Өзбек Президенті Абай мұраларын насихаттау жөнінде Жарлық шығарды

20.03.2018
Қаралды: 285

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қазақтың ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының шығармаларын насихаттау жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлықта Абайдың аты мен оның жоғары адамгершілік  құндылықтарын жырлаған әдеби мұрасы тек қазақ хал­қының ғана емес, түркітекті ұлт­тардың, соның ішінде өзбек халқының да рухани даму тарихында өзіндік ізін қалдырғаны туралы айтылады.

 

Өзбекстан Президенті қол қойған Қаулыда: «Халықтар арасындағы достық пен бауырластықты нығайтуға қосқан мол үлесі үшін және біздің елдер арасындағы мәдени-қоғамдық байланыстарды күшейту, жұртшылықты, әсіресе жас­тарды қазақ әдебиеті және өнерімен жете таныстыра түсу мақсатында Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын кеңінен танып, насихаттау жөніндегі ұсыныстарды қуаттау керек», – деген сөздер бар.

 

Бұл Қаулыда осыған қатысты атқарылуы тиіс бірқатар іс-шаралар да атап көрсетілген. Мысалы, баспадан Абайдың таңдамалы туындыларын, «Өзбек-қазақ әдеби байланыстары» тақырыбында әдеби-талдаулар жинағын басып шығару жөнінде көрсетілген. Сондай-ақ Ташкенттегі Низами атындағы Мемлекеттік педагогика уни­верситетінде «Абай және өзбек әдебиеті» тақырыбында тұрақты экспозиция ұйымдастырылатын болады. Сол сияқты, ақынның өмірге келген күні – 10-тамызда оның Ташкенттегі ескерткішіне гүл шоқтарын қою, ескерткіш жанында «Абай шығармаларының білгірі» деген тақырыпта оқушылар мен студенттер арасында шығармалар байқауын өткізу көзделген.

 

Айта кетейік, Ташкенттің орталығындағы «Шайхантауыр» ауданында Абай ескерткіші 2013-жылы бой көтерген болатын. Биіктігі 10 метрге жуық ескерткіш қоладан құйыл­ған еді. Бұдан бөлек, Абай ескерткіштері бүгінде Мәскеуде, Тегеранда, Стамбұлда тұр, Киевте, Берлинде,  Делиде, Каирде қазақ ақынының атында көшелер, Лондонда «Абай үйі» бар. Қазақстанның өзінде жүздеген көшелер, ауылдар, кітапханалар, мектептер, жоғары оқу орындары, мәдениет ошақтары оның атымен аталады, әр қалада дерлік ескерткіштері бой көтерген.

Ал өзбек ағайынның Абайдың есімін ұлықтаушылар қатарынан көрінуі көңілге жылылық ұялатып тұр.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ