Швейцарияда тұратын қазақ

22.03.2018
Қаралды: 328

Бүгінде білім іздеген жанға жол ашық.  Қайда барса да, қандай мамандыққа оқыса да өз еркі. Міне, осындай мүмкіндікті пайдаланып, Германияда білім алған Руслан Тоқболат бүгінде шетелде, нақты айтсақ, сонау Швейцарияның Цуг қаласында тұрады. Қарапайым қазақ жігіті сондағы үлкен бір мекемеде жұмыс істейді, шетелдіктерге өзінің білімімен, біліктілігімен үлгі болып жүр. Таяуда бізге онымен сөйлесудің сәті түсті.

 

– Руслан, жағдайыңыз қалай? Әңгімемізді өзіңіздің туып-өскен өңірден бастасақ...

 

– Алдымен барша бауырларды Нау­рыз мерекесімен құттықтағым келеді. Жаңа жылда жаңа шабыт пен жаңашылдыққа жол ашыла бергей!

 

Ал енді өзім туралы айтар болсам, мен Қарағанды облысы, Қарқаралы қаласында туып-өстім. Бірақ көпшілікке белгілі ирандық дін қайраткері Бахаулланың: «Жер жүзі – бір мемлекет, ал адамзат – оның азаматтары» деген сөзіне сүйене отырып, «Бәрімізге ортақ планетаның тумасымын» деп айтып отырамын. Себебі қазіргі уақытта, жер-жерге, ел-елге бөлінушілік белең алып тұрған тұста керісінше, бәрін бірігуге, жұдырықтай жұмылуға шақырғым келеді.

 

2011-жылы Германияға оқуға кеттім. Оны тәмамдаған соң Швейцариядан жұмыс істеуге ұсыныс түсті. Содан отбасымызбен осында қоныс аудардық. Негізі оқуды аяқтамастан бұрын Қазақстандағы көптеген халықаралық фирмаларға резюме жібер­генмін. Бірақ ешқандай ұсыныс келіп түспеді. Содан Еуропада қалып, сұраныс бар жерде жұмыс істеген дұрыс шығар деп шештік. Оның үстіне Германияның DAAD дейтін стипендиясымен білім алғандықтан елге оралу шарт болмады.

 

– Сонда қазір қай салада, қандай жұмыс істейсіз?

 

– Мен жұмыс істейтін мекеме «Хербигер концерні» деп аталады. Өндірістік технология саласына қатысты. Сонда қаржы сарапшысы болып еңбек етемін. Жалпы, мен туған елімде, яғни Қазақстанда жұмыс істемегеніме қарамастан, шетелде жүріп-ақ істеген жұмысым әлемнің, соның ішінде Қазақстанның экономикалық әрі материалдық өркендеуіне өз үлесімді қосып жүрмін деген ойдамын. Себебі біздің компанияның өнімі бүкіл әлемге таралатын көліктерде, тоңазытқыштарда, аурухананың медициналық жабдықтарында қолданылады. Осылайша жаһанның қай түкпірінде болмасын адамзат игілігіне жанама үлес қосып жатқанымды сеземін, бұл көңіліме қуаныш ұялатады.

 

– Отбасылысыз ба?

 

– Иә, жұбайым екеуміз Алланың берген ұл-қыздарын тәрбиелеп отырмыз.

 

– Жолдасыңыз жұмыс істей ме?

 

– Ол кісі бала тәрбиесімен үйде отыр. Жалпы, мұнда балабақшаға балаларды тек 4 жастан бастап қабылдайды. Ал әйелдерге декреттік демалыс уақыты тек 6 аптаны ғана құрайды.

 

– Сонда бала тәрбиесімен айналысу үшін жұмыстан шығуға тура келе ме?

 

– Әйел екі таңдаудың бірін жасайды. Яғни 6 аптадан соң баланы ясли-орталықтарға немесе бала күтушіге беріп, жұмысқа шыға ма, әлде 4 жыл бала тәрбиесімен отыра ма – оны өзі шешеді.

 

– Ал шеттен келген кісілерге жағдай жасалған ба?

 

– Мұнда ел тұрғындарының 25 па­йызы шетелдіктер. Сондықтан басқа мемлекеттен келгендерді шеттету, оларды кемсіту сияқты жағдай орын алмайды десе де болады. Жалпы, жұмыс визасын алуға байланысты белгілі бір шектеулер бар, дегенмен жергілікті халықпен бірдей, тең жағдай жасалған.

 

Жалпы, экономикалық дамудың және мәдени, рухани кемелденудің бірден-бір алғышарты әлем азаматтарына есік ашып, олардың бірін-бірі толықтыру арқылы бірлесе қызмет етуіне мүмкіндік жасау болып табылады. Бұл жаһандық үрдіс ешбір елді, соның ішінде Қазақстанды да айналып өтпейді.

 

– Екі елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайы салыстыруға келмес, дегенмен адамдардың өзара қарым-қатынасы, өмір сүру салтына қатысты қандай да бір ерекшелік бар ма?

 

– Мұндағылар өте сыпайы. Тазалыққа аса мән береді. Көшелері айнадай тап-таза. Қыдырып келген туристерден де тазалықты сақтауын қатаң түрде талап етеді.

 

Сосын бұл елде баспана мәселесі аса бір бас ауыртарлық проблема емес. Әсіресе жастар бір жерде тұрақтағанды қаламайды. Екі-үш жыл бір қалада болып, сосын басқа қалаға қызмет ауыстырып, ел, жер көргенді жөн көреді. Сондықтан баспана сатып алғаннан гөрі оны жалдап тұра берген олар үшін тиімдірек.

 

– Шетте жүрген қазақ бауырларымызбен өзара араласып тұрасыздар ма? Құпия болмаса, үйде қай тілде сөйлесесіздер?

 

– Үйде қазақша сөйлесеміз. Қазақ бауырларымызбен де өзара араласамыз. Елге екі жылда бір барып тұрамыз. Бүкіл туған-туыстарымыз сонда болғасын қарым-қатынасымыз үзілген емес.

 

Жалпы, адам шыққан тегіне, нәсіліне қарамастан кез-келген ниеттес жанмен достық қарым-қатынаста болуы керек. Біз осы бағытты ұстанамыз. Балаларымыз адамзатқа деген сүйіспеншілікті жас­тайынан бойына сіңіруі үшін оларға біз: «Бәріміз бір ағаштың жапырақтары, бір бақшаның гүлдеріміз» деп айтып отырамыз.

 

– Алдағы уақытта елге көшіп, жинаған тәжірибеңізді, біліміңізді елге жұмсау жоспарда бар ма?

 

– Дәл қазіргі уақытта ол жағын айта алмаймын. Болашақта, мүмкін... Оны енді бір Құдай біледі.

 

– Ендеше, аман болыңыздар, ойға алған мақсаттарыңыз орындала беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

 

Сұхбаттасқан – С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ