Сіз қандай әйелсіз?

23.03.2018
Қаралды: 416

Әйелдің нашары жоқ, олардың бәрі де отбасы берекесі, жақсы жар, аяулы ана. Қай-қайсысы да осындай болуға ұмтылары анық. Дегенмен өзін барынша жан-жақты жетілдіріп, белгілі бір ережелерді қатып ұстанатын әйелдер болады. Міне, осындай әйелдерге ерлер сырттай «нағыз әйел» деген айдар тағатыны рас. Осы ретте өзіңіздің қандай әйел екеніңізді ойланып көріңізші.

 

Нағыз әйел – ерінің, балаларының арқасүйері, олардың мақтанышы, сүйіктісі, аяулысы, ол бар жерде шаңырақта шаттық мол, ұрыс-керіс, түсініспеушілік деген болмайды. Ол еріне де, балаларына да қамқор.

 

Нағыз әйел өзінің әдемілігін, ұнамдылығын жақсы сезінеді, ол мұны өзгелердің көзіне түсу, ұнау үшін істемейді. Ерінің, балаларының намысына тиер істен аулақ жүреді.

 

Нағыз әйел өзінің қателіктерін сезіне, мойындай біледі. Ол өтірік-өсекке де құмар емес, өзгені тілдеп, мұқатпайды.

 

Нағыз әйел тым көзтартардай киініп, әлем-жәлем боянбайды, аса бұрқыратып иіссу сеппейді.

 

Нағыз әйел ерінің мінезіндегі кемшіліктерді, бас­қа да жайларды жұртқа жария етпейді, оны балаларына жамандамайды.

 

Нағыз әйел балаларына жақсы тәрбие береді, олардың білім алуына, денсаулығына қамқор. Қан­дай да бір қателігі үшін оларды тілдеп, ұрыспайды, ақыл-кеңесін беріп отырады. Олардың алдағы өміріне қажетті жағдай жасайды. Жалпы, нағыз әйел ешкіммен де бет жыртысып, ұрыспайды.

Нағыз әйелдің аузынан адам жиренетін былапыт сөздер шықпайды.

 

Нағыз әйел – жан-жақты жетілген тұлға. Ол үнемі білуге, білімге ұмтылады, балаларына да осыны сіңіреді. Сауатсыздық, надандық – ол үшін жат нәрсе.

 

Нағыз әйел ерінің жақсы қасиеттеріне көзін ашып қарайды, «жамандығын» жасырады. Ол – отбасының асыраушысы ретінде ыстық-суыққа төзетін ерінің шаршап-шалдыққан, күйзелген сәтіндегі «дәрісі» іспетті, оған өзінің сөзімен, іс-әрекетімен үнемі дем беріп отырады.

 

Нағыз әйел тым өркөкірек, тәкаппар, менмен емес, ол адамдарды бөліп-жарып қарамайды. Ол өзін кез келген жағдайда дұрыс ұстай біледі.

 

Нағыз әйел – шаңырақтың шаттығы. Оның үйі қашанда таза, жинақы. Ол тамақтың түр-түрін әзірлей алады.

 

Нағыз әйел – қашан да, қай ортада өзінің орнын, сөйлер сөзін біледі. Екі жақтың туыстарына бірдей қарайды. Ол – жақсы жар, аяулы ана, сүйікті келін, ақылды жеңге, ол жүрген орта қашанда көңілді.

 

...Жалпы, «нағыз әйел» деген теңеуге сыяр ұғым көп. Ал сіздің бойыңыздан осының қайсысы табылып жатыр, қалай ойлайсыз?

 

С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ