Гиннестің рекордтар кітабына енуі мүмкін

20.03.2018
Қаралды: 514

Қырғыз ағайындар өздерінің ұлттық бас киімі – айыр қалпақты қатты қастерлейтіні белгілі. Оған қатысты жылда 5-наурызда «Ақ қалпақ күні» мерекеленеді.

 

1464 кило ет, 117 метр қазы пісірілді

 

Биылғы мейрам қарсаңында қырғыздар бір ауқымды іс-шараны қолға алған еді. Яғни олар 8 жылқының етінен 12 тайқазанға ет аспақ болған. Бұл іс-шараны «Ақ қалпақ күнінде» өткізу жоспарланған болатын. Бірақ кейбір себептерге байланысты ол кешеуілдеп, 10-наурыз күні өткізілді. Бұл күні пісірілген еттің жалпы салмағы 1 тонна 464 кило тартқан, оның ішінде ұзындығы 117 метрге жеткен қазы да бар.

 

Шыңжаңдық қазақтар таңқалдырған еді

 

Ал аса үлкен қазы пісіруден рекордты алғаш рет 2008-жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын ерлі-зайыпты қазақтар жасағаны мәлім. Болат Бейнелұлы есімді азамат әйелі Гүлзат Азанбекқызы екеуі ұзындығы 100 метр, салмағы 1000 кило тартқан қазы пісірген. Оны бірнеше адам жабыла көтеріп үлкен жүк көлігіне әзер артқан болатын.

 

Сол кезде жұртшылық қазақ шеберлерінің осынша ұзын қазыны бір-біріне жымын білдірмей қалай жал­ғағанына таңдай қаға таңқалғаны белгілі. Б.Бейнелұлы оның жымын таба алған адамға қомақты қаржы беретінін айтқанда оңай олжаға кенелгісі келгендер аз болмаған. Бірақ олардың ешқайсысы да соншалықты ұзын қазының бір-біріне жалғасқан жігін айыра алмаған еді. Сол кезде шебер мұндай іске экологиясы таза биік тау жайылымында болған жас жылқының шектері қолданылатынын айтқан болатын.

 

...Қысқасы, қазақ пен қырғыздың ортақ ұлттық асхана мәзірі – қазыға қатысты осындай қызықты жайлар болып жатыр. Айырмашылығы – қырғыздар қазыны «чучук» деп атайды екен. Олардың жасаған чучуктары ұзындау болып шықты, бірақ қытайлық қазақтар жасағандай аса берік болды ма, ол жағын білмедік. Ал жарияланып жатқан деректерде бұл чучуктің енді көп ұзамай әйгілі Гиннестің рекордтар кітабына ендірілуі әбден мүмкін екені айтылып жатыр. Қырғыздар оның басшылығы тарапынан бұған қатысты хат алған көрінеді.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ