Би билеңіз... Сағыз шайнамаңыз

23.03.2018
Қаралды: 631

Қазір әлемнің басқа елдеріндегідей Қазақстанда да артық салмақ дерті белең алып барады. Артық салмақ ересектерді қойып, жас балалар арасында да кең таралуда. Осы орайда диетолог мамандардың айтары бар екен.

 

Мамандар арықтау үшін билеген дұ­рыс екенін айтады. Би – спорт әрі дене мүсінін, төзімділік пен икемділікті қалыптастыратын жаттығу. Ол бұлшық ет­тің қалпын сақтауға ықпал етеді, бұл әсіресе буындары дімкәс адамдарға өте пайдалы. Сондай-ақ би адамның көңіл-күйін көтереді, тамақты сіңіруге кө­мектеседі. Егер артық салмақтан арылуды мақсат тұтсаңыз, би үй­рететін курс­тарға жазылыңыз.

 

Диета ұстауға, уақтылы әрі құнарлы тамақ­тануға өзіңді психологиялық тұрғыдан дайындауға болады. Жаттығу жасап, спортпен айналысып, таза ауада көбірек жүріп, таңертең жүгірген жөн.

 

Мамандар дәрігермен кеңеспей арықтауға арнал­ған дәрі, әртүрлі шайларды ішуге болмайтынын айтады. Өйткені олардың зияны көп. Адам артық сал­мақтан арылу үшін де әуелі ағзасының әлсіз тұс­тарын біліп алуы керек. Кейде семіздік ішкі ор­гандардың бірінің ауруынан да болуы мүмкін. Осыны анықтап алу керек. Арықтаудың жөні осы екен деп бас салып диета ұс­тайтын қыздар да бар. Бірақ диета ұстаудың да өзіндік ерек­шеліктері болады. Осыны есте ұстау керек.

 

Арықтағысы келетін қыз-келіншектер газдалған сусын ішу мен сағыз шайнаудан бас тартуы керек. Күнделікті тағам қатарынан ақ нан мен макарон өнімдерін шектеген тиімді. Негізінен ас қорыту процесін жақсартатын және ағзадан зиянды заттарды алып шығуға көмектесетін жылы су мен түрлі шөп шай ішкен дұрыс.

 

Жеміс-жидектерді тамақтан соң бірден жемеген жақсы. Керісінше жағдайда олар асқазанда бүлі­ніп, газдың пайда болуына жағдай жасайды.

 

С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ