«Оңтүстік» Оңтүстікке инвестиция тартуда

20.03.2018
Қаралды: 262

«Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы облыс әкімдігімен бір­лесе отырып, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және өңірге ше­телдік инвестицияларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар атқаруда.

 

Оңтүстіккореялықтар технология әкеледі

«Оңтүстік» АИО өкілдері жергілікті серіктестердің шақыруымен Оңтүстік Кореяға жұмыс сапарымен барып қайтты. Мақсат – ынтымақтастықты нығайту және оңтүстіккореялық инвесторларды тарта отырып, облысымыздағы экономика, энергетика, қалдықтарды қайта өңдеу бойынша басым бағыттардағы жобаларды талқылау.

 

Бірінші кездесу «Hyundaі Corporatіon» халық­аралық компаниясында ұйымдастырылды. Кездесу барысында «Оңтүстік» АИО, «Kaz Kіotі» ЖШС, «Daedong Іndustrіal Company LTD» және «Hyundaі Corporatіon» өкілдері тракторлар мен басқа да жабдықтарды өндіру бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін тал­қылады. Алдағы мамыр айының соңына дейін Оңтүстік Қазақстан облысында 75 трактор жинау туралы келісімге қол жеткізілді.

 

Оңтүстік Кореяға сапары барысында аймақтық инвестициялық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Т.Әбілдинов жем-шөп өнді­рісінің технологиялық желісін жеткізу мәселелерін шешу мақсатында «RІNDO» компаниясының басшылығымен кездесті.

 

Сондай-ақ облысымыздағы тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу жобалары талқыланды. Кореялық кәсіпкерлер облысымызға инвестиция салу ниетін білдіріп, 60 миллион доллар көлемінде технология алып келетінін айтты.

 

Үндістан да байланысқа мүдделі

«Ұлы Жібек жолы» елдерімен байланысты кеңейту және ынтымақтастық орнату, сондай-ақ республикадағы іскерлік мүмкіндіктер мен инвестицияларды зерттеу мақсатында «Оңтүстік» АИО сарапшысы, профессор Саттар Мәжитов жұмыс сапарымен Үндістанға барып қайтты. Ол Іскерлік кеңестің жұмысына қатысты. Кеңес отырысында сондай-ақ экономиканың әртүрлі салаларында жұмыс істейтін 30-дан астам қазақстандық компаниялардың және қазақстандық серіктестермен сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды орнатуға мүдделі 100-ден астам үнді компанияларының  өкіл­дері  болды. Екі ел кәсіпорын­да­рының өкілдері «B2B» кездесулерін өт­кізді, ақпарат алмасты, ынтымақтастықтың келешегін тал­қылады.

 

Іскерлік кеңестің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық туралы жаңартылған «Жол картасы», соның ішінде көптеген жаңа перспективалық жобалар қабылданды.

 

Үндістандағы бизнес-ұйымдардың бірлестігі  – Сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясына да сапар ұйымдастырылды. Бұл федерация әртүрлі аймақтық сауда палаталарының 2  миллион 500 мыңнан астам компанияларына жанама мүшелікке ие. Индустриалды бизнес-полюстерін құруға, сондай-ақ бизнесті насихаттауға және желілерді құруға қатысады.

 

Сапар аясында Орталық Азиядағы сарапшылармен Оңтүстік Қазақстан облысында қазақстандық-үндістандық тарихи-мәдени байланыстарды жүзеге асыру саласындағы ғылыми ынтымақтастық туралы кездесулер өткізіліп, келіссөздер жүргізілді.

 

Алдағы уақытта Үндістан өкілдерінің Оңтүстік Қазақстан облысына келуі және аймақ жобаларының жаңа бағыттарына инвестиция салуы жоспарлануда.

 

Муаттар АЗАДОВА,

«Оңтүстік» аймақтық инвестициялық

орталығының баспасөз хатшысы.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ