«Қоңырат қыз» деген ән жұрттың ашуын тудырды

21.03.2018
Қаралды: 525

«Ән – көңілдің ажары» деуші едік. Бүгінгі әндерді тыңдай отырып, әннің ажары да, базары да кетіп барады демеске лаж жоқ. Қазір ән де көп, әнші де көп. Тек есті ән қалмай барады. Өйткені соңғы жылдарда жас әншілердің орындауындағы әндер әнге жұртты елітпек түгілі, безіндіріп барады. 

 

Мәселен, таяуда «Қоңырат қыз» деген ән жарыққа шықты. Азат На­хипов деген жігіттің орындауындағы осы бір ән көпшіліктің ашу-ызасын тудырды. Бұған байланысты белгілі журналист Көсемәлі Сәттібайұлы былай дейді:

 

«Мәриям – Жагор деген орыс қы­зынан» бастап «Өзбек қызы», «Қырғыз қызы», «Дүнген қызы», «Башқұрт қызы», «Татар қызы», «Ноғай қызы» деген жақсы әндер шырқалса сүйсіне тыңдаймын, оған шүбәларыңыз болмасын. Бірақ аз қазақтан бөліп-жарып алып «Қоңырат қыз» деп айтқан әнді естігенде не дерімді білмей қалдым.  «Қоңырат – мен үшін қазақ. Қоңыраттың қызы да, ұлы да – қазақ. Қоңыраттан өсіп-өнген небір қасқалар мен жайсаңдарды мойындаймын, құрметтеймін. Ал  анау «Қоңы­рат қыз» деген «жобаны», кешіріңіз­дер, жүрегім қабылдай алмады. «Дулат қыз», «Ысты қыз», «Шапырашты қыз», «Ошақты қыз», «Арғын қыз», «Найман қыз», «Адай қыз» (т.б.) десе де айтар ойым мен пікірім осы.

 

Өйткені бәрі қосылып, бәріміз қосылып бір қазақ боламыз. Қазақ деген елдің қасиетін жоғалтпайық десек, ендігі жерде әсем әніміздің «басына» да әңгіртаяқ ойнатып, ру-руға, ата-атаға бөлмейікші, айналайындар!»

 

Журналистің желіге жариялаған бұл жазбасына өзге жұрттар да пікір білдірді.

 

Дәурен Мақсұтханұлы: Бұған үзілді-кесілді қарсылық білдіруіміз керек. Бұл жерде елдің бірлігін ойламаған әннің сөзін жазған ақын да, ән жазған композитор да және оны орындаған әнші де сауатсыз жандар демеске лаж жоқ.

 

Омарбек Бейсалы: Осындайда «Көркемдік бақылау» қажет екендігін мойындамасқа лажымыз жоқ.

 

Күлпаш Мусина: Қазақтың түбіне рушылдық жететін болды.

 

Шер Хан: Иә, ­олай ән айту – надандық!

 

Тұрсынбек Тұрапбек: Рушылдық шектен шығып бара жатыр.

 

Шабден Омаралиев: «Найман қыз» деген де ән бар. «Адай қыз» деген де шыққан.

 

Мұхтар Атабек: «Руыңды да, құруыңды да жоқ қылып, жұрттың бәрін тең қылған қайран сол уақыт! Ірі едік, тірі едік, мықтылардың бірі едік. Бүгінгідей майдаланған көп тірліктен мүлдем ада едік. Не боп барамыз?» – дегенді жиі айтады менің бір көршім.

 

...Қысқасы, әлдекімдердің ойланбай (бәлкім әдейі) шығарған «Қоңырат қыз» деген әніне қатыс­ты жұрттың пікірі осындай. Бұл нені білдіреді? Қазақтың ән өнерін талғамсыздықтың, сауатсыздықтың жайлап бара жатқанын білдіреді. Бұлай кете берсек қазақ іштен іріп-шіритіні, өнердің киесі ұрары айдан анық. Тезге салып, жөнге келтірмесек болмайды, ағайын!

 

А. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ