Қолайсыз күндерден қорғану жолдары

20.03.2018
Қаралды: 389

Жыл маусымдарының бір-бірімен ауысқан өтпелі кезеңінде адамға жақпайтын, денсаулыққа кері әсер ететін қолайсыз күндер болады.  Дені сау адамның өзіне жағымсыз әсер ететін ондай күндерді магнитті күндер деп атап жүрміз. Ондайда өзіңізді мазасыз сезінер болсаңыз, дәрігерлердің мына кеңестерін бұлжытпай орындағаныңыз дұрыс.

 

Әр адамның қолайсыз ауа райынан жапа шегетін өзіндік дене мүшесі бар. Ең бірінші соны біліп алып, дәрігерлермен кеңесе отырып, тосын құбылыстарға қарсы оны шынықтыруды қолға алған дұрыс. Бұл мақсатты жүзеге асыруда күнде­лікті дене шынықтыру жаттығуларының алатын орыны айрықша. Мамандардың пікірінше, дене шынықтырумен айналыспас бұрын жүйкеңізді қандай мәселе, іс, жағдай қажытады, соны нақты біліп алған жөн. Сосын оны жоюдың жолдарын іздестіру қажет. Сөйтіп, жүйке жүйесін қалпына келтіру, әсерленгіш дене мүшесін шынықтыру үшін еңбек пен демалысты бір-бірімен ұштастырып, өзіңе шамадан тыс күш түсірмеуге тырысқан жақсы.

 

Тамақты әбден тойғанша жеу дағдысынан арылу да, дене шынықтыруды таза ауада жасау да өте тиімді. Бұл орайда дәрігерлер сергек қимылдар мен таза ауа, онда жаттығу жасауды қан тамырларын шыңдайтын бейімделу меха­низмі санайды. Ағзаны қолайсыз күндер әсеріне қарсы шынықтыруда жаттығулар түрлері, пайдалы талаптар, тиімді тәсілдер көп. Оған әртүрлі су процедуралары, ароматерапия, сылап-уқалау, сезімге ие болу, рухани күшею жатады.

 

Ауа райының қандай жағдайында да таза ауада жаяу се­руендеңіз. Жылы маусымдарда күнге қыздырыныңыз, су процедураларын қабылдаңыз. Таңертеңгілік, кешкілік ыстық-суығы жедел алмасып отыратын душ, ванна (кешкілік) қабылдаңыз.

 

Бұрын таңертеңгілік душ, кешке ванна қабылдап көрмегендер денесін сумен, температурасын бірте-бірте 1-2 градусқа дейін төмендетіп ысқылап, сосын ыстық-суығы алмасып отыратын душқа көшуі қажет.

 

Ұрыс-керістен қашып, қуанышты өмір сүру – адам ағзасының имму­нитетін нығайтады. Уайым-қайғыға салынбаған жөн.

 

Қолайсыз күндерден қан тамырлары түйіліп, қан айналымы бұзылса, ароматерапияны қабылдаған пайдалы.

 

Үйде хош иісті өсімдіктерді өсіріп, олардың жағымды иісін жұту да шипалы. Негізінен тамырдың түйілуін жазуға қазтамақ, лимон, раушан гүлі жақсы жәрдемдеседі.

 

С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ