92 жастағы ақсақал шөптен дауа дарытады

22.03.2018
Қаралды: 941

Төлеби ауданындағы Кеңесарық ауылында Кертай Баялиев есімді ерекше ақсақал бар. Бүгінде жасы 92-дегі ол кісі науқас адамдарға өзі терген тау шөптерінен шипалы дәрмектер жасап береді. Кертай атаны ауданда ғана емес, басқа жерлерде де көп адам таниды.

 

Қайнымның өтіндегі тасты түсірген еді

 

Менің облыстық әкімдіктегі бір бөлімде істеген Батырхан деген қайным осыдан бес-алты жыл бұрын өтіне тас байланып қатты ауырған еді. Тас кейін «приступ» беріп, оны қаладағы №2 жедел жәрдем ауруханасына жеткізген. Сонда біраз емделген еді. Оған ота жасау керегін айтқандар болған, бірақ ол ота жасатпаған еді. Өйткені Кеңесарық ауылында тұратын Бақыт деген досынан Кертай ақсақал туралы естіген, соған көрінуге тәуекел еткен. Содан қарияға барып, одан шөп дәрі тұнбасын алып ішкесін өтіндегі тастан құтылғаны бар. Яғни арада біраз уақыт өткесін ультрадыбыстық зерттеуден өткенде оның өтінде тас қалмағанын көрген дәрі­герлердің өзі таңқалған екен. Батырхан кейін де біраз жора-жолдастарына осы Керекеңнің шөп дәрілерінен әперіп жүрді деп еститінмін. Сондықтан жасы 90-нан асса да көпшілікке шапағаты тиіп жүрген осы ақсақалға іштей риза болып жүргенмін.

 

Таяуда маған осы Кертай атамен сұхбаттас болудың сәті түсті. Ақсақалмен ұзақ әңгімелесіп, бір жасап қалдым десем болады. Сосын жұрт біле жүрсін деп ол кісіден естіген-білгенімді газетке жазуды ұйғардым.

 

Шөп тұнбасының құны – 2000 теңге

 

Кертай ата бізге тау шөптерімен емдеу тәсілдерін өзінің әжесі Тоқ­сұлудан үйренгенін айтып берді. (Тоқсұлу апа 98 жыл ғұмыр кешіп, 1958-жылы дүние салған екен). Сосын өзінің жасаған шөп дәрілерін қалай сақтайтынын көрсетті. Үйіне келген әрбір адамға сырқатына қарай тау шөпте­рінен тұнба жасап,  оны шыны ыдыстарға құйып, қалай, қай кезде қабылдау керегіне дейін түсіндіріп береді екен. Дәрілік шөп тұнбасының құны бар-жоғы 2000 теңге ғана.

 

«Бұлардың әрқайсысының өз жинау әдісі, өзінің мезгілі болады. Мына шөптерді гүлдеген кезінде жинайды, сосын оны кептіріп, турап, келімен түйіп, әрқайсысын бөлек целлофан қалталарға салып қояды. Олардың аттарын, қайсысы қандай дертке ем болатынын жазып қоямын», – деген Кертай ата өзінің дәріха­на­сындағы ішіне тау шөптері ұқыптап салынған әрбір қалтаны мұқият көр­сетіп, таныстырып шықты.

 

Кертай ата дәрілік шөптерді бір өзі емес, келіндері, немерелері бәрі жабылып тереді екен. Яғни ол кісі кейінгі жастарға да табиғат сырларын түсіндіріп жүр. Олардың да ауырып-сырқай қалса емделуге немесе өз бетімен шөп дәрі жасап ішуге мүмкіндіктері бар. Бұл деген тамаша емес пе?!

 

«Ата, бұл шөптердің қандай дертке шипа болатыны туралы айтыңызшы. Біле жүрейік», – дедім ақсақал­ға. «Бұлардың әрқайсысының өзіндік шипалы қасиеті бар, – деді ол кісі. –  Қан қысымы жоғары, қан қысымы төмен жандарға, қаны азайғандарға, асқазан-ішек жолында кінәраты барларға шипалылары бар. Тіпті аш ішек, тоқ ішек, асқазан жарасына, қант диабетіне дауасы тиетіндері де жоқ емес. Бүйрегі, бауыры ауыратындарға, бүйрегі солғандарға, ба­уыры ісінгендерге, бүйрегінде, бауырында, өтінде, қуығында тасы барларға өз алдына дәрі жасап беремін. Ревматизммен ауыратындарға, аяқ-қолы қақсап, маза бермейтіндерге, жүрек құлақшасының, аяқ-қол бұлшық еттері мен буындарының жұмысы бұзылғандарға берілетін дәрілерім бір бөлек. Сынған сүйектің тез жазылуына әсер ететін шөптер бар. Басы, тамағы жиі ауыратындар, гайморитке ұшырағандар да келеді дәрі сұрап. Самалға ұрынғандарға да (мұрнына құрт түскендер) тиісті дәрі ұсынамын».

 

Басқа облыстардан да адамдар келеді

 

Осынша ауру түрлерін тізбеле­геніне қарағанда Кертай атаға ем­делушілер қатары да аз болмаса керек. Өзімді қызықтырған осы сұрақты қойғанымда: «Күніне бес-алты адам келіп, шөптен жасалған тұнба алып кетеді ғой», – деді жайбарақат.

 

Жасы 100-ді алқымдап отырған адамға күніне бес-алты адамнан келіп, қажетті емін алып тұрса, бұл төмен көрсеткіш емес қой. «Көбіне ауылдастарыңыз, төңіректегі елді мекен адамдары келетін шығар?» – дедім атаға келесі сұрағымды қойып. Ол кісінің жауабы мені тіпті де таңқалдырды. «Шымкенттен, Тараздан, Қызылордадан, Атыраудан, Ақтаудан, Алматыдан, Астанадан, Павлодардан, Өскеменнен, Оралдан да келеді», – дейді Кертай ата. Сосын мені сенбей тұр-ау деді ме, кереуеттегі жас­­тығының жоғары жағынан үлкен журнал алып: «Мынаны оқып көрсең болады», – деп қолыма ұстатты.

 

Атаның журналындағы жазулар 2013-жылдан бастап түскен екен. Адам есімдері, қай жақтан келгені, қандай дертке қатысты шөп дәрі алғаны – бәрі-бәрі тізіліпті. Шамамен 1000-нан аспаса, кем түспейді-ау.

 

«Кей емшілер «Алғыс дәптерін» арнайды ғой, емделгендер соған алғыстарын жазады. Сізде ондай да журнал бар шығар?» – дедім атаға. «Ондай журнал жасау ойға келмепті. Алғысын айтатындар телефоныма хабарласады ғой», – деді ол кісі мені тағы да таңқалдырып. Ақсақал қалта телефонын еркін қолданады екен. Жасы жүзді ал­қымдап қалса да ширақ, қунақы, әзілдеп сөйлеседі, бір айтқаныңды қайталап сұратпайды, құлағы жақсы естиді. Өзі газет-журналдарды да көзілдіріксіз оқи береді екен.

 

Бал арасын өсірумен де айналысады

 

Бұл ерекше қариямен сөйлесе түскім келді. Айтуынша, ол кісіге Шымкенттен, Алматы мен Астанадан және басқа да қалалардан дәрігерлер де барып шипалы шөп тұнбаларын алып тұрады екен.

 

«Енді осы өнеріңізді балаларыңыздан кімге үйретіп жүрсіз? Жолыңызды қуғандары бар ма?» – деп сұрадым ақсақалдан. «Ұлдарымның бәріне де үйреткенмін, бәрі біледі», – деді ол. Сосын қолында тұратын кенжесі Серіктің келіншегі Жанарға көбірек үйретіп жүргенін айтты.

 

Жанар келін Түлкібас жақтың тумасы екен. Атасы үйде жоқ кезде келген науқастарға сырқат түріне қарай шөптен тұнба жасап беретінін айтады.

 

Қариямен қоштасарда ауласынан бал арасының 30 шақты жәшіктерін (омарта) көріп қалдым. Сөйтсем, ол кісі ұзақ жылдардан бері бал арасын өсірумен де айналысады екен. Бұған да бір таңқалдым. Бірақ ол жөнінде әңгімелесуге уақыт тарлық етті. Бұйыртса, тағы бір жолым түскенде сұрап-біле жатармын деп шештім.

 

...Жалпы, Кертай ата – еңбекке жастайынан араласқан, шаруашылықтарда түрлі жұмыстар істеген жан. Орман шаруашылығында еңбек еткен, 1962-жылдан 1999-жылға дейін тауда, «Қорғантас», «Сайрамсу», «Сазан ата» кордондарында қара­уыл болып істеген. Өзінен 10 жас кіші жұбайымен бірге өмірге 5 ұл, 5 қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Бүгінде осы ұрпағынан өрбіген 40 немере, 20 шөбереге сүйікті ата-әже болып отырған жайлары бар.

 

Нәбихан ОРАЗҚҰЛҰЛЫ.

Қасқасу ауылы.

Төлеби ауданы.

 

Кертай атаның байланыс телефоны: 8-771-143-01-86.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ