені – полковник. Ол 1975 – 1991-жылдар аралығында МҚК қатарында қызмет еткен. Экономика ғылымдарының кандидаты, самбо мен дзюдодан спорт шебері. Неміс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген.

 

Путин әскери қызметтен босағасын өзі оқыған Ленинград универ­ситетінде, кейін Санкт-Петербург қа­ласы басшылығында жауапты қызметтер атқарған. 1996-жылы Президент Істері басқармасы басшысының орынбасары болып Мәскеуге ауысқан, кейін Федералдық қауіпсіздік қызметін басқарған, Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болған, 1999-жылы Үкімет төрағасы болып тағайындалған. 1999-жылғы желтоқсанда Ельцин оны Президент мін­детін уақытқа атқарушы етіп тағайындаған болатын. Содан бергі уақытта ол Ресейді үздіксіз басқарып келеді десек болады. Яғни Медведев Президент болған 2008 – 2012-жылдары Премьер-министр қыз­метін атқарғанымен де оның ықпалы президенттікінен төмен болған жоқ.

 

В.Путиннің 30 жыл отасқан әйе­лімен 2013-жылы ресми түрде ажырасқаны белгілі. Одан кейін отбасын құрған жоқ. Оның Екатерина, Мария есімді қыздары, олардан туған немерелері бар, олар шетелде тұрады.

 

...Қысқасы, Владимир Путин жер көлемі жағынан әлемде 1-орын алатын, 147 миллиондай халқы бар алып елдің тізгінін ұстау құқын кезекті мәрте иеленіп отыр.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ